ДӘРІГЕРЛЕР 31 ЖАСТАҒЫ ЖҮКТІ ӘЙЕЛДІ ҚҰТҚАРДЫ

0
218

Геморрагиялық инсульт – ауыр мүгедектік жағдайына алып келетін ауру. Инсульттің бұл түрі ер адамдар арасында жиі кездеседі, бірақ көп жағдайда одан әйелдер қайтыс болады. Алайда бұл аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші өте жоғары. Алғашқы 30 күнде миына қан құйылған пациенттердің 35-50 пайызы көз жұмады. Ал жүкті әйелдерде геморрагиялық инсульт қаупі жоғары болады. Көптеген адам инсульт белгілерін, соның ішінде бас ауруы, бас айналу немесе қолдың шаншуын жүктілікке қатысты деп қате қабылдайды.

Геморрагиялық инсультпен өте ауыр жағдайда Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына түскен 31 жастағы жас әйелдің өмірін сақтап қалу үшін аурухананың невропатолог, нейрохирург, акушер-гинеколог, кардиолог, реаниматолог, реабилитолог және сәулелік диагностика бөлімшесінің қызметкерлері бір айдан аса уақыт аянбай күресті.
Талдықорған қаласының 31 жастағы тұрғыны Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына гемморагиялық инсультпен, кома жағдайында түсті. Мамандар шұғыл түрде мультидисциплинарлық дәрігерлік консилиум құрды. Консилиум шешімімен екі күрделі операция жасалды. Жүктіліктің 25 аптасында болған әйелдің өмірі үшін медициналық мекеменің дәрігерлері 44 күн бойы күресті. Жетінші күні қарқынды терапия негізінде пациентте оң динамика байқала бастады. Яғни, науқас есін жиып, гемодинамикасы тұрақтанып, өкпені жасанды желдету аппаратынан шығарылды, – деді аурухана директоры Асқар Садықов.
Әрі қарай, жұмысқа 24 күнге созылатын жүкті пациентке арналған жеке бағдарлама әзірленген көпсалалы оңалту тобы қосылды. Бүгінгі күні емдеуден кейін неврологиялық симптомдар қалпына келтіріліп, науқас ауруханадан үйіне шықты.
Егер бетте, қолда немесе аяқта, әсіресе дененің бір жағында кенеттен әлсіздік, шатасып сөйлеу, бас айналу, тепе-теңдікті жоғалту, себепсіз қатты бас ауруы гемморагиялық инсульт белгілерін байқасаңыз, дереу «жедел жәрдем» шақырыңыз.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ