ҚАРАТАЛДА ҚАРҚЫНДЫ ІСТЕР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

0
237

Асан Қайғы бабамыз желмаясымен желіп, жер шолып жүргенде «бұта түбі бір табақ ет» деген аңыз әпсана бар. Сол әпсананы Жетісу облысының Қаратал ауданына қаратып айтуға болады. Құмды өңірдің сексеуілі мен жыңғылы, боз жусанды даласы қым-қуыт тіршілікке сұранып-ақ тұр. Төрт түлігін өргізіп, кетпенін көтерген диқан қауымы жылдың төрт мезгілінде бір бел жазбайды. Тарихы тағылымды тамыры тереңге кеткен әулиелер мен әмбиелер мекенінің бүгінгі тыныс- тіршілігі жайлы оқырманға сыр шертпекпіз. Аудан әкімі Ұлан Досымбеков журналистер үйінде ақпарат құралдарымен жүздесіп, Қаратал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің 2023 жылғы қорытындысы, 2024 жылға арналған жоспарымен бөлісті.

Заман ағымына қарай бейімделіп, ауыл шаруашылығын өркендетіп, ел экономикасына сүбелі үлес қосып отырған аудан еңбеккерлерінің еселі еңбегінің басты көзі ауыл шаруашылығы. Кәсіптің қайнар бұлағы да осында жатыр. Төрт түлік мал өсіріп, жер тырмалап, балық аулаумен қоса өндіріс орындарын ашып, аудан халқын жұмыспен қамтып отыр. Аудан әкімі Ұлан Досымбековтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қаратал ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерді толығымен орындаған. Мәселен, аудан бюджетінің кіріс бөлігі немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинау 3 млрд 11 млн. теңгеге жетіп, 133,8%-ға орындалса, шығыс бөлігі 10 млрд 708 млн. теңгені құраған. Ауыл шаруашылық саласында өндірілген өнімнің көлемі 42 млрд 383 млн. теңге, 2024 жылға жоспар бойынша 48,7 млрд. теңге өнім өндіруді көздеуде. Дәнді-дақылдарға қатысты суармалы егістік көлемі 22 мың гектардан асса, облыстағы үлесі 4,3%-ға тең. Егістік алқаптың құнарлығын арттырып, күтіп баптауда әрі заманауи үлгідегі техникалармен қамтылу жағынан аудан бойынша 396,6 млн. теңгеге 34 жаңа ауыл шаруашылық техникалары сатып алынып, техникаларының дайындығы 100%-ды құрады.
Ауданда 112 техника бірлігі бар, күріш (2) және қызылша (4) бағытындағы 6 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді деген аудан әкімі танаптарды суаруға қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды. Егістік алқаптан нәтижелі өнім алу үшін уақытылы су жүйесімен қамтылуы шарт. Бұл бағытта Қаратал және Быжы өзендері, 5 магистральдық каналдар бар. Одан бөлек суару жүйесіндегі каналдардың көлемі: 1770,046 шақырым, оның ішінде: аудан меншігінде – 1541,046 шақырым, республика меншігінде – 229 шақырым болса, облыс басшылығының қолдауымен осы каналдардың ішінде 484,7 шақырым каналдарды қайта қалпына келтіру, реконструкциялау, тазалау жұмыстары 2 кезеңмен жүргізілуде. Жоба құны 13,6 млрд. теңге. Мердігер компанияның жасалған келісім-шарты бойынша жүзеге асуда.  Бүгінгі күнге 45 адам мен 11 арнайы техника жұмыс жасауда. Каналдарды механикаландыру, тазалау, жөндеу жұмыстары аяқталса, қосымша 2 150 гектар егістік жерді игеруге мүмкіндік болатынын айтты аудан әкімі.
2023 жылы жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын Аққайыр каналының 10,5 шақырымын механикаландырылған тазалау, кеңейту және тереңдету жұмыстары жасалды. Оған облыстық бюджеттен 156,4 млн. теңге қаражат бөлінді. Екінші кезекте қалған 21,5 шақырымына механикалық жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ-сы қорытындысы сараптамадан ағымдағы жылдың 19 мамыр күні шығады. Жобаға қаржы бөлінгеннен кейін жұмыстар жүргізіледі. Қаратал өзенінің жағалауын бекіту үшін 2023 жылы Тастөбе, Қаражиде ауылдары маңындағы жағалауды бекіту жұмыстарына 16,6 млн. теңге облыстық резервтен қарастырылып, үш жерден бөгет салынып, өзен арнасы тазаланды. Сонымен қатар, 8-9 ақпан аралығында су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша Қаратал ауданының аумағында «Көктем-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілді. Оқу-жаттығу барысында Қаратал ауданының азаматтық қорғау қызметтерінің 12 құрылымы, сондай-ақ жеке құрамы 114 адам және 54 бірлік техника қатысып, Қаратал өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілгенін, оған мемлекеттік құрылымдардан бөлек жеке кәсіпкерлер тарапынан 50 жүк көлігі жұмылдырылып, 1 250 тоннадан аса қиыршық тас төгілген. Ауданда күріш дақылынан бөлек тәтті түбір 1 106 гектар жерден толығымен жиналып, 37,6 мың тонна өнім қант өңдеу зауытына өткізілген. 2022 жылы 456 гектар қызылша егілсе, 2023 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артып, ағымдағы жылы 1 500 гектарға егу жоспарлануда. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,4 %-ға артты.
«Бүгінгі күні қант қызылшасының тұқымын 71 шаруа қожалықтары 1 096 гектарға 1 521 себу бірлігіне келісім-шартқа отырған. Аудан бойынша 516 тонна тыңайтқыш алынды, бұдан бөлек қосымша 59 шаруа қожалығынан 351 тонна тыңайтқышқа сұраныс берілді. Көктемгі дала жұмыстары үшін 400 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді (наурыз — 100 т, сәуір — 150 т, мамыр — 150 т). Былтыр 1,3 млрд. теңгеге 316 ауыл шаруашылығы субъектісі субсидияланды, 132 млн. теңгеге 28 шағын кредит берілді.
Суды үнемдеу технологиясы, тамшылатып суғару бойынша 380 га 3 шаруа қожалығында жоспарлануда (Олар, Аққар – ЖШС 150га, Бақбол ШҚ – 150га, Ким ШҚ – 80га), – деген аудан әкімі жер мәселісіне жеке тоқталып, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда қарекет жасалғанын, оларды қайта айналымға енгізуде атқарылған жұмыстарды мәлім етті. Жер мәселесі 2022 жылы 74 800 га пайдаланылмай жатқан жер анықталып, оның 20 200 гектары мемлекет меншігіне өтті, 1 900 гектар жер қайта айналымға енгізілді. 6 шаруашылықта мал бастары бірдейлендіру жүйесіне (ИСЖ) тіркелгендігі анықталды. 2023 жылы мемлекет меншігіне 31 185 гектар жер қайтарылып, 111%-ға орындалды, жоспар — 28 мың га болған.
Бұдан басқа анықталған 52 700 га жер иелеріне (106 тұлға) нұсқама берілді, тексеру жүргізу былтыр қараша айынан басталып, 2024 жылдың басынан 18 551 га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 32 га суармалы егістік, 18 519 гектар жайылымдық алқап бар. 2023 жылы 2 конкурс ұйымдастырылып, 41 700 гектар жер берілсе, оның ішінде 41 400 га жайылымдық алқап, 300 га суармалы егістік ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне табысталды. 2024 жылдың 29 наурызында 35 лотты құрайтын 16 870 га жер учаскесі конкурсқа шығарылып, оның ішінде Бәйшегір ауылдық округіне қарасты 1500 га жайылымдық алқап, жер учаскесіне қатысқан азаматтардың құжаттары толық болмауына байланысты конкурс өтпеді. Қалған 34 лотты құрайтын 15 370 га жерге конкурс өткізілді, оның 15 204 га жайылым, 166 га суармалы егістік жер учаскелері жеңімпаздарға ұсынылды», – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Ақпарат өкілдерінің алдында баяндама жасаған аудан әкімі Ұлан Досымбеков ауыл шаруашылығы бағытындағы несие алушыларға және инвестициялық жобаларға қатысты мәліметпен де бөлісті. Онда, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 76 адамның құжаттары қабылданып, жалпы сомасы 413  млн.  800 мың теңге оның ішінде: ауыл шаруашылығы бағытында 72 адам – 386,1 млн. теңге және 4 адам басқа бағыттарда – 27,7 млн. теңгеге несие алған. Ал ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобалар бойынша «USTOBE — Ет» ЖШС Петропавл қаласынан 500 бас қызыл қасқа асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал басын, «Ала — Бота» асылданған мал зауытынан 320 бас ұрғашы тана, 166 еркек тана, 14 бас бұқа әкеліп, бүгінгі күні карантинде тұрған, сонымен бірге құжаттары заңдастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, «Сейдахмет» ШҚ-ның мақсаты – балық өңдеу және балық ұнын өндіру цехын іске асыру бағытында жоба құны 362,2 млн. теңге болатын 30 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда жер телімдерін заңдастыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан экономикасына 2023 жылы тартылған инвестиция көлемі 20 млрд 527 млн. теңге, өткен жылмен салыстырғанда 159 пайызға артып, 2024 жылға 22 млрд 500 млн. теңгеге ұлғайды.
2023 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесінде қолдау алған үш жоба, «Қаратал қожалығы» ЖШС-гі, ЖК «Бекназар» және «GASSOIL MA» ЖШС жанар-жағар май бекеті болса, 2024 жылға инвестициялық картаға 3 жоба енгізілуге облыстық басқармаға жолданғанын айтқан аудан әкімі осы жобалардың арқасында жұмыс орындары ашылып, аудан тұрғындары еңбекке тартылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек ауданда салынып жатқан коммерциялық нысандарға мониторинг жүргізіліп, 2024 жылдың аяғына дейін 1,5 млрд. теңгені құрайтын 15 нысанның іске қосылуы жоспарлануда.
Өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қорытындысы бойынша 5 млрд 357 млн. теңгеге өнім өндіріліп, 2022 жылмен салыстырғанда 140,7 пайызға артты. Өнеркәсіп өндірісі көлемінің облыстағы үлесі 1,7%-ды құрайды. 2024 жылға жоспар 3 млрд 934,9 млн. теңгеге артты деген аудан әкімі шағын және орта бизнес саласында 2 954 бизнес субъектілері жұмыс істейді оның ішінде: заңды тұлға — 148, жеке тұлғалар — 1 412, шаруа қожалықтары — 1 394. Өткен жылмен салыстырғанда, 228 субъектіге артты немесе 8,4 пайызға өсті, нәтижесінде 5 212 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, бөлшек тауар айналымының көлемі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13,4 млрд. теңгені құрады, индекс көлемі 100,6 пайыз. 2024 жылға жоспар 14,7 млрд. теңгеден келе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және талдау мақсатында, күнделікті 19 атаулы әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жүргізілетінін айтты.Баяндама барысында мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету, баспанамен қамту, ауыз су, құрылыс және білім, денсаулық, мәдениет саласында атқарылған жұмыстар тілге тиек етілді.
«Бюджет қаражат есебінен Үштөбе қаласында 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы салынуда, мемлекет қорытындысы бойынша нысан былтырғы жылдан өтпелі. Мердігер құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтамағаны үшін сотқа талап арыз беріліп, сот процестері жүргізілуде. Сонымен қатар, 60 пәтерлі 2 үйдің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп бюджеттік өтінім берілді. Қаражат берілген жағдайда қосымша 7,6 мың ш.м. қосылады. Биылғы жылға кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарды қамтамасыз ету мақсатында Республикалық бюджеттен 50 жеке тұрғын үй сатып алу үшін 882,5 млн. теңге бөлінді. 2023 жылы Үштөбе қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үйлерден 12 пәтер және 10 жаңа жеке тұрғын үйлер сатып алынды. Сонымен қатар, ауданда еңбек етіп кәсібі өрге домалаған демеушілер есебінен 3 тұрғын үйлер және Көкдала ықшам ауданында «Алия Сервис» ЖШС-гі 15 жаңа жеке тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға табысталды» – деп атап өтті аудан әкімі.
Аудан бойынша ауыз сумен нақты 35 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтылғаны да айтылды.
Газдандыру жұмыстары бойынша аудандағы 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. Жоспарланған 19 елді мекенді газдандыру нәтижесінде 2025 жылы ауданның 39 мың тұрғыны немесе 96,8 пайызы табиғи газға қол жеткізе алады. Бүгінгі таңда орындалған жұмыс көлемі 58 пайыз. Үштөбе қаласы бойынша 19,5 мың тұрғын пайызға шаққанда жүргізілген жұмыс көлемі 90 пайыз. Бүгінгі күні ауданымыздың 11 ауылын жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгеге газдандыруды кезең-кезеңімен аяқтау жоспарланған.
Ауданның елді мекендерін жарықтандыру, бұрынғы қираған мекемелерді мемлекет меншігіне қайтару, көшелерді асфальттау, абаттандыру, балалар ойнайтын алаңды жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылып жатқаны да тілге тиек етілді. Сондай-ақ, әлеуметтік сала бойынша аудандағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылы — 5,4%, 2024 жылы жұмыссыздық деңгейі — 5,2%. Бұл бағытта 2300-ге дейін жұмыс орны ашылмақ. Өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және ұйымдардың өз қаражаты тікелей отандық инвестициялар есебінен жүзеге аспақшы.
Білім саласы бойынша ауданда барлығы 57 білім беру ұйымы бар, оның ішінде 8 балабақша (3 мемлекеттік және 5 жекеменшік), 16 шағын орталық, 29 мектеп, (21 орта, 5 — негізгі, 3 — бастауыш мектептер), 2 — колледж, балалар шығармашылық орталығы, оқу-өндірістік комбинаты. Бүгінгі күнге барлығы 1 610 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Өткен жылы білім беру саласында Кәлпе ОМ-ің күрделі жөндеу жұмысы 1 млрд 453 млн. теңгеге жүргізілді. Үштөбе қаласында 1 млрд 600 млн. теңгеге 30 орындық жатақханасы бар 100 орындық колледж құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Заман талабына сай, облыста сұранысқа ие мамандарды даярлауда.
Мәдениет саласында жаңа екі нысан құрылысы бой көтерді. Үштөбе қаласында өлкетану музейі мен Кәлпе ауылында 200 орындық мәдениет үйі және спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың есебін мәлім етті аудан басшысы.
Денсаулық сақтау саласында өткен жылы Көкпекті ауылында блокты модульді құрылғыдан медициналық пункттің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Ағымдағы жылы дәл осындай құрылғы Кішітөбе мен Сарыбұлақ ауылдарында салынбақшы екен.
2023 жылы аудандық аурухананың «А блогына» 409,6 млн. теңге және «В блогына» 255,2 млн. теңге қаражат қарастырылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Баяндама барысында аудан әкімі қоғамдық қауіпсіздік бойынша ішкі істер органдарында тіркелген қылмыстар жайлы, жол-көлік оқиғасы жайын да айтты.
«Қаратал күндіз күміс түнде алтын» деп жырлаған халық ақыны Темірғали Рүстембеков айтқандай: «Балқаш пен Қаратал» өзенінің бойын мекендеген шаруалардың қам-қарекеті жайлы аудан әкімі Ұлан Досымбековтың ақпарат құралдары алдында жасаған баяндамасынан ауданда экономикалық көрсеткіштің қарқынды дамып жатқанын естіп, көңіліміз марқайып қалды. Өйткені,қала халқын азық-түлікпен қамтып отырған да ауыл еңбеккерлері емес пе?

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ