«СҮР» БОЙДАҚ ПЕН «КӘРІ» ҚЫЗ

Халық аузындағы осы бір теңеу сөздерді кішкентай кезімізден естіп өстік. Үлкен жеңгелер мен әжелеріміз әңгімелерінде осындай теңеулерді кейбіреулерге таңып, болашағынан үміттерін үзіп отыратыны есімде қалыпты.
— Кәрі қыз ғой ол, оны енді кім алады, дейсің, қатыны өлген кәрі шалдар алмаса? — деп бір қояды, әлдебіреулерді айтып. Оған отырған әйелдердің бірі үн қосады:
— Әй, сен де қыздың алдын кеспесеңші, отырған қыз орнын табады, тесік моншақ жерде қалмас! Табар теңін! — деп үміт отын жағып қояды «кәрі» қыздың туысы. Кәрі қызға қарағанда «сүр» бойдақтың жарасы жеңілдеу сияқты.
— Оған қанша «сүр» болса да әйел табылады! — деген сөздер сүр бойдақтың үмітін өшірмейді.
Қарап отырсаңыз, көп отырып қалған қыз бен үйленбей жүріп қалған жігіттің арасында біраз айырмашылық бар екен. Бұл теңеуде, «сүр бойдақтың» «кәрі» қыздан бір саты болса да артықтығын байқадық. Өйткені ол — еркек. Ал қыз «кәрі» атанса — оның күйеуге тию мүмкіндігі төмен бола ма, сонда?
Қазір бір қызығы қоғамдағы қыздар да, жігіттер де үйленуге асықпайды. Неге десек, ол әлеуметтік жағдайдың әсері болар деген болжам бар. Жігіттердің «сүр», ал қыздардың «кәрі» атануынан сескеніп жатқандары жоқ. Кейбір деректерде сүр бойдақтар саны қазір елімізде 2 млн. астам дейді. Бұл сан, әрине, көп. Кеш үйлену қалыпты құбылысқа айналғандай. Жігіттер жағы жақсы қыздар жоқ десе, қыздардың көпшілігі ер адамдардың майдаланып бара жатқанын алға тартады. Бойдақтардың кеш үйленуінің өзіндік себептері бар, әрине және олар әртүлі себептер.
Қазір үйленуге 
жастар асықпайды
Бүгінде кеш үйлену, асықпай тұрмысқа шығу қалыпты жағдайға айналып барады. Үйленуге құлқы жоқ сүр бойдақтардың «Той қашан?» деген сұраққа еті үйренген. Жастардың дені әлеуметтік жағдайды желеу етіп, отбасын құруды екінші орынға ысырып қояды. Бірі керек қаржыны жинап жатқанын айтса, екіншісі керек адамын таппай жүргенін сылтауратады.
Әрине, үй-күйсіз жүрген бойдақтардың жағдай жасап алып, үйленемін деуі дұрыс та шығар. Отбасындағы дау-дамайдың дені әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Тағы бір себеп – таңдаған жанның табылмауы. Өз жағдайын жасап алған қыз жалаңаяқ жігітке болашағын сеніп тапсыра алмайды. Ал отыздан асқан ер-азамат жас қыздарға үйленгісі келеді. Оқыған-тоқыған қызды менсінбей жүргенде, жігіттер уақытты өткізіп алады. Бұл жағдай еліміздің демографиялық ахуалына кері әсерін тигізіп, сүр бойдақтар мен кәрі қыздардың санын арттыруға себеп болып отыр. Қалай десек те, қазір жастар үйленуге асықпайды.
Отбасын құруға материалдық жағынан қарасақ, махаббат қайда қалады?
Осы тақырыпқа байланысты бір әжеден естіген әңгіме еске түсті. Кеңес заманында өмір сүргендер қазір бізге ата-әже болып келеді ғой. Қазіргі жастардың өмірі мен қоғамда отбасын құруға қажетті жағдайларды есептеп барып үйленетінін олар «дұрыс» деп есептейді. Солай десе де, өздерінің жас кездерін былайша еске алады.
— Біз де жас болдық. Оқыдық, тоқыдық, бір-бірімізді кездестіріп сүйдік-күйдік, ақыры диплом алған соң үйленіп тындық. Қалада жұмыс істедік. Үйіміз де, күйіміз де жоқ, жалдамалы үйде тұрдық. Көп жайсыздықты бастан өткердік. Бірақ, бірге жүріп, бірге тұрып, бірде аш, бірде тоқ өмірдің ауырмашылықтарын біздің бір-бірімізге деген сезіміміз арқылы жеңдік. Тұрмысымыз шалқыған бай болмасақ та, барымызбен базар өмір сүрдік. Елде бар зат бізде жоқ — деп безілдемедік. Бәріне қанағат сезіммен жүрдік. Өйткені, бізде бір-бірімізге деген шынайы махаббат сезімі болды. Қазіргі жастар анау керек, мынау керек дегенді көп айтады. Киім, жиһаз, машина, коттедж, шетелге сапар, тағы-тағылар. Өмірдегі мақсаттары зат пен дүние… Білім қуып жүріп, сүр бойдақ атанғандар есейген сайын талғампаз болып кетеді. Жалғызбастылар, ең алдымен, әлеуметтік жағдайын жасап алуға асығады. «Үй алсам, көлік алсам, көп ақша тапсам…» деген арманның жетегінде жүріп, уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалады, – дегені ойға қонымды.
Меніңше, отбасын құруды материалдық жағдаймен байланыстыру дұрыс емес. Олар өз-өзіне деген сенімсіздіктен үй болудан қашқақтайды. Күн сайын психологтың кеңесіне жүгінетін жастарымыз көбейіп келеді. Олардың дені отбасылық өмірге дайын емес. Психологиялық сауал-нама нәтижесінде бойдақтардың көбіне әлеуметтік желі арқылы танысатындығын анықтадық. Танысқандарына екі-үш ай өтпестен бас қосқан жастар бір жылға толмай «мінезіміз жарас-пады» деп ажырасып жатады. Қит етсе күйгелектікке салынатын жастарға «Той қашан?», «Қашан үйленесің?», «Бір шүйкебасты тапсайшы» деген сөздердің өзі психологиялық әсер етеді.
Қоғамда жасы 40-тан асса да мойнына жауапкершілік ала алмайтын жігіттер бар. Бұрын нағыз үйленуге қолайлы кезең 25-28 жас болғанымен, сананы тұрмыс билеген бүгінгі заманда бұл 25-34 жасқа дейін ұзарып кетті. Қыз ибалылығын сақтап, бірінші болып ұсыныс жасамасы анық. Сондықтан ер-азаматтар отбасылық жауапкершіліктен қашпай, алғашқы болып қадам жасаса, 35-45 жасқа дейін шаңырақ көтермей жүретіндер азаяр ма еді?.. Психологтың айтуынша, отбасын құруға ниетті жұптардың бір-бірімен өзара ашық сөйлесе алмайтыны байқалады. Кейбір адамдар отбасында өз ойын ашық айтпауы салдарынан өзара келіспеушілік ұрыс-жанжалға ұласады.
Отбасын құрып, ұрпақ сүймес бұрын әлеуметтік жағдайыңды дұрыстап алғаның жөн – дейтіндердің де ойы дұрыс сияқты. Отбасын құрғаннан кейін жас отбасыларда ажырасу деген мәселе туындамауы керек. Кеш үйлену еліміздің демографиясына да әсер ететіні анық. Демографтар «халықтың саны өспейтін болса, онда экономикалық-әлеуметтік даму болмайды. Өйткені барлығы адам үшін жасалады және оны адамдар жасайды. Халықтың саны жеткіліксіз болса, экономикалық — әлеуметтік даму тежеледі», – дейді.
Ата-бабамыз бағзы заманнан бері ұстанып, өмір салтымызға еніп кеткен ислам діні ерте үйленгенді құптайды. 13-те отау иесі деп бекер айтпаса керек-ті.
«Бойдақ салығы»
Соңғы күндері «Бойдақтар табысының бес пайызын салық ретінде ұстау керек» деген Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбектің жиында сөйлеген сөзі әлеуметтік желілерде, БАҚ-та жаппай таралып, қоғамның қызу талқысына түскен-ді. Оның айтуынша, жастардың жағдай жасап алып үйленемін деуі – жай сылтау. «Бұл – қоғамдағы қатынасты реттеу, жастарға сигнал ретінде тәртіпке, ретке келіп, көпбалалы болу мақсатында берілген ұсыныс. Бұдан, шынын айтқанда, көп ақша да түспейді. Салық 35 жастан жоғары 50 жасқа дейін ғана болу керек», – деп атап өтті депутат. Бұл ұсыныс тұрмыс құрмаған, үйленбегендердің санын азайта ала ма? Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысы бойынша заң консультанттар палатасының мүшесі Абзал Бекетовтің «бір басын екеу ете алмай жүргендерге салық жүйесін ұсыну — ақылға қонымсыз» — деген пікірін оқыдық.
– Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Сталин «бойдақ салығын» енгізгені белгілі. Өйткені майдангерлер соғыстан оралмай, қаншама әйел жесір қалды. Кейін бұл заңның күші жойылды. Біздер құқықтық мемлекетте тұрып жатырмыз. Мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы – Ата Заңымыз бар. Заманның ағымына қарай түрлі заңдар қабылданып, ескілеріне өзгерістер енгізіліп отырады. «Бойдақ салығының» қоғамға тигізетін еш пайдасы жоқ. Конституцияның 18-бабына сәйкес әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар. Яғни әркім өзінің жеке өмірін қайда, қалай, кіммен сүреді өз еркі, оған ешкімнің қол сұғуына құқығы жоқ. Кеңес дәуірінен айырмашылығы – күні-түні еңбекке жарамды адам баласы қаржы табу жолында аянбай еңбек етіп, отбасын асырайды. Шыны керек, соңғы жылдары ажырасу туралы өтінішпен заңгер көмегіне жүгінгендердің дені – 20-25 жастағы жастар. Ал «Бойдақ салығын» енгізу туралы бастама жалған некелердің көбеюіне себеп болары хақ. Салық салу арқылы отбасы санын көбейтуден гөрі, жастардың тез аяққа тұруына жағдай жасау керек деп есептеймін, – дейді А.Бекетов.
Негізі, отбасын құрған ер-азамат бойдақтарға қарағанда 10-15 жыл ұзақ өмір сүретіні дәлелденген. Сондықтан отау иесі болуға асыққан дұрыс.
Әлем елдеріндегі бойдақтар
Кәрі қыз бен сүр бойдақ проблемасы тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де бар.Мысалы, жалғызілікті қарт адамдар көптеп саналатын Жапония елінде, сондай-ақ Қытайдың кейбір өңірлерінде демографиялық жағдайдың ерекшелігінен ер адамдар әйел іздеуге мәжбүр болып отыр.
Сонымен қатар, АҚШ пен Нидерланды мемлекеттерінде жалғызілікті адамдардың саны орта жастағы адамдар арасында жоғары деңгейде, — дейді sport-express.ru.
Жалпы, әлем елдерінде ерлер саны аз емес, керісінше, әйелдер саны көп елдер бар. Олардың ішінде Латвия, Литва, Мартиника, Гваделупа, Украина, Беларусь елдерін айтуға болады. Нақты айтқанда аталған елдерде 100 әйелге келетін ерлер саны 85-86. Ал Бразилияның Нойва-ду-Кордейру қаласында тек әйелдер ғана тұрады екен.
Қорыта айтқанда, статис-тердің есебі бойынша елімізде қазір ерлердің 40, ал қыздардың 30 пайызының басы бос екен. Бұдан он жыл бұрын жылына 160 мың отбасы шаңырақ көтерсе, қазір ол көрсеткіш 40 мыңға аз. Бұрын «Тұңғышбайларды» аналары 15-16 жасында туса, қазір 29-30 жасында туады. Қазір Алпысбай, Жетпісбайлар жоқ…
Баян ТАҢАТАРОВА
«Алатау»
 
                			
                                        			