«MEDSKILLS ZHETYSY-2025» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Талдықорғанда алғаш рет ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреті бағытында «Medskills Zhetysy-2025» республикалық чемпионаты ұйымдастырылды.
Шара Талдықорған жоғары медициналық колледжінің базасында өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен келген 3–4 курс студенттері қатысып, 15 арнайы алаңда стандартталған пациенттердің қатысуымен моделденген клиникалық жағдайларда өз кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Чемпионат барысында қатысушылар стационарда мейіргерлік көмек көрсету, емханада алғашқы медициналық-санитарлық қызметті ұйымдастыру және күрделі емшараларды орындау дағдыларын тәжірибе жүзінде көрсетті. Конкурстық тапсырмалар дәлелді күтімге және мейіргер процесін кешенді басқаруға бағытталды. Барлық кезеңдердің әділ әрі сапалы өтуін 45 кәсіби сарапшыдан құралған комиссия бақылап отырды.
«Medskills Zhetysy-2025» чемпионаты мейіргер мамандығының беделін арттырып, тәжірибе алмасуға және кәсіби дағдыларды дамытуға үлкен мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама денсаулық сақтау саласындағы жұмысшы мамандықтардың маңызын көрсетіп, білікті мейіргерлер даярлауға серпін берді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
 
                			
                                        			