БАСПАНА ЕНДІ ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

Бүгінде қазақстандықтардың күн тәртібінен түспей тұрған ең өзекті мәселесінің бірі – тұрғын үй жағдайы. Жыл сайын елімізде жүздеген, мыңдаған пәтердің кілті табысталып, жаңа ықшам аудандар бой көтеріп жатқанымен, басында баспанасы жоқ азаматтардың қатары әлі де қалың. Бірі – мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрса, енді бірі түрлі ипотекалық бағдарламаларға үміт артады. Ал халық Отбасы банк арқылы үй алудың нақты жолдарын қаншалықты біледі?
Осы орайда халық арасында «Отбасы банк арқылы үй алу қаншалықты оңай?», «Ереже өзгерді ме?», «Кезекте тұру міндетті ме?» деген сауалдар жиі қойылады. Осы және өзге де сұрақтарға нақты жауап алу үшін Отбасы банк филиалының мамандарымен сұрақ-жауап алмасқан едік.
– Қазіргі таңда халықты қызықтыратын басты сұрақ – 2026 жылы Отбасы банк арқылы үй алу ережелерінде өзгерістер бар ма?
– 2026 жылы айтарлықтай өзгеріс жоқ. Алайда 2025 жылы өте маңызды жаңашылдықтар енгізілгенін атап өткен жөн. 2025 жылдың 24 мамырынан бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегі толықтай Отбасы банкке берілді. Енді азаматтар тұрғын үй кезегіне orken.otbasybank.kz платформасы арқылы онлайн түрде тұра алады. Кезек автоматты түрде қалыптасады, бұл ашықтықты арттырып, адам факторын азайтады. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегіне 18 жастан бастап тұруға мүмкіндік бар, ал кезек тізімі тоқсан сайын жаңарып отырады.
– Отбасы банк тұрғын үйді қандай жолдармен береді?
– Банк арқылы тұрғын үй алудың бірнеше бағыты бар. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар:
— жалдамалы пәтер алу,
— сондай-ақ 2%, 5%, 7% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека рәсімдеу мүмкіндігіне ие.
Ал тұрғын үй кезегінде тұрмаған азаматтар да Отбасы банктің ипотекалық бағдарламаларына қатыса алады. Олардың қатарында «Наурыз», «Нау-рыз жұмыскер», «Әскери баспана», «Аралық заем», «Тұрғын үй заемы» сияқты бағдарламалар бар. Ең бастысы – бағдарламаның талаптарына сай келу және төлем қабілеттілігін растау.
– Қазіргі уақытта облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны қанша?
– Қазір Отбасы банк базасында, нақтырақ айтқанда orken.otbasybank.kz платформасында 43 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тіркелген. Олар әртүрлі әлеуметтік санаттарға жатады. Атап айтсақ: ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, соғыс қимылдарына қатысушылар, көпбалалы отбасылар, І–ІІ топтағы мүгедектер, мүгедек баласы бар отбасылар, ауыр аурумен ауыратын азаматтар, зейнеткерлер, қандастар, тұрғын үйін жоғалтқан азаматтар, толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер және апатты деп танылған тұрғын үйде тұратын азаматтар бар.
– Үй алу үшін міндетті түрде тұрғын үй кезегінде тұру қажет пе?
– Жоқ, міндетті емес. Отбасы банк арқылы ипотеканы тұрғын үй кезегінде тұрмай-ақ рәсімдеуге болады. Тіпті атыңызда бір немесе бірнеше тұрғын үй болған жағдайда да ипотека алу мүмкіндігі бар. Алайда бұл кезде банк бағдарламаларының талаптарына сай келу және табыс деңгейін растау міндетті.
– Әкімдік тарапынан берілетін үйлер де Отбасы банк арқылы рәсімделе ме?
– Әкімдік беретін үйлер Отбасы банктің балансына өтпейді. Банк бұл жерде таратушы қызметін атқарады. Яғни, тұрғын үйлерді бөлу процесі orken.otbasybank.kz сайты арқылы жүзеге асады. Ал тұрғын үйге қатысты құжаттарды рәсімдеумен әкімдік пен тұрғын үй инспекциясы айналысады.
ЖЕТІСУДА 430 ОТБАСЫ ҚОНЫС
ТОЙЫН ҚАРСЫ АЛУҒА ЖАҚЫН
Бұл сауалдардан бөлек, күні кеше Отбасы банк баспасөз өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін жағымды жаңалықты жария етті. Онда банк пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нақты нәтижелері айтылып, тұрғын үйді бөлу ісі қағаз жүзіндегі жоспар емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетті.
Жетісу облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін жыл жақсы жаңалықпен басталды. Брифинг барысында Жетісу облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 430 пәтерді бөлу жоспарланғаны мәлім болды. Алғашқы 49 отбасы жаңа жыл қарсаңында-ақ пәтер кілтін алып үлгерген. Солардың бірі – талдықорғандық Жандос Молдияров. Ол тұрғын үй кезегінде 15 жыл тұрған екен. Ол «Бұл хабарға бірден сену қиын болды. Отбасымызбен осы күнді ұзақ күттік», – деген ішкі толқынысын жеткізген болатын.
Жыл бойы пәтерлер «Жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасы аясында беріледі. Үй бөлу кезінде азаматтың кезекте тұрған уақыты, әлеуметтік жағдайы және табыс деңгейі ескерілетін көрінеді. Үш және одан көп адамнан тұратын отбасыларда жан басына шаққан табыс екі күнкөріс минимумынан аспауы тиіс, ал шағын отбасылар үшін бұл шек – 3,5 күнкөріс минимумы болуы тиіс. Жалпы, 2026 жылы күнкөріс минимумы 50 851 теңге болып белгіленген болатын.
Банк мамандарының сөзінше, тұрғын үйлердің негізгі бөлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға бағытталады. Заңға сәйкес, пәтерлердің кемінде 70 пайызы ардагерлерге, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және жесірлерге берілуі керек. Оның 20 пайызы жетім балаларға арналған болса, қалған 50 пайыз бөлігі өзге санаттағы кезекте тұрған азаматтарға ұсынылады.
Маңыздысы – жаңа пәтерлер тек Талдықорған қаласында ғана емес, аудандарда да бөлінеді. Оның ішінде Талдықорғанға – 126 пәтер, Сарқанға – 117, Кербұлақ – 54, Көксу – 46, Алакөл – 28 және Ескелді аудандарына– 10 пәтер ұсынылмақ. Бұл кей азаматтарға оңтайлы шешім болып, өз өңірінен көшпей-ақ бас-пана алуға мүмкіндік береді.
Тағы бір қолайлы жаңалық – құжат жинау жүгінің азаюы. Отбасы банк қажетті деректерді мемлекеттік базалардан автоматты түрде алады. Азаматтарға тек жеке деректерді өңдеуге келісім беріп, мобильді азаматтар базасындағы телефон нөмірін жаңарту жеткілікті.
Айта кетейік, Тұрғын үйді ұлттық даму институты мәртебесіндегі Отбасы банк 2025 жылдан бастап бөле бастады. Өткен жылдың соңында облыстық әкімдіктер алғашқы кезеңде банкке 7 715 пәтерді тапсырды.
Нәтижесінде Павлодар, Ақмола және Жетісу облыстарының тұрғындары қоныстойын атап өтті. Ал тұрғын үйді бөлу Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Қарағанды, Абай және Қызылорда облыстарында күтілуде.
ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІ: БАСҚАРУ ТОЛЫҚТАЙ ОТБАСЫ БАНККЕ ӨТТІ
Тұрғын үй саласындағы өзгерістер тек жаңа пәтер алудың маңында шектелмейді. Жыл соңынан біразымызға түсініксіз болып жатқан сұрақтар қатарын жоғарыда қойдық. Соның ішінде, үй кезегінде тұратын азаматтарға үйді неге жергілікті атқарушы органдар емес, отбасы банк табыстайды деген сауалымыз болған. Ол туралы банк мамандары соңғы жылдары бұл бағыттағы басқару жүйесі де түбегейлі жаңарғанын айтты.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 22 қарашада тұрғын үй саясатын реформалауға бағытталған заңға қол қойып, 2025 жылдың 24 мамырынан бас-тап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезекке қою және тұрғын үй беру туралы шешім қабылдау құзыреті толықтай Отбасы банкке берілген екен.
Осы өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдың 13 маусымында Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Kezekte.kz» бірыңғай ұлттық жүйесінде тіркелген 15 716 азаматтың деректерін Отбасы банкке өткізіпті.
Жаңартылған жүйе іске қосылғанға дейін де тұрғын үй беру жұмысы тоқтамапты. Бұл туралы брифингте «Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ тұрғын үй қорын басқару секторының меңгерушісі Ақмарал Исабекова:
– 2025 жылдың басынан 23 мамырына дейін Талдықорған қаласының мемлекеттік тұрғын үй қорынан әлеуметтік осал топтарға 376 тұрғын үй берілді. Оның ішінде «Бірлік» шағын ауданындағы көпқабатты үйлер, «Береке» коттедж қалашығы мен «Жастар-3» тұрғын алабындағы үйлер бар. Сондай-ақ сот шешімімен 8 азамат баспанамен қамтылған.
Бұдан бөлек, «Құлагер» шағын ауданындағы жаңа үйлер де Отбасы банк арқылы сатылымға шығарылды. 2025 жылдың басынан бері №10 және №32 үйлердегі 218 пәтер банк арқылы өз иесін тапты. Қазіргі таңда «Жастар-3» тұрғын алабынан сатып алынған 74 үй, «Шығыс» шағын ауданындағы 43 пәтерлі және Қ.Жалайыри даңғылындағы 60 пәтерлі үйлерді пайдалануға беру мәселесі қаралуда, — деді.
Жыл соңында тұрғын үй беру қарқыны одан әрі жанданғанын да тілге тиек етті маман. 2025 жылғы 18 желтоқсанда Отбасы банктің хаты негізінде «Жастар-3» тұрғын алабынан 18 азаматқа, ал «Шығыс» шағын ауданы мен Қ.Жалайыри даңғылындағы үйлерден тағы 26 пәтер беріліпті. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «Құлагер» шағын ауданынан 48 пәтер және «Жастар-3»-тен 3 жеке үй сатып алынған.
Қазірдің өзінде Қ.Жалайыри даңғылындағы №22 және №24 үйлер, «Жастар-3» тұрғын алабындағы 177 тұрғын үй, сондай-ақ «Құлагер» шағын ауданындағы №25 үйдің бірқатар пәтерлері пайдалануға беруге дайын тұр.
Бұл деректер тұрғын үй саясатының тек жоспар деңгейінде емес, нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Ал басқарудың Отбасы банкке өтуі – баспанаға мұқтаж азаматтар үшін әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етудің тағы бір қадамы.
Тілші түйіні: Баспана мәселесі – бір күннің шаруасы емес, бірақ жүйелі қадам мен нақты жауапкершілікті талап ететін сала. Соңғы сіз бен біз түсінбей, ойландырып жатқан өзгерістер көрсеткендей, тұрғын үй кезегін бір орталыққа біріктіру, процесті цифрландыру және Отбасы банкке сеніп тапсыру – тұрғын үйге қол жеткізудің бір саты жеңілдегені деп айқындайды сала мамандары. Жетісуда бөлінетін әрбір пәтер – статистика ғана емес, жылдар бойы күткен үміттің ақталуы десек те болады. Ал бұл үдеріс ашық әрі әділ жалғасын тапса, баспанаға қол жеткізу көпшілік үшін қол жетпес арман емес, нақты мақсатқа айналары анық.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
