СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ТАЛДЫҚОРҒАНДА
Амангелді Төлемісов, Сұлтан Дүйсенбинов, Ғалиасқар Сарыбаев және Жетісу облысы маслихат төрайымы Гүлнар Тойлыбаева Талдықорған қаласындағы бірнеше нысандарды аралап, ұжымдармен кездесулер өткізді.
Депутаттар бірінші облыстық кардиологиялық орталығының тыныс-тіршілігімен, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Орталық басшысы Сұрашев Нұрсан Сейітұлы 2024 жылғы атқарылған жұмыстардан кең ақпарат берді. Аталған мекемеде республика көлемінде ғана емес, жақын шетелдерден де жүрек дертінен шалдыққандар ем алуға келеді екен. Себебі орталықтың материалдық-техникалық базасы заманауи және мамандар тәжірибелі.
Сенат депутаттары сондай-ақ, жақында ашылған өндірістік батареялар шығаратын «Asma Industrial» зауытына барып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Отандық өнім ішкі нарыққа және көршілес елдерге экспортталады. Жаңа өндіріс орнына мемлекеттік қолдау көрсетіліп, жергілікті бюджет есебінен инфрақұрылымдық желілер тартылып берілген. Кәсіпорынның іске қосылуымен қырық адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Қазір олар жаңа құрылғыларды меңгеріп, алғашқы өнімдерін жасап жатыр. Өнімді «Қазақтелеком», «КЕГОК», «ҚТЖ» сынды «Самрұқ-Қазына» ұлттық холдингіне кіретін компаниялар алады.
Депутаттар майлы дақылдар өңдеп, өсімдік майын шығаратын «Жетісу-Мажико» зауытының жұмысымен де танысты. Өндіріс орны бірнеше жыл құрылғыларының істен шығуы және шикізаттың жетіспеуіне байланысты тоқтап тұрған. 2024 жылдың екінші жартысында қайта іске қосылып, бүгінгі күні 55 адам жұмыспен қамтылып, өнімдері экспортқа да шығарылып жатыр.
Сенат депутаттары өңірдегі кәсіпорындардың тіршілігі арқылы еліміздегі реформалардың жүзеге асырылып жатқанына, қабылданып жатқан заңдардың жүзеге асуына көз жеткізіп, кездесу барысында жұмысшылармен мемлекет басшысының соңғы сұхбаты туралы пікір алмасты.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»