ЖЕТІСУДА «ЖЕР АМАНАТЫ» ӨҢІРЛІК КОМИССИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

«AMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалында «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген жер қатынастарына қатысты тапсырмалардың орындалуы, аудандарда мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жай-күйі және комиссия құрамына енгізілген өзгерістер талқыланды.
Отырыста партия филиалының төрағасы Арыстанғали Арын өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, 2024 жылы жоспарланған 90 мың гектардың орнына 128,9 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, жоспар 143%-ға орындалған. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша 95,7 мың гектар жер қайтарылып, меже 106%-ға жетті.
Жетісу облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Мақсат Ғабитұлы заң бұзушылықтарға қатысты деректерді ұсынды. Биылғы жылы 284 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 224 заңбұзушылық анықталған. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары мен ведомство өкілдерінің қатысуымен Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарында жергілікті тұрғындармен кездесулер өтіп, пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты түйткілді мәселелер көтерілген.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Омарұлы соңғы үш жылда облыста 1,2 млн гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталғанын айтты. Оның ішінде 502,6 мың гектар мемлекетке қайтарылып, 712 мың гектар қайта айналымға енгізілген. Биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы табыстау көлемі 248 мың гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 148 мың гектар жер бойынша 30 конкурс өткізілген.