ШАҺАР БАСШЫСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

0
96

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жас спортшылар мен адам жанын ажалдан арашалаған азаматтарды қабылдады.

Кездесуде шаһар басшысы жүрекжарды тілегін білдірді.
«Адам өміріне араша түсіп, оған бей-жай қарамай өз өмірін қауіп-қатерге салып, азаматтық танытып жүрген жандардың игі істері әрқашанда құрметке лайық. Осылай ерлік көрсеткен батыр балаларымыздың ата-аналары сіздердің саналы ұрпақты тәрбиелеудегі үлестеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Бейбіт күнде көк туымыз желбіреп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» – деген ол Әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2024 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әмбебап жекпе-жектен ерлер арасында Азия чемпионатының жеңімпазы Дамир Жақсыгельдинов пен оның бапкеріне Алғыс хат тапсырып, бағалы сыйлықпен марапаттады. Сонымен бірге «Жетісу» футбол орталығының ойыншысы, бес жасар Мансұр Жұмабекке де арнайы сый-сияпат көрсетті.
Кездесуде Талдықорған қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының инспекторы Санат Серікқалиұлы және №5514 әскери бөлімінің қызметкері Әлішер Асылбеков, 125 ҰБТ мектебінің 11-сынып оқушысы Жасұлан Тоқтарбек пен №8 мектептің 10-сынып оқушысы Арби Шаймерден суға батқан қала тұрғындарына қол ұшын созғаны үшін, 5-сынып оқушысы Мейіржан Есенұлы, 8-сынып оқушысы Бекжан Барманбеков, 9-сынып оқушысы Диас Әділхан, 6-сынып оқушылары Ерасыл мен Нұрасыл Тұрсынға да бір отбасын өрттен аман алып қалғандары үшін Алғыс хат берілді.

Г. ЕРМҰХАНҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ