СҮЙГЕНІҢ ҮШІН БӘРІНЕ БАРА АЛАСЫҢ БА?

0
58

Адам өмірінде екі нәрседен қателеспеуі керек бірі — мамандық таңдарда, екіншісі — өмірлік жарын таңдағанда. Біріншісі — болашағың, екіншісі — бақытың. Жігіттерге бұл тақырып жай емес. Сүйгені үшін тауды қопаруға дайынмын дейтін жігіттер бар, әрине. Бірақ шын мәнінде ше? Сүйгенің үшін арманнан бас тарту — ерлік пе, әлде әлсіздік пе? Осы сұрақ төңірегінде жігіттермен біраз сауал жүргіздік. Сауалнамаға 13 жігіт қатысты. Олардың ортақ ойы мынадай болып шықты.

«Сүйіспеншілік адамды батыр етеді»

 – Шынайы сүйген адам: Өзінің ыңғайынан, жоспарларынан уақытша бас тартуы мүмкін және қиындықтарға төтеп беріп, сүйген адамы үшін жаңа ортаға бейімделуге тырысады. Кейде отбасы, қоғам немесе карьера қысымына қарамастан, сол адамды таңдауы мүмкін. Бірақ, ақыл мен жүректің теңдігі қажет: зиян келтіретін, шектен шыққан тәуекел — махаббат емес, тәуелділік болуы мүмкін. Ал екінші сұрақ бойынша қызды қарату үшін қызықтыру, өз-өзіңді дамыту, мінез, әзіл, әдептілік арқылы назарын аударту. Қамқорлық көрсету, сөзбен емес, іспен әрекет ету. Шынайылық: бетперде кимей, өз болмысыңмен ашылу. Уақыт бөлу: кездесулер, хат жазу, бірге уақыт өткізу және ең маңыздысы: қызды қарату – бағындыру емес, сенім мен сезімге негізделген ортақ байланыс орнату, — дейді Ильяс.

 «Махаббатың үшін не істемейсін?…»

 – Шын сүйген қызым үшін алдымнан қиындық келсе де ол қыз маған сенсе барлық қиындықа қарамайтын едім. Ал жақсы көрген қызды қарату үшін барлық қолымнан келгенді жасайтын едім. Уақыт бөліп, қызығушылықтарын анықтап, өз қызығушылығыммен байланыстырып, барынша жақсы қарым-қатынас құруға тырысам, — дейді Руслан.

 «Гүлмен басталған…»

 – Сүйгенім үшін бәріне дайынмын дер едім… Бірақ шын өмірде тәуекелдің де шегі бар ғой. Қалтам бос болса да, көңілім толы болса – соның өзіне жанымды салып, бірге болуға тырысар едім. Қажет болса, жұмысымды да, қаламымды да тастап, ауылға кетіп, отын жарып, үй салар едім – тек жанымдағы адам шын күліп тұрса болды. Қызды қарату үшін қандай әрекетке бардың? Деген сұрақа бір оқиғаны айта кетсем. Бір кездері таңертең жұмыстан бұрын гүл апарып, подъезіне іліп кетіп жүрдім. Кейін білді – күлді, бірақ жүрегі жібіді. Жігіт адам көп сөйлемей-ақ, бір-ақ әрекетпен шынайылығын көрсетсе, соның өзі жеткілікті кейде. Ал қызға сезіміңді білдіргенде қаламмен жазып жеткізу оңай, ал бетке тіке айту – нағыз батырлық. Бірақ, үндемей жүріп, қамқор болып, бір күні жай ғана: «Жаныңнан кеткім келмейді» десең – сол да сезім. Айқайлап айту шарт емес, жан жылуы сезілсе болды, — дейді Мұрат.

Ең қиын сұрақ – арман мен махаббат арасындағы таңдау. Жігіттерге «Сүйгенің үшін өз арманыңнан бас тарту – ерлік пе, әлде әлсіздік пе?» дегенде бәрі аз-кем кідіріп қалды. Тыныштық орнағандай. «Бір-бірін шын сүйетіндер бір-бірінің арманына қарсы шықпайды», – деді бәрі. Арманнан бас тартқан дұрыс емес. Сол арманға бірге жету — сол махаббат.

Сүйгені үшін бәріне дайын болу — романтикалық көрінгенімен, өмірде әр қадамның жауапкершілігі бар. Махаббат – екі адам бірге өрбіткен армандардың ортасы. Бірі шегінбей, екіншісі қадам басса, нағыз үйлесім сонда туындайды.

 P.S Сауалнама кезінде байқағаным – жігіттердің ойлары бір екен. Әрқайсысының ішінде – бір арман. Сүйгенің қолдау берсе жігіттер сезімдерін бетке айтудан ұялса да, іспен дәлелдеуге дайын. Қазіргінің жігіттері романтик. Гүл, қамқорлық – бәрі бар. Тек оларды тыңдай білу керек, қыздар! Махаббатқа қазір қыздардан гөрі жігіттер адал сияқты болып көрінді маған. Сіз қалай ойлайсыз?

Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ