ӨҢІРДЕГІ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ КҮЙІ ҚАНДАЙ?
Денсаулық – әр адам үшін баға жетпес байлық. Сондықтан да дәрігерлерге деген сұраныс пен талап, оларға деген қажеттілік пен сенім еш уақытта жоғалмайды. Медицина қызметкерлері күні өтіп кетсе де ол сала қызметкерлері туралы кез келген уақытта реніш те, қуаныш та айтылып, жазылып жатуы кездейсоқтық емес. Өйткені олар адам жанының аршасысы деп бекер айтылмаса керек-ті. Төменде Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, Жетісу облысындағы медицина саласының даму деңгейінің өсуі де айтарлықтай.
КЕШЕНДІ ДАМУ – САПАЛЫ МЕДИЦИНАНЫҢ КЕПІЛІ
Қазіргі күнде Жетісу облысында 352 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның ішінде 29 аурухана, 279 амбулаториялық-емханалық ұйым, сондай-ақ ауылдық жерде 9 аурухана халыққа қызмет көрсетіп, саланың инфрақұрылымы мен техникалық жабдықталуы жыл сайын жаңаруда. Облыс өз алдына жеке бөлінгелі 58 блок-модульдік кешен орнатылып, оның ішінде республикада алғаш рет Панфилов ауданының Қарабұлақ ауылында блокты-модульдік конструкцияны қолдана отырып көмек көрсететін қосалқы станциясы бар. Аталған мекемелер елді мекендердегі алғашқы медициналық көмекті жедел әрі сапалы ұйымдастыруға үлес қосады.
2022–2024 жылдар аралығында Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Ескелді, Сарқан, Панфилов аудандарында орналасқан 6 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтіп, медициналық мекемелердің материалдық базасы жақсарып қана қоймай, мамандар мен пациенттерге қолайлы жағдай жасалды.
Облыстағы медициналық техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 3 жыл ішінде 93%-ға жетті. Бұл – өте жоғары көрсеткіштердің бірі. 2023 жылы 3,5 млрд.теңге қаржыға 310 бірлік, ал 2024 жылы 4,2 млрд.теңгеге 185 бірлік медициналық техника сатып алынған. Оның ішінде ангиографиялық жүйелер, КТ аппараттары, бейнеэндоскопиялық кешендер, өкпені жасанды желдету құрылғылары, гемодиализ жабдықтары бар. Енді алдағы 2025 жылы жалпы сомасы 4,3 млрд.теңгеге 115 бірлік медициналық техника салып алу жоспарланып отыр. Оның қатарында магнитті резонанстық томограф, компьютерлік тамограф және сараптамалық сыныптағы ультра дыбыстық зерттеу аппаратын алу жоспарда. Сонымен қатар 2023 және 2024 жылдары жергілікті бюжеттен бөлінген қаражатқа 4 санаттағы қоңырауларға қызмет көрсету үшін 58 бірлік санитарлық автокөлік алынса, 2025 жылы тағы 29 көлік сатып алу жоспарланған. Бұл шалғай ауыл тұрғындарына уақытылы жету және жедел көмек көрсетуге зор мүмкіндік.
Осы тектес көрсеткіштер ғана емес, облыста ауыл медицинасына да баса назар аударылып, түрлі жаңа жобалар қарқынды түрде жұмыс жасауда. Оның ішінде, «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде ауқымды жұмыстарды да қоса кетуге болады. Аталған бағдарлама аясында 15 нысанның құрылысы аяқталып, қазіргі таңда 44 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Атап өтерлігі, ауыл тұрғындарына демеушілердің көмегі де көптеп тиіп жатыр. Мысалы, Үштөбе қаласында 50 орындық дәрігерлік амбулаторияның салынуына осы демеушілер ықпал етті.
ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯ –
сапалы диагноз кепілі
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сай Жетісу өңірінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында инновациялық технологиялар енгізу бойынша «Үздік тәжірибелер орталықтары» ашыла бастады. Қазіргі таңда бұл орталықтар Талдықорған қалалық емханасында, сондай-ақ Ескелді мен Көксу аудандық орталық ауруханаларында жұмысын бастады. Мұндай орталықтардың басты мақсаты – созылмалы аурулармен ауыратындар, балалар, жүкті әйелдер мен егде жастағы азаматтар үшін сапалы және қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету. Бұл орталықтар алдағы уақытта облыстың барлық аудандық және қалалық емханаларында ашылмақ. Сондай-ақ, облыстық перинаталдық орталық пен Сарқан аудандық ауруханасында жүйке және тірек-қимыл жүйесінде туабітті ақауы бар балаларды оңалтуға бағытталған «Қамқорлық» ерте араласу орталықтары ашылды. Бұл орталықтар айына 50-ге дейін баланы қабылдай алады. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге арналған «Бір күндік клиника» жобасы да сәтті іске асуда. Жоба аясында болашақ аналар бір күнде барлық пренаталдық скринингтік тексерулерден өте алады. Бұл – уақытты үнемдеуге әрі қауіп-қатерді ерте анықтауға зор мүмкіндік.
Сонымен қатар, жоғары мамандандырылған медициналық көмектің ауқымы жылдан-жылға кеңейіп, заманауи технологиялар негізінде үздік емдеу әдістері сәтті енгізілуде. Бұл – тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге ғана емес, облыс аумағында медициналық туризмді дамытуға да жол ашып отыр.
2023 жылдан бастап облыстық көпсалалы клиникада ми, өкпе, қуық, бауыр мен бүйрекке арналған артерияішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісі енгізілген. Бұл инновациялық тәсілмен соңғы екі жылда 600-ден астам науқас емделіп, оң нәтижеге қол жеткізді. Осы тәжірибенің арқасында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдердің азаматтары облысқа келіп ем қабылдап жатқан көрінеді. Сондай-ақ онкологиялық сырқаты, жүрек патологиясы бар науқастарға бір уақытта бірнеше ағзаға операция жасалатын біріктірілген симуляциялық хирургия тәсілдері де белсенді қолданылады екен. Мұндай емдеу түрлері Қазақстанда сирек орындалады, әрі ерекше кәсібилікті талап етеді.
Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы мен облыстық көпсалалы ауруханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында урология, травматология, нейрохирургия және тамырлы хирургия бойынша күрделі операциялар жүргізіледі. Мұндай қызметтер – жоғары технологиялық медициналық көмекке жатады және республика көлемінде тек ірі орталықтарда ғана қолжетімді.
Жоғарыда аталған түрлі деңгейде науқасқа қызмет етіп жатқан облыстағы ауруханалардың мамандары білікті дегенді алға тартады. Елімізге ғана емес, көршілес елдерге де ем-шипа ұсынып, оларды емдеу үшін барын салып жүрген жетісулық дәрігерлерге алғыс білдірушілер де жеткілікті.
Денсаулық сақтау – мемлекеттің айнасы. Ал дәрігер – сол айнадағы ең жарқын бейне. Жетісу облысында халық саулығына жауап беретін жүйенің дамуы – жүйелі саясат пен ерен еңбектің жемісі. Бұл – тек ғимарат, техника немесе бағдарлама емес. Бұл – күн сайын таңғы ақшаммен халыққа қарай асығатын, түннің бір уағында да адам жанын аман алып қалуға даяр ақ халаттылардың адал ісі. Жетісу өңірінің дәрігерлері – жаңашылдыққа ашық, білімге құштар, ізденісті серік еткен мамандар деп түсіндік. Олардың білімі мен біліктілігі – облыстың ғана емес, елдің де абыройы.
Зарина БЫЖЫБЕК