KAZENERGY ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АЭС ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

0
157

Қазақстан энергетика секторының одан әрі дамуын айқындайтын маңызды шешімнің табалдырығында тұр. АЭС салу мәселесі ел дамуының маңызды аспектісі болып табылады.

АЭС сенімді энергия көзі болып табылады, жоғары тиімділікке және базалық жүктеме режимінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие, бұл генерация құрылымын әртараптандыруға, бірыңғай энергетикалық жүйенің жұмысын жақсартуға және елдің энергия қауіпсіздігін едәуір нығайтуға көмектеседі.

Атом энергетикасын елдің энергия теңгеріміне енгізу қазба көздеріне тәуелділікті азайтуға және атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді және Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына сәйкес елдің климаттық тәуекелдерді төмендету жөніндегі күш-жігеріне елеулі әсер етеді.

Атом энергетикасы — бұл ғылым мен білімнің дамуына ықпал ететін жоғары технологиялық сала. Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін айтарлықтай технологиялық әлеуетке ие. Елде ядролық реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталған, ядролық отынды шығару өндірісі бар, белгілі ғылыми-зерттеу мекемелері жұмыс жасайды. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық пен Алматыдағы ядролық физика институтының ғалымдарының бірегей зерттеулері еліміздің тыс жерлерінде белгілі және оларды атом станцияларын пайдаланатын елдер жоғары бағалайды.

Қауіпсіздік тұрғысынан құрылысқа жоспарланған атом электр станциялары қауіпсіздік пен тиімділіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін 3+ буынды реакторлармен жабдықталатын болады. Бұл реакторлар ең озық технологияларды, соның ішінде пассивті және белсенді қорғаныс жүйелерін пайдаланады, бұл апат қаупін азайтады және жоғары қауіпсіздіктің кепілі болып табылады.

Біздің елімізде толыққанды атом державасы болу үшін барлық алғышарттар бар: біз уран өндіру бойынша танылған әлемдік көшбасшы болып табыламыз, Қазақстанның аз қуатты зерттеу атом реакторларын қауіпсіз пайдалануда табысты тәжірибесі бар, еліміз Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттігі — МАГАТЭ-нің мүшесі болып табылады. Сол МАГАТЭ-нің тәуелсіз бағалауы бойынша Қазақстан АЭС құрылысын бастау және одан әрі пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымға ие.

Қазақстанда АЭС салу энергетикалық тәуелсіздікке және тұрақты дамуға қол жеткізудегі стратегиялық маңызды қадам болып табылады. Бұл шешім елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, адами капиталдың дамуына, ғылым мен өнеркәсіптің дамуына, жаңа жоғары технологиялық кәсіпорындардың құрылуына үлкен серпін береді және экономикаға мультипликативті әсер етеді.

KAZENERGY қауымдастығы Үкіметтің Қазақстанда атом станциясын салу туралы бастамасын қолдайды.


ПІКІР ЖАЗУ