ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ІСТЕР

0
216

Жетісу облысы, Талдықорған қаласында орналасқан журналистер үйінде Ескелді ауданының әкімі Е. Ахметовтің баспасөз өкілдерімен бирифингі өтті. Баяндама жасаған аудан әкімі тек ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстар жайлы сөз сөйледі. Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері мен ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне орай атқарылған жұмыстарды мәлім етті. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдаланудың маңызына орай жер шаруашылығымен айналысатын шаруаларға қолдау көрсету, заманауи технологияны қолдануды, тыңайтқыштардың қолжетімді болуын және өнім өңдеу ісін жақсарту бойынша есеп берді.

Аграрлы аймақ Ескелді ауданында барлық жер көлемі 399 961,8 гектарды құрайды. Оның ішінде 53 312,8 га егістік, 372 га көпжылдық екпелер, 9 073 га шабындық, 162 039 га жайылымдық, 29 854 га басқадай жерлер. Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде қажетті тұқым мен минералды тыңайтқыш және дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша өтінім қабылдануда.
Биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 31,9 мың гектарға себілді. Қант қызылшасы жоспар бойынша 2 073 гектарға себілді. Тұқымға сұраныс 2 073 га берілді. Жалпы ауданда былтыр 134 мың тонна тәтті түбір жиналды, биыл да осындай көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарлануда. Өткен жылы зауытқа өткізілетін қант қызылшасы субсидиясын ұлғайту нәтижесінде бағасы 30 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар, Көксу қант зауыты тарапынан тасымалдау шығыны тоннасына 1000 теңгеден өтелді, – деген аудан әкімі Е.Ахметов ауданда 1 957 шаруа қожалық барын, оның ішінде мал шаруашылығымен 502 қожалық айналысатынын айтты. Суармалы жерлерді суғару үшін 469 км канал тартылған. Ішкі шаруашылық каналдарының ұзындығы 568 км құрайды. Суды үнемдеуге байланысты ауданда 8 ауыл шаруашылығы суармалы жерлерге арналған 13 дана жаңбырлатып суғаратын катушкаларды (877га) орнатты. Биылғы жылы 100 га жер учаскесіне 2 дана жаңбырлатып суғаратын фригаттар сатып алынып, қолданысқа енгізілуде. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту жоспарымен биыл 14 дана техника алынды. Мал шаруашылығы бойынша үш айда ауданымызда мал санының өсімі байқалады. Қазіргі кезде мал төлдету науқаны қарқынды жүруде.
Аудан бойынша барлығы 98 мың аналық мал басы тіркелген. Оның ішінде қой мен ешкінің аналық басы 73 мың. Жоспар 73 мың төл алу. Бүгінгі күнгі 64 мың төл алынды. Бұл дегеніңіз 87,8 пайызды құрайды. Ірі қара малының 17 600 аналық басы тіркелген. Жоспар 14 мың төл алу, оның 13 400 төлі алынды. 35,1 пайыз орындалды. Жылқының 7 300 аналық басы тіркелген, 5 400 құлын алу жоспарланған. Бүгінгі таңда 5 600 құлын алынып жоспар 102%-ға орындалды. Сүт өндірісінде ауданда 9 сүт фермасы жұмыс жасауда. 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бойынша 6 648 тонна сүт өндірілді. Ет бағытында 3 мал бордақылау алаңдары бар (1 700 басқа арналған). 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бойынша 2 100 тонна ет өндірілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына 2024 жылдың бірінші тоқсанына тартылған инвестиция көлемі 215,5 миллион теңге, – деген аудан әкімі Е. Ахметов «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 2023 жылы «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына Ескелді ауданынан 62 өтінім беріліп, 47 өтінім мақұлданып, 277,6 миллион теңге берілгенін тілге тиек етті.

Айтақын Мұхамади


ПІКІР ЖАЗУ