Президент Жетісу облысының даму жоспарын талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Биылғы бірінші жартыжылдықта облысқа 178 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29,5 пайызға көп. 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық портфельге жалпы құны 2,6 трлн теңге болатын 128 жоба енгізілді. Аталған жобалар 10,6 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Олардың қатарында тау-кен байыту комбинаты, халықаралық индустриялық парк, жел электр стансалары мен әуежай құрылысы бар.
Агроөнеркәсіп саласында биыл 540 мың тонна қызылша жинап, 78 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Президент қант өндірісін одан әрі дамытудың маңыздылығына назар аударды.
Көлік және логистика саласында инфрақұрылымды дамыту, транзиттік әлеуетті күшейту, елді мекендерді газдандыру және әлеуметтік нысандарды салу жұмыстары жалғасуда.
Туризм бағыты да назардан тыс қалмады. Алакөл жағалауындағы инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр, Үшарал әуежайының жолағы жөнделді. «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары дайындалды. Лепсі – Балқаш автожолы мен инженерлік желілер жаңартылуда. Сонымен қатар, Алматы – Өскемен – Ақтоғай бағыты бойынша автожол құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Мемлекет басшысы жылыту маусымына дайындықты бақылауда ұстауды, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету және туристік инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын жалғастыруды тапсырды.
Алатау ақпарат