«ТӘУЕЛСІЗ ЖАСТАР АЛАҢЫ»

0
1332

Халықаралық жастар күніне орай «Қоғамдық даму басқармасы» ММ және «Жетісу Жастары» КММ ұйымдастыруымен «Тәуелсіз жастар алаңы» атты республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында өткен сайысқа еліміздің әр өңірінен 20 команда қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Түстікбаев жылы лебізін білдірді.
«Облысымызда пікірсайыспен айналысып, жоғары жетістікке жеткен азаматтар аз емес. Оның бірі – Болат Керімбек. Қазіргі таңда мәжіліс депутаты. Жетісу облысы пікірсайысының жарқын бір түлегі деп айтсақ болады», – деген ол пікірсайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Пікірсайыс турниріне 50-ге жуық жас келді. Америкалық формат түрінде өткен сөз сайысында жастар қоғамда белең алған лудомания, нашақорлық, жемқорлық, алаяқтық сынды дерттен арылудың жолдарын қарастырды. Қоғамдағы өзекті мәселелерден бөлек, мәдениет, өнер, білім салалары да назардан тыс қалған жоқ.
Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды Алматы облысы «Ескелді би» командасы иеленіп, 500 мың теңгені олжалады. Ал жүлделі 2-орын және 300 мың теңге ақашалай сыйлық Астана қаласының «Адамгершілік» командасына бұйырды. Үшінші орынға алматылық «Мастер класс» командасы лайық деп табылып, 150 мың теңгенің сертификаты бұйырды. Турнирде Шыңғар Қазырхан «Үздік спикер», Еркежан Ардашқызы «Үздік төреші» номинациясын жеңіп алды. Оларға 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ