ЖЕТІСУДЫҢ ЖОЛДАРЫ МЕН КӨПІРЛЕРІ МИНИСТРДІҢ БАҚЫЛАУЫНДА
Жетісу облысына жұмыс сапарымен ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев келді. Оқушылар сарайында азаматтарды қабылдаған министр облыс тұрғындарының көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, салаға қатысты мәселелерді жіті қарайтынын жеткізді.
Бірден сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде ведомство басшысы министрліктің құзыретіне кіретін және осы өңірге қатысты сұрақтарға барынша ашық жауап берді. Шараны облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов жүргізді. Кездесу барысында өңірдің көлік инфрақұрылымының өзекті мәселелері талқыланып, оларды шешу жұмыстары белгіленді.
Шараның басында министр Марат Қарабаев 2023 жылдың наурыз айында өткен кездесуде халық көтерген мәселелердің шешімін айтты. Атап айтқанда, Сарыөзек-Көктал жолының 45-68 км учаскесінде күрделі жөндеу, ал 68-113 км учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «ALACEM» цемент зауытына айналма жолда әзірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жолдың бүлінуіне жол бермеу үшін осы Кербұлақ ауданында екі жерде зауытқа және одан шығатын ауыр жүк машиналарында артық салмақты бекіту үшін автоматтандырылған өлшеу құралдарын (АСИ) орнатуды жоспарлап, жұмыс атқарылып жатқанын да тілге тиек етті.
Шынымен де облыстың аудандары мен ауылдарының жолы жүк көліктерінің шектен тыс ауыр заттарды тасымалдауынан орнынан қозғалып кетеді. Министр осы мақсатта жоғарыда аталған жүк машиналарында артық салмақты бекіту үшін автоматтандырылған өлшеу құралдарын (АСИ) қойып қана шектелмей, жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған жерлерге арнайы камера да орнатылатынымен бөлісті.
Бұдан басқа, ағымдағы жылдың соңына дейін Талдықорған-Қалбатау-Өскемен (762 км) автомагистралінің құрылысы толығымен аяқталады деп жоспарланған. Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай автожолын қайта жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бұл жұмыстар үшін республикадан қажетті қаражат толығымен бөлінген. Аталған жұмыстарға қосымша тағы 15 млрд. теңге жұмсалды. Оған облыс әкімдігі 5 млрд. теңге бөлді, ал келесі жылы тағы 10 млрд. теңге қарастырылып, жоба аяқталады.
Сондай-ақ, 15 апатты көпірдің 5-іне әкімдік өз есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал қалған көпір жұмыстарына ЖСҚ дайын, республика алдағы жұмыстарға 500 млрд. теңге қаражат бөлмек.
Бір сөзбен айтқанда, министр атап өткендей, 1,5 жылдың ішінде өңірден келіп түскен барлық мәселелер шешілді. Кейін екі жақты сұрақ-жауап өтті. Онда облыс тұрғындары Еңбекшіқазақ ауылы мен Көксу ауданының Айнабұлақ станциясындағы темір жол өткелдерін ашу, Қаратал ауданындағы Балқаш көліне, Бұрхан бұлақ сарқырамасына және Қабанбай-Көктұма учаскесіне апарар жолдарды жөндеу, Лепсі теміржол вокзалын жаңарту мүмкіндіктеріне қатысты біраз мәселені айтып, ой-пікір алмасты. «Қорғас-Шығыс қақпасы» автожолын ҚазАвтоЖол балансына беру, қыста жолды тазалау үшін Алматы-Өскемен тас жолына қосымша арнайы техника бөлу және т. б. жағдайлар да талқыланды.
Жетісу облысындағы атап айтар жаңалықтың тағы бірі Үшарал қаласында орналасқан әуежайда жаңа терминал салыну қолға алынған. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев:
– Құрылыстың екі нұсқасы қарастырылуда: біріншісі — ғимараттарды келу және кету аймақтарына бөле отырып, қолданыстағы терминалдың жанынан шағын терминал салу. Екіншісі – бірден үлкен терминал салу. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін талдап, әзірлеуде. Маған екінші нұсқа ұнап тұрғанымен, бұл жұмыс ұзақ уақытты талап етеді. 2 жылға жуық құрылыс жұмыстары мен құжат жасау қажет. Ал бірінші жағдай бойынша шағын терминал орнатар болсақ келесі 2025 жылы жұмыстары аяқталып, қолданысқа беріледі, — дейді.
Кездесу соңында Марат Қарабаев Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген 18-ші өңір екенін атап өтіп, жиналғандарға нақты және өз бағытында қойылған сұрақтар үшін алғысын білдіріп, барлық тоғыз негізгі мәселе әзірленіп, бақылауға алынғанын атап өтті. Жиын аяқталғаннан кейін министрдің жеке қабылдауына 6 тұрғын жазылды.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ