29 САНИТАРЛЫҚ АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

0
162

Талдықорған қаласының орталық алаңында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі 12 медицина ұйымына 29 санитарлық автокөлік кілтін табыстады.

Санитарлық автокөліктерді тапсыру салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы облыстық денсаулық сақтау саласын қолдау мақсатында өткен жылы да осындай 29 жедел жәрдем көлігі берілгенін атап өтті. «Алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға қолдау көрсетуді бұдан әрі де жалғастыратын боламыз. Өйткені халықтың денсаулығын сақтау, медициналық қызметті дер кезінде көрсетуге жағдай жасау, оның қолжетімділігі мен сапасын арттыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі», – деген облыс басшысы ағымдағы жылы қазіргі заманғы медициналық жабдықтар алуға жергілікті бюджеттен 4,0 млрд. теңге қарастырылғанын тілге тиек етті.
Жаңа автокөліктің кілттері аудандық орталық ауруханаларына табысталды. Атап айтқанда, Ақсу ауданына – 3, Алакөл ауданына – 3, Ескелді ауданына – 3, Кербұлақ ауданына – 3, Көксу ауданына – 3, Панфилов ауданына – 3, Сарқан ауданына – 4, Қаратал ауданына – 3, Талдықорған қалалық емханасына – 1, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына – 1, облыстық көпсалалы клиникаға – 1, облыстық фтизиопульмонологиялық орталыққа – 1 автокөлік берілді. Санитарлық автокөліктерді сатып алу үшін облыс бюджетінен 750 млн. теңге қаржы бөлінген.
Биыл облыс аумағында 94 медициналық нысан іске қосылады, оның 59-ы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде берілсе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту үшін ауылдық жерлерде 27 блокты-модулді нысан тұрғызылады.
Бір ай бұрын 12 маусымда Денсаулық сақтау министрлігі және «ҚазақМыс» компаниясы арасында жасалған үшжақты меморандумға сәйкес облыс орталығында жаңа заманауи онкологиялық орталық салынады деген келісім жасалған. Оның құрылыс жұмыстары алдағы екі жылда бітеді деп жоспарланған, – деді Б. Өксікбайұлы.
Шалғай ауылдарға дәрігерлік қызметке келген мамандарды қолдау үшін республика аумағында алғашқылардың бірі болып медицина мамандарына 10 млн. теңге көлемінде, қалалық жерге келгендер үшін 5 млн. теңге көлемінде бір реттік көтермеақы беру басталды. Бүгінге дейін Алакөл, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласына келген 5 маман көтермеақы алып үлгерді.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ