
ТҰРМЫСЫҢ ҚАЛАЙ, ТУҒАН ЖЕР?
Ауыл — елдің тірегі, халықтың тамыры. Қай кезеңде де ауылдың жай-күйі, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік мәселесі басты назарда. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан игі істер мен тың бастама ауыл өміріне жаңа серпін беруде. Бұрындары Шанханай ауылындағы кейбір көшелерде асфальт та, көше шамдары да болмаған еді. Биыл бірқатар көшелерге асфальт төселіп, көше жарықтары орнатылды. Ал ауылға тартылған газ құбырларының жұмысы әзірге аяқталған жоқ. Қазіргі таңда көгілдір отын тартылғанымен, жүйе әлі іске қосылмаған. Бұл тұрғындарды толғандырып отырған маңызды мәселелердің бірі.
Ауылда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы толығырақ білу үшін Жетісу облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Шанханай ауылдық округінің әкімі Олжас Сатқалиевпен арнайы сұхбаттасқан едік. Сұхбат барысында ауыл өміріндегі өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталдық.
– Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды атасаңыз?
– Шанханай ауылдық округіне үш елдімекен Шанханай, Қоянкөз және Майтөбе ауылдары кіреді. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында нақты жұмыстар қолға алынуда. Әлеуметтік қолдау бағытында 2025 жылы Шанханай ауылында 6 үй, Қоянкөз ауылында 2 үй кезекте тұрған көпбалалы аналарға табысталды. Атқарылған жұмыстар тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар үшін үлкен қолдау әрі мемлекеттің әлеуметтік саясатының тиімділігін көрсетеді.
Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 30 ауыл тұрғыны ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл азаматтар ауылды абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу, түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысуда. Мұндай шаралар тек жұмыспен қамтуды ғана емес, ауылдың көркеюіне де ықпал етеді.
Әлеуметтік әлсіз топтарға да көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда округ бойынша 1 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған. Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқалады. Ауылдағы шаруа қожалықтары өз жұмысшыларын қысқы отынмен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуде. Бұл – ауылдағы бірлік пен қолдаудың айқын көрінісі. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар кеңейіп, барлық тұрғындар үшін жағымды жағдайлар жасала бермек.
– Ауыл тұрғындарын толықтай газбен қамтамасыз ету мақсаты аяқталып қалғандай? Ал газ қашан беріледі?
– Иә, көптен күткен көгілдір отын мәселесі өз шешімін тауып келеді. Шанханай ауылдық округіне қарасты үш ауыл – Шанханай, Қоянкөз және Майтөбе елдімекендеріне газ құбыры толықтай тартылып бітті. Бұл үлкен әрі күрделі инфрақұрылымдық жоба. Қазір барлық техникалық тексерістер, құжаттандыру және қауіпсіздік бойынша рәсімдер жүргізіліп жатыр. Газ жүйесін ресми түрде іске қосу 2025 жылдың қазан айының соңына жоспарланған.
Бұл жаңалық ауыл халқы үшін аса маңызды. Себебі, бұрын-соңды тұрғындар отын дайындау, көмір тасу сияқты ауыртпалықтарды бастан өткеріп келген. Енді көгілдір отынның қолжетімді болуы – өмір сапасын едәуір жақсартады. Ауылда жылыту, тамақ пісіру, тұрмыстық техникаларды пайдалану жеңілдеп, уақыт пен еңбек үнемделеді. Сонымен қатар, бұл экологиялық жағынан да тиімді шешім болмақ.
– Көгілдір отынның ауыл ішінде қосылуға жуық уақыт қалғаны қуанарлық жаңалық екен. Ал ауыз су мәселесі қалай шешілуде? Су жүйелері жаңартылып жатыр ма?
– Ауыз су кез келген елдімекен үшін өмірлік маңызы бар мәселе. Шанханай ауылдық округінде бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2007 жылы округке қарасты барлық елдімекендерде орталықтандырылған ауыз су жүйесі жаңартылып, пайдалануға берілген еді. Алайда уақыт өте келе, жүйенің тозуына байланысты, әсіресе Шанханай ауылында су тапшылығы байқала бастады.
Осыған байланысты, 2024 жылы Шанханай ауылын «Желсаз» атты сенімді су көзіне қосу жұмыстары жүргізілді. Бұл ауыл тұрғындарын сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтудағы маңызды қадам. Енді су қысымы жеткілікті, сапасы талаптарға сай. Алдағы уақытта бұл бағытта қосымша резервуарлар салу, су тазарту станциясын жаңғырту сияқты шаралар қолға алынатын болады. Мақсат – барлық тұрғындарды тұрақты, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету.
– Ауылдағы тұрмыс-тіршілікке әсер ететін тағы бір маңызды сала денсаулық сақтау мен білім беру жүйелерінде қандай өзгеріс бар?
– Қазіргі таңда Шанханай және Қоянкөз ауылдарында заманауи талаптарға сай фельдшерлік-амбулаториялық пункттердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа медициналық нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Құрылыс барысы толық жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, 2025 жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осы нысандар іске қосылған соң, ауыл халқы денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті арттырып, ем қабылдау да ыңғайлы жағдайға ие болады деген сенім бар.
Білім саласына келсек, округтегі мектептерде сапалы білім беру мақсатында бірқатар жаңашыл әдістер енгізілуде. Мұғалімдердің кәсіби деңгейі жоғары, заманауи педагогикалық технологияларды меңгерген мамандар. Мектептерде электронды оқыту құралдары, интерактивті тақталар, интернет байланысы сияқты ресурстар бар. Сонымен қатар, оқушылардың қосымша білім алуы мен шығармашылық дамуына арналған үйірмелер, секциялар жұмыс істеп тұр.
– Ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асып жатыр ма?
– Иә, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлкен қолдау көрсетілуде. Әсіресе, «Кең дала» және «Аманат» бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы қожалықтарының басшылары мен жеке тұрғындар белсенді түрде қатысып, қолдауларды дұрыс пайдаланып келеді. Бұл бастамалар ауылдың экономикалық дамуына серпін беріп, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын жаңғыртуға зор мүмкіндік туғызуда. Бағдарламалар арқылы ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастауға немесе кеңейтуге мүмкіндік алып отыр.
Шаруа қожалықтары мал шаруа-шылығы мен егін шаруашылығын дамытуда белсенділік танытып келеді. Мемлекеттен бөлінетін субсидиялар, техникалық жабдықтар мен тыңайтқыштарға берілетін қолдау ауылдағы өндірістің тиімділігін арттырып отыр. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығы да артып келеді. Мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы саласын тұрақты әрі жүйелі дамытудың маңызды құралына айналып отыр.
– Мәдениет пен спортты дамыту бағытында қандай нысандар салынып жатыр немесе жос-парлануда?
– Ауыл өмірінің маңызды бір бөлігі – мәдени және спорттық инфрақұрылым. Шанханай ауылдық округінде спорт пен мәдениет саласында да жаңалықтар бар. 2024 жылы Шанханай ауылында 2 кілемді еркін күрес залы пайдалануға берілді. Бұл спорт залдарында балалар мен жастар спортпен шұғылданып, түрлі жарыстарға қатысуда. Бұл олардың денсаулығын нығайтуға, тәртіп пен төзімділікке үйренуіне ықпал етеді.
Қоянкөз ауылында модульді мәдениет үйі ашылып, түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Ауыл тұрғындары концерттер, көрмелер, шығармашылық кештер мен үйірмелерге қатысу мүмкіндігіне ие. Мәдениет үйі – тек көңіл көтеру орны ғана емес, рухани орталыққа айналуда. Осындай әлеуметтік нысандар – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, бос уақытын тиімді өткізуге арналған маңызды жобалар.
Жалпы алғанда, Шанханай ауылдық округінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Газ, су, медицина, білім және спорт саласындағы жаңғыртулар ауылдың өмір сүру сапасын арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған нақты қадамдар екенін көрсетеді. Мұндай оң өзгерістер ауылдың тұрақты дамуына негіз болып, тұрғындардың болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік береді. Ел игілігіне арналған бұл істер алдағы уақытта да жалғасып, ауылдың дамуына жаңа серпін беретіні анық.
– Олжас Сатқалиев берген сұхбатыңызға алғыс білдіреміз. Жұмысыңыз жемісті болсын!
Түйін: Шанханай ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар – елді мекеннің тұрақты дамуына жасалған нақты әрі жүйелі қадамдардың айғағы. Ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалар – мемлекет қамқорлығы мен жергілікті биліктің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Газ жүйесінің іске қосылуы, ауыз судың тұрақты тартылуы, медициналық нысандардың салынуы, мәдени-спорттық инфрақұрылымның дамуы – мұның бәрі ауыл өміріне серпін беріп, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Болашақта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, Шанханай округінің әрбір тұрғыны оң өзгерістерді күнделікті өмірінде сезіне түсетініне сенім мол.
Нурила НҰРБОЛҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы