БІРЕГЕЙ ҚҰРЫЛҒЫНЫҢ ЖОБАСЫН ЖАСАДЫ

0
257

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Анар Нұрмахан көзі нашар көретін жаяу жүргіншілерге дауысты бағдаршам орнатуды ұсынып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды.

Он бірінші сынып оқушысы Анар жоба жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Дамир Төлегеновпен бірге бірегей құрылғының жобасын жасаған.
Жас өнертапқыштың айтуынша, Талдықорғанда 200-ден астам бағдаршам болса, оның аз ғана бөлігі өткел сигналының дыбыстық сүйемелдеуіне арналған құрылғылармен жабдықталған. Егер мұндай бағдаршамға көзі нашар көретін адам келсе, онда ол қазір қай бағдаршам жанып тұрғанын, қай бағытта жүру керектігін анықтай алмайды.
«Құрылғының ерекшелігі – дауыстық хабарламалар мемлекеттік тілде. Құрылғы күн мен түнді анықтау функциясына ие, ал түнде дыбыс деңгейі 50%-ға азайтады. Сонымен қатар, уақыт аралығын бағдарламалау мүмкіндігін қамтамасыз етеді», – дейді жоба жетекшісі Дамир Төлегенов.
Модуль – дауыс зорайтқышты орналастыратын блок ретінде жасалған. Жасыл сигнал қосылғанда, көшенің атауы туралы дыбыстық сигнал беріледі, содан кейін жасыл сигналдың аяқталуына дейінгі секундтардағы уақыт хабарланады және соңғы секундта СТОП айтылады.
Құрылғыны зерттеу және жобалау барысында Анар 419 583,10 теңге тұратын Triol-M2 сияқты дауысты бағдаршамның ресейлік аналогымен салыстырмалы талдау жасады. Өз кезегінде оқушы жасаған құрылғының құны небәрі 25 000 теңгені құрайды.
Жоба Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен IT-services & Education қоғамдық жастар бірлестігі арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ