
Жаһан жұртына қанат жайған жасанды интелектіні тиімді пайдалана білейік
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Жуырда Жетісу облысының білім басқармасы мен Талдықорған қаласының Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің ұйымдастыруымен Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде «Білім беру процесінде жасанды интелектінің тиімді пайдаланудың тетіктері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің директоры Мергүл Құдайбергенқызы Тұрысбектің төрағалағымен республикалық ғылыми-практикалық конференцияға білім беру ұйымдарының басшылары, облыстық және аудандық әдістемелік бірлестіктердің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, жалпы білім беру және арнайы пәндер оқытушылары, сондай-ақ өндірістік оқыту шеберлері, әдіскерлер, оқу ісі жөніндегі және өндірістік тәжірибе жөніндегі директорлардың орынбасарларымен қатар Астана, Алматы қалаларынан да жауапты мамандар қатысты. Аталмыш шараны Жетісу облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Солтанбеков Әли Солтанбекұлы Құтықтау сөзімен ашты.
Ұйымдастырушылар тарапынан Мергүл Кұдайбергенқызы:
«Қазіргі таңда адамзат дамуының негізгі бағыттарының бірі – цифрландыру және жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының кеңінен қолданылуы. Жасанды интеллект адам ойлау қабілетіне ұқсас әрекеттерді орындай алатын компьютерлік жүйелерді білдіреді. Бұл технологиялар экономикада, медицинада, өнеркәсіпте және әсіресе білім беру саласында маңызды рөл атқарып отыр.
ЖИ технологиялары адамның уақытын үнемдеуге және жұмыстың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, педагогтардың жұмыс стратегиясын өзгертіп, уақыттарын үнемдеп, үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдеуге көмектеседі. Сабақтарын сапалы әрі қызықты форматта өткізуге жәрдемдеседі. Техникалық және кәсіби білім беру саласында білікті маман, бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарын даярлауға атсалысады» — деген тұжырымды ойын ортаға салып, офлайн және онлайн бейнеформатта ұсынылған конференция пленарлық отырысқа жалғасты.
Қ.Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжінің арнайы пәндерінің оқытушысы Амержанова Еркежанның модераторлығымен өткен пленарлық отырыстағы материалдардың ғылыми құндылығы жоғары деп танылып, баяндамалар конференция жинағына енгізілетін болды.
Шара барысында «ТжКБ жүйесіндегі жасанды интеллект: мүмкіндіктер мен перспективалар. ЖИ қолданудағы этика және академиялық адалдық тақырыбымен секциялық басқосуда көптеген бағыттар бойынша ғылыми баяндамалар тыңдалды.
Тақырыпты талқылау барысында қатысушы мамандар кезегімен сөз алып, жасанды интелектінің тиімділігімен қатар зиянды тұстарын да тілге тиек етті.
Секция материалдары кәсіби музыкалық білім беру ұйымдарының оқу-әдістемелік қорына ұсынылып, секция және жариялауға жолданған баяндамалар конференция материалдарының жинағына енгізілетін болды.
Жоғары ғылыми-ұйымдастырушылық деңгейде өткен іс-шара педагогтардың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні (ЖИ) оқу процесінде қолдану саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға үлкен әсер еткен конференцияның соңында қатысушылар педагогтардың шығармашылық және әдістемелік, ғылыми дәрежелеріне қосылған үлкен үлес болатынына зор сенім білдіріп, 45 жылдық тарихы бар өнер одасының алдағы уақыттағы атқаратын ауқымды шараларына сәттілік тіледі.
Жангелді Немеребай,
ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
ҚР «Мәдениет саласының үздігі»
Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының директоры
