ЖАҢБЫРДАН КЕЙІНГІ ӘБІГЕР…

0
23

Талдықорған қаласында нөсер жауыннан кейін Әлдибек сауда орталығының алдындағы аумақты су басты. Жиналған көлшік судын салдарынан жаяу жүргіншілер қатынауында қиындықтар туындап, сауда жасаушылар мен сатушыларға айтарлықтай кедергі келтірілді.

Сатушылардың айтуынша, мұндай жағдай жиі қайталанады екен. Алайда әлі күнге дейін нақты шешім қабылданып, мәселенің түйіні тарқатылмады дегенді айтады сауда орталығының әкімшісі Руслан Жакупов:
— Өкінішке қарай, жаңбыр жауған сайын сауда орталығының алдына су жиналып қалады. Су ағатын жүйелер кей жерлерде мүлде жоқ. Мұның салдарынан сатушыларға да, келушілерге де айтарлықтай қиындық туындап отыр. Әкімдікке бірнеше рет шағымдандық, бірақ нақты нәтиже болмады. Қазірше өз күшімізбен суды уақытша тазарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алда қыс мезгілі келе жатыр. Егер мәселе дер кезінде шешілмесе, су қатып, көк тайғаққа айналуы мүмкін. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Мәселені біржақты шешу үшін жергілікті билік тарапынан қолдау қажет, — деді орталық әкімшісі.
Сауда орталығы әкімшісінің айтуынша, аталған мәселе бұрыннан бері қозғалып келеді. Әкімдік тарапынан шаралар қолданылды. Алайда оның өзі жеткіліксіз деп отыр.
Әлдибек сауда орталығы маңындағы жаңбыр суы тек сатушылар мен тұрғындардың емес, қала инфрақұрылымының да назардан тыс қалып отырғанын көрсетеді. Дер кезінде шешім қабылданбаса, бұл жағдай алдағы уақытта да қайталана бермек. Сауда мәдениеті мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау ортақ мүдде. Олай болса, ендігі кезекте жауапты мекемелер нақты әрекетке көшсе екен дейміз.

 

Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ