
ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН «OTERMA 2022»
Тұрғын үй тақырыбы қашанда күн тәртібінен түспейтін сала екені белгілі. Себебі ол ұдайы таусылмайтын әрі бітпейтін қажеттілік. Қала халқы өскен сайын тұрғын үй құрылысы тоқтамайтын процесс. Соңғы 3-4 жылда Талдықорған қаласының батыс бөлігі, яғни Жалайыри даңғылының бойында жаңа 8, 9, 10 — шағын аудандар бой көтеріп, қолданысқа беріліп, көптеген адамдар баспаналы болды. Бірақ қала инфрақұрылыстары толық аяқталған жоқ. Баспанаға зәрулік тоқтамайтын жүйе болғандықтан, қаладағы тұрғын үй құрылысы да жалғаса бермек.
Мемлекеттік құрылыс жоспары бойынша бекітілген және белгіленген жерлерде дәл қазір 11, 12, 13 шағын аудандардың жер асты коммуникациялық жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айынан басталып жүріп жатыр.
Нақтырақ айтсақ электрлік жұмыстар (Электр станция тұғырларын орнату, жер асты электрокабельдер тарту), кәріз құбырлары, ауыз су құбырлары, жылу жүйесі құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Осылардың ішінде тоқтаусыз әрі тиянақты жүріп жатқан құрылыс — кәріз құбырлары мен су құбырларын тартушы «OTERMA 2022» ЖШС. Мердігерлік ұжым бастығы Ерболат Ержанұлы.
Бүгінгі күні белгіленген 4063 метрдің 4000 метріне кәріз құбырлары салынды. Ал межеленген 10151 метр жерге су құбырларын салу жұмыстары басталып, жасалынып жатыр. Жұмысшылар таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 18-ге дейін уақытпен санаспай сапалы іс атқаруда.
Жұмысты жүйелі ұйымдастыра білетін тәжірибелі бригадир Сейлханов Алпамыстың айтуынша:
— Қажетті материалдарға зәрулік жоқ. Бәрі уақытылы жеткізіліп тұрады. Негізгі құрылыс материалдары (метал құбырлар) Қытай халық республикасынан тасымалдануда. Сол сияқты бетон қондырғы құбырлар да жұмыс басына жеткілікті мөлшерде әкелініп жатады. Мұның бәрі жұмыстың тоқтамай жүруіне ықпал етеді.
Кәріз құбырлары мен су құбырларын жеткізу сияқты жұмыстарды негізінен ауыр техникалар-экскаватор, тиегіш трактор, автомашина-манупуляторлар тоқтаусыз жеткізіп, жүріп тұр. Жер асты коммуникация тарту жұмыстарының межеленген уақыты 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап 2026 жылдың мамыр айының аяғында аяқталуы тиіс. Біз тендер шартын уақытында орындап, жұмысты көрсетілген уақытта аяқтаймыз деген сенімдеміз, – дейді бригадир.
ЖШС «OTERMA 2022» мердігерлік ұжымының жұмыс жасау қарқынына қарағанда, белгіленген уақытта жұмысты аяқтайтыны көрініп тұр. Ол туралы ЖШС бастығы Е.Ержанұлы мен бригадир Алпамыс екеуінің сөздері біздің пайымдауларымызды растады. Олай болса тек істеріне сәттілік тілейміз.
Сембек АБДРАХМАНОВ
