ҰЛЫ АБАЙҒА АРНАЛҒАН ОН КҮНДІК

0
77

Қазақ халқының ұлы ойшылы, ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Жетісу облысында «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты 10 күндік мәдени-рухани шара ұйымдастырылуда. Ауқымды жобаның басты мақсаты – Абай мұрасын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, сондай-ақ қоғамдық келісімді нығайту.

Аталған шара 1–10 тамыз аралығында Талдықорған қаласында өтуде. Бұл бастаманы Жетісу облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер, Аналар мен Ақсақалдар кеңесі, шығармашыл жастар мен бірқатар қоғамдық ұйымдар бірлесе қолға алған. Сондай-ақ шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Абай» мейрамханасы, «Jetisý jastary» КММ, «AMANAT» партиясы және оның жастар қанаты – «Жастар рухы» ұйымдары белсенді атсалысуда.

Мақсат – Ұлы Мұраны Ұрпақ Санасына Сіңіру

Журналистер үйінде осыған байланысты өткен баспасөз мәслихатында (өкінішке орай, бұл шараға біз шақырылмадық) «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Еркебұлан Ақболатов пен «Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі» қоғамдық қорының төрағасы Серікбол Шынбаев онкүндіктің негізгі бағыттарын таныстырды, — деп жазады «Jetisy» газеті 31 шілдедегі санында.
Осындай тарихи маңызы зор шараға біздің – «Алатау» газетінің өкілдерін шақырмау мәдениеттілік пен кәсіби этикаға сай келмейді. Біз – Абайдың рухани мұрасын құрметтейтін, оның даналығын таратуға атсалысатын журналистерміз. Ақпарат алу үшін, мақалалар жазу мақсатында көп ізденеміз, еңбек етеміз. Сол себепті, бізді маңызды ақпараттық алаңнан тыс қалдыруды түсіну қиын. Бұл – қоғамдық пікірдің әртүрлі көзқарастарын қамтуға бағытталған ашықтық қағидаларына қайшы іс-әрекет. Журналистика қоғам мен билік арасындағы алтын көпір болуы тиіс, ал мұндай тосқауылдар оның жұмысын тұншықтырады. Дегенмен, назымызды қоя тұрайық та өңірдегі «Абай» күндері туралы айтайық.

ОН КҮН – ОН ТҮРЛІ МАЗМҰН

Брифинг материалдары бойынша шараның алғашқы күні – «Ұлы даланың – ұлы Абайы» атауымен ашылып, әлеуметтік желілерде құттықтау бейнежолдаулар легі жарияланды. Бұл күннен бастап Абай мұрасына арналған түрлі форматтағы мәдени-ағартушылық жобалар легі басталды.
Екінші күні «Қара сөз – халық қазынасы» тақырыбында бейнематериалдар таратылып, аға буын өкілдері Абайдың қара сөздері туралы өз ойларын бөлісті. Ал үшінші күні «ҰлыАбай»_өлеңдері атты челлендж бастау алды. Түрлі ұлт өкілдері Абай өлеңдерін жатқа оқып, әлеуметтік желі арқылы бөлісіп, рухани байланыс көпшілікті біріктіре түсті.
Абай мұрасына деген халықтың танымын зерделеу мақсатында төртінші күні «Абайды халық қаншалықты таниды?» атты қоғамдық сауалнама өткізілді. Белсенді қатысушылар марапаттарға ие болды.
Бесінші күні – «Абайтану – ғылым мен руханияттың тоғысы» тақырыбында оқырмандар кеші өтті. Мұнда «Мәміле» пікірсайыс клубының мүшелері мен жастар ақынның шығармаларына ғылыми әрі рухани тұрғыдан баға беріп, пікір алмасты.
Абайдың ән мұрасы алтыншы күні Қаратал өзенінің жағалауында шырқалды. «Ашық микрофон» форматында өткен байқауда «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» сынды туындылар орындалып, халық жүрегіне жол тартты.
Жетінші күн – Ұлттық ойындар күні ретінде аталып өтті. Асық ату, арқан тартыс, қол күрес сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.
Сегізінші күні – «Мен таныған – Абай» интеллектуалды ойыны өзге ұлт жастарының қатысуымен өтті. Абайдың өмірі мен шығармашылығы бойынша қойылған сұрақтар арқылы қатысушылардың білім деңгейі сараланды.
Тоғызыншы күні қалалық жағажайда Абайға арналған заманауи көркем инсталляциялар қойылып, жастар мен суретшілер ақынның тұлғасын көркемдік тұрғыда бейнеледі.
«AMANAT» партиясы жастармен бірлесіп шараға үлесін қоспақ.
Он күндік іс-шаралар барысында «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы да белсенділік танытып отыр. Әсіресе, партияның жастар қанаты –«Жастар рухы» ұйымы бұл бағытта бірқатар тың бастамалар көтеріп, өз үлесін қосты.
Мәселен, Абай саябағында өткен өнер кешіне шығармашыл жастар мен белсенді волонтерлар қатысты. Ашық аспан астында өткен бұл кеш Абай өлеңдері мен әндеріне арналды.
Сонымен қатар, «Кітап – Аманат» парақшасы арқылы Абай шығармаларын әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл – Абайдың ойлы сөздері мен терең мағыналы туындыларын жас ұрпақ арасында танымал етуге бағытталған цифрлық бастама.
Бұдан бөлек, «Абай күні», «Жақсылық күні» секілді нақты даталар белгіленіп, партия мүшелері мен еріктілер тарапынан қайырымдылық, экологиялық және ағартушылық сипаттағы шаралар ұйымдастырылды. Бұл күндерде қоғамға пайда әкелетін нақты әрекеттер жасалып, Абайдың «адам бол!» қағидасы шынайы іспен дәлелденді.
«AMANAT» партиясы мен оның жастар қанатының бұл бағыттағы жұмыстары – Абай армандаған әділетті қоғамды құру жолындағы нақты қадамдардың көрінісі.
– Абай – барша қазаққа ортақ рухани тұлға. Оның идеялары бүгінгі ұрпаққа да өзекті. Жастардың Абайға бет бұрып, оның шығармашылығы арқылы өзін-өзі тәрбиелеуі – үлкен жетістік. Біз «Жастар рухы» ұйымымен бірлесе отырып, бірқатар шаралар өткіздік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Алдағы күндері Абай облысында өтетін республикалық деңгейдегі іс-шараға қатысу жоспарда бар. Онда да Абай мұрасын дәріптеуге үлес қосамыз, – деді «Аманаттың» Жетісу облыстық филиал төрағасының орынбасары Асхат Досмұхамбетов.
Ал онкүндіктің қорытындысы – «Абай – мәңгілік ғұмыр» атты поэзиялық кешпен түйінделді. «Абай» мейрамханасының террассасында өткен кеште жастар мен зиялы қауым өкілдері ақынға арналған жырларын оқып, музыкалық қойылымдар ұсынды.

АБАЙ МҰРАСЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Абай армандаған әділетті, білімді, еңбексүйгіш қоғам құру – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті. Бұл – ел болашағы үшін айқын бағдар, ұлттық сананы жаңғырту жолындағы басты бағыт.
Осы тұрғыда Жетісу жұрты ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойын ерекше ыждағатпен атап өтуде. Он күндік аясында өткен әрбір шара – тек құрғақ мерекелеу емес, Абайдың рухани мұрасын жаңаша түсініп, ұрпақ санасына терең сіңірудің бір жолы. Бұл бастама арқылы облыс тұрғындары ел ішіндегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтып, көпэтносты қоғамдағы рухани сабақтастықты нақты іспен дәлелдеп отыр.
Абайдың қара сөзі мен қалдырған өсиеті – уақыттың емес, ұрпақтың өлшемі. Сондықтан да осындай ауқымды рухани жобалар арқылы хакім мұрасы ұлттың ұстынына, болашақтың бағдаршамына айналып келеді.
Шын мәнінде, Абай даналығы – адам болмысына бағытталған мәңгілік рухани бағдар. Ол – өшпес шамшырақ. Ұлы ақын қалдырған мұра әлі талай буынға жол көрсетіп, сананы серпілтіп, ел ертеңін жарқын етуге сеп болады

Мұрат КҮМІСБЕК


ПІКІР ЖАЗУ