ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН «ЫНТЫМАҚ» АУЫЛЫ

0
23

Жетісудың кіндігі іспетті Талдықорған өңірі, соның ішінде Талдықорған қаласының орналасқан орны ерекше көз тартатын қызығарлық мекен. Биік тау шатқалдарынан бастау алған Қаратал мен Көксу өзендерінің берген нәрі бұл өңірді бау-бақша, жасыл орман, жеміс-жидек, жайнаған гүлге бөлеп жәннатқа теңейді.

Соңғы жылдары Талдықорған қаласы көркейіп, өсіп ауқымы кеңеюде. Қала ішінде негізгі орталықтан бөлек 10 шағын аудан бар. Енді 11, 12, 13 шағын аудандарының жер асты коммуникациялық жұмыстары басталып та кетті. Қаратал өзенінің оң жағасы немесе шығыс бөлігінде және қаланың батыс бөлігінде көптеген елді мекендер орын тебуде. Қаланың батыс бөлігіндегі Өтенай, Еңбек, Мойнақ, Жастар-1, Жастар-2, Жастар-3, Ынтымақ-1, Ынтымақ-2, Пригородная — деп аталатын елді мекендердің барлығы әкімшілік-аумақтық жағынан «Өтенай» ауылдық округіне қарасты.
Осы елді мекендердің барлығында 17407-ден астам тұрғын тұрып жатыр.
«Өтенай» ауылдық округіне қарасты егістік жері жекеменшік үй құрылыстарын салуға рұқсат етілгеннен кейін әр үй салуға азаматтарға 0,10 га учаскелік жер бөлініп берілді. 2017-2018 жылдары жеке үйлер салынып бас-талып, бүгінгі күні Талдықорған қалалық мемлекеттік құрылыс жоспарына сай Ынтымақ деп аталатын ауыл бой көтерді. Ұзындығы 1,5 шақырымның аумағындағы кең 13 көше, көлденеңінен 15-тен астам көшелер бой түзеді. Ауылға толықтай су құбыры, кәріз құбырлары тартылды. Электр шамы барлық көшелерде кешкітұрым күндізгідей жарық беруде. Әлі де үй құрылыстарын салу жалғасып, жылдан-жылға ауылдың сәні кіріп жарасым табуда.
Ынтымақ ауылында 1200 орындық жаңа мектеп бой көтеріп, 2024 жылдың қаңтар айынан қолданысқа берілді. Бұл № 30 орта мектебіне Үсенова Сәуле Рымбайқызы мектеп директоры қызметін атқарып басшылық жасауда. Бүгінгі күні бұл мектепте 1270 оқушы екі ауысымда оқып білім алуда және шағын орталықта 75 бала тәрбиеленуде. Мектептегі асхана, акт залы, спорт залы, гимнастика залы, химия, биология, физика пәндеріне арналған модификациялық кабинеттер және басқа да оқу кабинеттері толық талапқа сай жабдықталған. Бүгінгі күні 54 сынып комплектілі бала оқытылуда. Мектепте 80-нен астам мұғалім балаларға білім береді, оның 20-дан астамы бастауыш сынып мұғалімдері барлығының білім құжаттары пәніне сәйкес. 34 кіші қызметкерлер қызмет атқарады.
Халыққа медициналық қызмет көрсету үшін 1 амбулаториялық пунктте 52 учаскеде – 1632, 67-ші учаскеде – 1902 адам, ал 70-ші учаскеде – 1612 адам тіркелген. Медициналық қызмет көрсететін 2 дәрігер, 8 медбике, екпе салатын 1 маман, 1 санитар адам, барлығы 12 адам медициналық қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, ауылда шағын бизнес нысандары көбейді. 20-дан астам азық-түлік пен құрылыс тауарларын сататын дүкендер жұмыс істеп тұр. «AYА XALL» атты мейрамхана, көлік жуу, дөңгелек жөндеу орындары бар.
Халық қалаға №227, №27, №4а автобустарымен қатынайды. Ынтымақ ауылынан аздаған оқушылар қаладағы орыс тілді, аралас тілді мектептерге автобуспен қатынап оқиды. Ынтымақ ауылындағы тұрғындардың көбі әр ауданның ауылдарынан көшіп келген адамдар болғандықтан, бір-бірімен жылы жүзде амандасып, сыйласып араласады. Көрші – қолаң бір-біріне көмек қолын созып, ауылдағы адамдардай жарасымды өмір сүруде.

БАРЫМЕН БАЗАР ДЕСЕК ТЕ…

Әрине, жаңадан бой көтеріп жатқан Ынтымақ ауылының өзіне тән проблемалары да аз емес. Болашақта жасалынар, жоспарланған жұмыстар орындалар деп үміт күткен төмендегі істер бүгінгі қажеттілігімен көңіл алаңдатады. Мәселен:
— Қалаға қатынайтын №227, №4а, №27 автобус маршруттары Ынтымақтағы Қабанбай көшесімен ғана ауылға кіріп шығады. Автобустардың жүретін бағытын тұрғындар талабына сай Ә.Молдағұлова көшесімен кіріп, М.Мақатаев көшесі арқылы ауыл ішін аралап өтсе, жаяу жүргіншілерге көп пайдалы болар еді.
Осы мәселені автобус тасымалын ұйымдастырып жүрген Талдықорған қалалық әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қарасты жолаушылар тасымалымен айналысатын бөлімі ескереді деген ойдамыз.
Ауылдан қала мектептеріне, колледждерге қатынап оқитын оқушылар, емханаларға баратын жасы келген қарт ақсақал, әжелер үлкен трассаға жаяу жетеді. Көбінесе оқушы балаларды ата-аналары шығарып салып, күтіп алады. Себебі, ауыл ішінде қаңғыбас иттер көп. Бастары біріксе адамдарға айбат көрсетеді. Ауыл ішіндегі көшелердің толық абаттандырылып бітпегені жаяу жүргіншіге де, көлікке де қиын тию-де. Дегенмен бұл мәселенің де шешілетініне елдің күмәні жоқ болса да, күн жылына тұрғындар бұл істің уақытты создырмай тезірек қолға алынғанын қалайды.
Ынтымақ ауылынан шыққан көліктер қалаға тура жүріп жете алмайды. Республикалық трассадан өту үшін сонау 3-бөлімшеге жетіп барып жолдың келесі бағытына бұрылыс жасап ауысады.
Ынтымаққа келетін көліктер Үштөбе трассасына шығып барып Өтенай, Жастар-1, Жастар-2 ауылдарын айналып өтіп жетсе, Алматы жақтан келетін көлік қаланы айналатын жолға шығып барып АКЛ тұсынан бұрылыс жасайды. Кейінгі кездері бұл тұста түс ауа көлік кептелісі болып жатыр. Сондықтан АКЛ тұсынан үлкен бір көліктер тарап жүретін құрылыс жасау өте қажеттілікті талап етуде. Бұл қажеттілік тек Ынтымақ ауылының тұрғындары үшін емес, барлық қала тұрғындары үшін және қалаға келіп кетушілер мен қаланы айналып өтетін жолаушылардың да ойында жүрген үлкен түйткілді мәселе.
Ынтымақ ауылындағы тұрғындардың көбісі — жастар. Тепсе темір үзетін шақтарында жұмыссыздықтан көбісі, әсіресе әйелдер үйде отыр. Ал ер адамдар жеке көліктерімен таксист болып күндегі нәпақасын тауып жүр.
Неге шағын болса да 2, 3 өндіріс орнын ашып халықты жұмыспен қамтамасыз етпес-ке? Сонымен қатар, мәдениет орталығы, спорт секцияларын құрып, жастарды спортқа баулу үшін спорт залдар, зейнеткерлер үшін сауықтыру орталығы мен дәріхана, т.б. орындар ауадай қажет.
Өтенай ауылдық округіндегі әкім орынбасары Мәулен Дүйсеханұлы Турабаевтың айтуы бойынша, «Өтенай» ауылдық округіне 9 елді мекен — Өтенай, Еңбек, Мойнақ, Жастар-1, Жас-тар-2, Жастар-3, Ынтымақ-1, Ынтымақ-2, Пригородная деп аталатын елді мекендер қарасты екен. Сол 9 елді мекенде барлық халықтың саны — 17407 адам. Бұл бір ауылдық округті басқару жұмысына әжептеуір салмақ келтіреді және барлық ауылдардағы проблемалардың жылдам шешілмей кешеуілдеп уақыттан қалып жататындығы анық.
«Ынтымақ ауылындағы үй салу құрылыстары әлі тоқтаған жоқ.Халық саны бұдан да көп болатыны белгілі. Сондықтан «Ынтымақ» ауылдық округін жеке ашып, оның құрамына Ынтымақ-1, Ынтымақ-2, Жастар-2, Пригородная деп аталатын елді мекенді енгізсе болар еді» — деген халықтың ой, пікірі бар екендігін жасырып қала алмаймыз.
Алдағы жылдары Ынтымақ ауылы атына сай ынтымағы жарасымды көрікті де көлемді қала типтегі елді мекенге айналатынына үлкен сеніммен қараймыз.

Сембек Әбді-Рахман,
Ынтымақ ауылының тұрғыны