ДИРЕКТОР, МҰҒАЛІМ ЖӘНЕ ОҚУШЫ

0
790

«Алты-Алаш түгел жыйылса төрдегі орын мұғалімдікі» – деп айтқан Мағжан Жұмабаевтың өсиеті бүгінгі қоғамда жүзеге аспай тұр. Мұғалім де, мектеп басшысы да отырса опақ, тұрса сопақ болды. Ата-ана мен бала арасындағы тәлім-тәрбие алшақтаған соң бәріне мұғалім мен мектеп басшысы жауапты болып қалды. Сонымен қатар, балаға тәртіп үшін зекіп, ұрса оны желіге жариялап жіберу, мұғалім мен мектеп басшысына дүрсе қою қалыпты жағдай болып кетті.

Мектептерде ер балалар түгіл қыздар арасындағы төбелес өрбіген. Талай бейнежазба елдің жағасын ұстатты емес пе? Оқу жылы басталмай жатып Ақтөбе облысындағы Темір ауданы, Қопа ауылында 9-сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары жабылып ұрған, жанжалдан бір бала қайтыс болды. Бұл үлкен трагедия. Мұндай жағдай елімізде бірінші рет болып тұрған жоқ. Ол аздай, мектеп ауласына кіріп кеткен педофилдердің де қолға түскені бар. Осындай оқиғалардан кейін білім министірлігі мен прокуратура, тәртіп сақшылары жұмылып, даладағы әжетханаларды мектеп ішіне көшіруге әрекет жасалды. Барлық жерге бақылау камералары орнатылуды талап етті. Енді, міне, сол бақылау камералары мектеп басшыларының іс-әрекетін әшкерелеуде. Атырау облысында мектеп дәретханасына камера қойған директор сынға ұшырады. Мектеп директорына қатысты тергеу басталды деген жаңалық әлеуметтік желіге тарады. Қызылқоға ауданының мектебінде ерлер дәретханасына бейнебақылау қойып, оқушыларды қатаң қадағалау идеясы ата-аналарға ұнамай қалыпты. Мектеп басшысы дәретханада болатын ұсақ бұзақылықтың алдын алу үшін және оқушылардың құқығын қорғау үшін бейнебақылау орнатылғанын айтады. Алайда, дәретханға қойылған бейнебақылау тексерістен кейін алынып тасталған. Осыдан кейін тәртіп қадағалауды қолға алған мектеп басшысы жазықты болып шықса, «отырса опақ, тұрса сопақ» демей немене? Жаңа оқу жылы бастала салысымен мектептің быжығы мен шығы елдің назарын өзіне тағы аударды. Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Тереңөзек ауылына барған бақсының іс-әрекетінен кейін тексеру басталып, Жамбыл атындағы мектеп директоры қызметінен кетті. Жетісу облысы Талдықорған қаласында оқушы мектепке макияжбен келіп, кейін оны сүртіп тастауға мәжбүр болған. Директор қызға жөнсіз тиісті деп айыпталған. №6 Макаренко атындағы орта мектептің директоры әр оқушыдан мін іздеп, жөнсіз тиісе беретіні туралы видео тарап кетті. Жазбада Макаренко атындағы орта мектептің директоры болмашы әр нәрсеге қадалып, балалардан мін іздейтіні айтылады. Бұған қатысты Талдықорған қаласының білім бөлімі бірден жауап берді: «2024 жылғы 3 қыркүйек күні сағат 8:10 шамасында мектеп директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары сабаққа балалардың қатысуы, себепсіз келмеген балаларды анықтау, мектеп формасына қойылған талаптарды реттеу мақсатында сыныптарды аралаған. Аралау барысында 9-сынып оқушысына косметиканы асыра қолданғаны туралы ескерту жасалып, сүртіп тастау ұсынылды», – дейді білім бөлімі. Сонымен қатар, білім бөлімінің берген ақпаратында оқушы бірінші қабаттағы қол жуғышқа бетін жуып тұрғанда мектеп директоры бетінің су екенін көріп, оқушыға жақындаған. Осылайша оқушы директордың бет сүртетін сүлгі (салфетка) ұсынып жатқан жерін өзінің TikTok-тағы парақшасына жариялап жіберген дейді. Міне, пардокс. Мектеп басшысы, мұғалім қазір оқушылардан қорқатын болды. Себебі оқушыға ұрысса, тіпті жай ғана ескерту айтса да әлеуметтік желіге тарап, жұлдызға айналып шыға келеді. Жақсы қырынан шығып жатса қуаныш әрине. Бірақ мұғалімді, мектеп басшысын сүйкімсіз қылып көрсету жастар арасында тренд болып бара жатқандай. Беделі жылдан-жылға төмендеп бара жатқан мұғалімдердің ішінде де теріс қылықтарымен атағы жер жарып жатқандар да баршылық. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітіпті» дегендей, мектепке жалған дипломмен жұмысқа кіріп, аяғында жасаған қылмыстары әшкере болып, жұмыстан қуылғанға дейін бюджеттен алған ақшасын қайта құсып жатқандар қамқа тонға сіркелеген биттей өріп жүр. Бұларды ары таза мұғалім деп кім айта алады? Мектептегі білім сапасын түсіріп жатқандар да осылар емес пе? Мәселен, Түркістанда 500-ге жуық мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп келгенін құзырлы органдар анықтаған. Мұны тамыз конференциясында облыс әкімі айтқан болатын. Мұндай келеңсіздіктен республиканың барлық білім ошақтары кенде емес. Тіпті директор мен жұмысшылар арасындағы дау президент әкімшілігіне дейін жетіп, шағымдар қаралғанын Түркістан облысының әкімі дәстүрлі тамыз коференциясында тілге тиек еткен-ді. Жалған диплом жайлы Жетісу облысында анықталған фактілерге қатысты бұдан бұрынғы шыққан мақалада жазғанбыз. Жалпы білім саласына қатысты оның ішінде мұғалімнің мәртебесі туралы реформалар жаңарып, жаңғыруда. Мектеп басшылары туралы да тың өзгерістерді көріп отырмыз. Бұрынғыдай бір орында 10-20 жыл отыратын қағида келмеске кетіп, қазір әр бес жыл сайын ауысып отырады. Содан мұғалім мен кейбір мектеп басшысының арасында түсінбестік туындап, себепсіз жұмыстан қуылып, сотқа жүгініп жүрген мұғалімдер де бар. Білім басқармалары мен қалалық, аудандық білім бөлімдеріне өкпесі қара қазандай мұғалімдер де жетерлік. Мәселені алыстан орағытып отырған себебіміз мұндай келеңсіздіктен Жетісу облысының мұғалімдері ада болсын деген оймен жазып отырмыз. Алайда, Алматы облысының құрамында болғанда Кербұлақ ауданында мұғалім мен директордың бас араздығы сотқа дейін жеткен-ді. Міне, осындай оқиғаның бірі Астана қаласында көрініс тапты. Тарих пәнінің мұғалімі білім басқармасын сотқа беріп жеңіп шықаны туралы «Aikyn.kz» хабарлаған болатын. Даудың басы – тарих пәнінің мұғалімі өзіне «мұғалім-модератор» санатын беруден бас тартқан қалалық Білім басқармасымен соттасқан. Заңдық тұрғыдан қателік жіберген Астананың Білім басқармасы жұмыс өтілі жеткіліксіз деген желеумен тарих пәнінің мұғаліміне «мұғалім-модератор» санатын беруден бас тартыпты. Олар педагогтарды аттестаттау бес жылда бір реттен кем емес өткізіледі деген негізде мұғалімнің өтінішін қабылдамаған. Ұсынылған еңбек кітапшасына сәйкес талапкердің мұғалімдік өтілі 5 жылға жетпейді делінген. Осыдан кейін тарих пәнінің мұғалімі өз құқығын қорғап сотқа жүгініпті. Азаматтық істе сот жүйесі, педагог қызметкерлерді аттестаттау қағидалары мен шарттарына сәйкес біліктілік санатын беруге педагогикалық еңбек өтілі екі жылдан кем емес адамдар өтініш бере алатынын анықтаған. Ал шағымданушы тарих пәні мұғалімінің екі жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар болып шыққан. Тағы да парадокс! Білім басқармаларында, білім бөлімдерінде бір-бір заңгер отыр. Екі жылдық еңбек өтілі бар мұғалімнің «мұғалім-модератор» болуға құқығы бар екенін сол отырған заңгер неге білмеген деген сауал туындайды. Сәйкесінше сотта керісінше, Аттестаттау комиссиясының хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған, сөйтіп істі мұғалімнің пайдасына шешкен. Міне, оқу жылы басталмай жатып дау-дамайдан басы арылмайтын білім саласындағы олқылықтар осындай. Яғни білім саласының қызметкерлері, әсіресе, мектеп басшылары мен мұғалімдер қанжардың жүзінің үстінде жүргендей. Мектеп ауласында болып жатқан жантүршігерлік оқиғалар қоғамды қатты алаңдатады. Сондықтан мектеп басшысы, мұғалім талап еткен тәртіпке оқушы да мойынсыну керек. Үйде ата-анасы баласының тәрбиесіне жете мән беріп, ұстазға құрметпен қарауды талап етуі тиіс. Ал мұғалім мен мектеп басшысы арасында береке-бітім болмаса ол мектептен жетістік күтудің өзі күпірілік! Директор және мұғалім жұдырықтай жұмылуы тиіс. Егер мұғалім сын немесе ұсыныс айтса мектеп басшысы онымен жауласудан бұрын мәселенің шешілу жолын заңды тұрғыда қарастырса екі жақ та ұтылмас еді. Шала шешімнің арты өпке ренішке ұласып, сот табалдырығын жағалап жүрген мұғалімге де, директорға да абырой әпермейді. Жалпы, оқушылардың қолындағы ұялы телефон сабақ басталар кезде мектепте арнайы жәшіктерге салынып, оқу аяқталған соң қолдарына берілуі керек. Олай болмаса жоғарыдағыдай «тик-токқа» жария болып кеткен ақпараттар ағыны тоқтамайды.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ