ЕЛ АМАНДЫҒЫ — ЕР ЕҢБЕГІНДЕ

0
104

Қазан айының 19-ы – көпшілік үшін күнтізбедегі жай ғана күндердің бірі болып көрінуі мүмкін. Аталған күннің мағынасы мен салмағын, шын мәнінде, тек бір мамандық иелері ғана толықтай сезіне алады. Олар үшін бұл дата кәсіби мереке деп қана қаралмайды. Ол өзге өмірлерді сақтап, өз жанын қауіпке тігетіндердің қызмет жолының мәнін, әр күні ел қамы үшін атқарылатын еңбектің маңызын тағы бір еске салар айтулы мереке.

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне биыл 30 жыл толып отыр. Үш онжылдық – санмен ғана өлшенбейтін, қауіптің алдын алып, апатпен алысып, адам өмірін арашалап келе жатқан мыңдаған маманның табанды қызметімен өлшенетін бе лес. Уақытпен жарысып, қауіппен бетпе-бет келетін осы құрылым ел ішінде ғана емес, шекарадан тыс жерлерде де адам өміріне араша түсіп, төтенше жағдайларда алғашқы болып әрекет ететін кәсіби күшке айналды.
Сол жылдармен бірге ер жетіп, өмірін азаматтардың қауіпсіздігіне арнаған жандардың бірі – Айбол Ерболұлы Жұмақалымов. Ескелді ауданына қарасты Жалғызағаш ауылының азаматы бүгінде туып өскен жеріне адал еңбек етіп, Ескелді ауданындағы №13 өрт сөндіру бөлімінің командирі атанған. Аудан халқының ерекше ілтипатына бөленген Айболды қызметтестері сыйласа, ал қиын жағдайда командирдің көмегіне жүгінген барша жандар оны мақтан тұтып, нағыз өр мінезді ер азаматтың бейнесімен сипаттайтын көрінеді.
Айболдың да жасы биыл отызға келген. Дәл министрлік құрылған жылы дүниеге келген кейіпкеріміз бүгінде ведомствоның мінезін бойы на сіңірген, ел қауіпсіздігіне қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтардың жарқын өкілі. Оның өмірі де, ұстанымы да тыныштық үшін күрес жолына бағытталған.
Төтенше жағдайлар министрлігімен құрдас командир аталған салаға Семей қаласында Құқықтану мамандығын меңгергеннен кейін, 2019 жылдан бастап араласқан. Сол кезеңнен бүгінге дейін есінде қалған құтқару оқиғасын айтуымызды сұрағанда, құтқарушы 2023 жылдың көктемінде болған қызметтік оқиғасымен бөлісті. Жетісу өңіріндегі толассыз жауған нөсер жауынның соңы тасқынға ұласып, Ешкіөлмес ауылын су басқанда Айбол өзінің кәсібилігі мен жанқиярлығын нақты ісімен дәлелдеді. Сол сәтте кезекшілікте тұрған ол да был қағылған бетте командасын бастап, су басқан аумаққа жедел жеткенін айтады. Тіпті, бір үйде қалған егде жастағы ата мен әже туралы хабар түскенде, ол еш ойланбастан қос қарияны құтқаруға шешім қабылдапты.
– Балшық кешіп, ағын суға қарсы жүріп, көмекке зәру жандардың үйіне ендім. Іштегі жағдайды бағалап, екі қарияны кезек-кезек арқама салып, сырғып жатқан баспалдақтар мен су толған ауладан алып шықтым. Менің бұл әрекетім сырт көзге нағыз ерлік сияқты көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін бұл іс-әрекет күнделікті қызметімнің, ел алдындағы борышымның бір бөлігі деп санаймын, — дегенді айтқанда Айболдың жұмысына беріле кіріскен, адам жанын арашалауда еш кедергіге мойымайтын мінезін көпке үлгі деп атауға да болады.
Айбол Жұмақалымов бүгінгі жетістігіне жеке еңбегімен ғана емес, мықты ұжымның қолдауымен де жеткенін жасырмайды.
– «Біріге көтерген жүк жеңіл» дегендей, №13 өрт сөндіру бөліміндегі әріптестермен бірлескен жұмыс – кез келген төтенше жағдайды сәтті еңсерудің басты кепілі. Әсіресе, Қадіров Медетбек, Мадыбеков Даурен, Әлімханов Ернар сынды өз ісінің майталмандары менің сенімді серіктестерім. Біз бір-бірімізсіз сәтті жұмыс жасамас едік деп есептеймін. Олармен қатар жүріп, талай қауіпті тапсырмаларды табысты орындап шыққанбыз. Бұл жігіттердің әрқайсысы – кәсіби даярлығы жоғары, тәртіп пен жауапкершілікті ту еткен нағыз құтқарушылар, — дейді маман.
Қауіпке толы сәттерде бір-бірін сөзсіз түсінісіп, әр қимылды үйлесімді орындау – командадағы әр жігіттің бойына сіңген кәсіби машық пен ұжымдық рухтың көрінісі екенін сұхбат барысында түсіндік. Осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында төтенше жағдайлар қызметі әрдайым сақадай сай, әркез ел үмітін ақтап келеді деуге болады.
Ол құтқару жұмысын «Құтқару көркем фильм емес, ұран да емес. Ол дұрыс тәртіппен жасалған нақты қимылдар» деп сипаттайды. Бұл сөздер тек ауызекі тілде айтылған пікір ғана емес, мақала кейіпкерінің бойына сіңген кәсіби сенімі. Сонымен қатар, мақала кейіпкері болашақ құтқарушыларға «Еш қиындықтан тайсалмай, өздеріне сенімді бола білу керек. Арқамызға артқан ел сенімін еш қылмай құтқарушы деген атқа лайық болу басты міндет», — деген ағалық ақылын да айтты.
Айболдың бойындағы салқынқандылық пен шапшаңдықтың артында ұзақ жылғы тәжірибе ғана емес, үздіксіз спорттық дайындық та бар. Ол қазақша күреспен айналысады. Тіпті, 2024-2025 жылдары еліміздегі Төтенше жағдайлар министрінің қоян-қолтық күрестен ұйымдастырған кубогында Жетісу облысы атынан шығып 2 мәрте қатарынан қола жүлдегер атанған. Спорт оған салмаққа төтеп беруді, тынысты реттеуді, қысым мен маңызды сәтте дұрыс шешім қабылдауды үйреткен. Бұл қабілеттер төтенше жағдай кезіндегі әр әрекетінде анық байқалады. Құтқарушың әрекетінде асығыстық пен ағаттық жасау жоқ, артық сөз жоқ, нақты пәрмен, қысқа бұйрық, және нәтиже.
Құтқарушылардың еңбегі көп жағдайда халық көзіне көрінбейді. Олар тек су тасқыны немесе өрт кезінде ғана ел назарына түседі. Ал шын мәнінде олардың күнделікті өмірі – үздіксіз дайындық. Олар өрт сөндіру бекеттерін тексереді, жаттығу өткізеді, құрал-жабдықтарын тексереді, әр шақыртуға дайын тұрады. Тозған қолғап, ауыр баллон, шүмегі бұзылған су көзі – бәрі олардың бақылауында. Себебі кез келген сәтте олар бірінші болып қауіпті аймаққа кіреді, бірінші болып адамдарды құтқарады. Бұл жұмыста шалыс басуға, қателесуге орын жоқ. Себебі олардың қолында ең қымбат нәрсе адам өмірі тұрады.
Айбол Жұмақалымов – жай ғана бір бөлімнің командирі емес. Мыңдаған құтқарушының бейнесін сомдайтын тұлға. Ол – артық мақтансыз, айқай-шусыз, үнсіз еңбек ететін азаматтардың бірі. Ол «қызмет» деген сөздің шын мағынасын түсінетін, оны өмірінің мәні еткен жан. Төтенше жағдайлар министрлігінің жасымен ғана емес, мінезімен де құрдас Айбол мамандығын мақтаныш санайтынын және «қызметімді сүйіп жасаймын» деген ішкі ойымен де бөлісті.
Айбол сынды азаматтар барда біз қауіпсізбіз. Үнсіз күш, дәлдік, тәртіп, жауапкершілік сынды қасиеттер мекеменің барша қызметкерлеріне тән екенін әңгіме барысында түсініп қайттық.Олар біз байқамайтын қауіпке бірінші жететін, бізді көрінбейтін қатерден құтқаратын, ел үшін үнсіз ерлік жасайтын нағыз қаһармандар. Құтқарушылар күні – осындай мамандарға деген алғыс пен құрметтің күні. Олар батыр болуды мақсат етпеген, бірақ батырлықты ісімен дәлелдеген жандар.

 

Құтқарушылар күні – жай ғана кәсіби мейрам емес. Бұл өз өмірін қауіпке тігіп, өзгенің амандығын бәрінен биік қоятын жандарға көрсетілер шынайы алғыс пен құрмет күні.
Біз найзағай ойнаған аспаннан, сел жүрген тау бөктерінен, отқа оранған үйден, мұздай судан қорықпай, бір ғана мақсатпен – адам өмірін сақтау үшін аттанатын жандармыз. Біздің мамандықты таңдаған адам – күнделікті ерлікке, түн ұйқысын төрт бөліп жететін дабылға, көзге көрінбейтін, бірақ салмағы ауыр жауапкершілікке дайын адам.
Біз киетін форма – тек қызмет белгісі емес, ол ел сенімінің, халық амандығының жүгін арқалаған киім. Ал біздің еңбегіміз – кейде елеусіз, бірақ ешқашан мағынасыз емес. Себебі құтқарушының бір күні бір адамның бүкіл ғұмырын сақтап қалуы мүмкін.
Баршаңызға жүректен алғыс айтамын. Шын ниетпен атқарып жүрген адал еңбектеріңіз жемісті болсын! Әрбір аман-есен оралған күн тыныштық пен амандық алып келсін. Отбасыларыңыз аман, көңілдеріңіз сергек, иығыңыздағы жүк жеңіл болсын. Бұл өмірде адам болудың биік үлгісін көрсетіп жүрген барша құтқарушыларға басымды иемін!

 

Құрметпен, Айбол Жұмақалымов

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН

«Алатау»