
ЖҰМЫСЫ ЖОҚ АДАМ САЛЫҚ ТӨЛЕЙ МЕ?
Қоғамда «жұмыссыз адам салық төлей ме?» деген сұрақ соңғы уақытта жиі қойылатын болды. Әсіресе салық жүйесіндегі өзгерістерден кейін бұл тақырып төңірегіндегі әңгіме тіпті үдей түсті. Бірі «міндетті түрде төлеу керек» десе, енді бірі «табыс жоқ болса, салық та жоқ» деген пікірде. Ақиқаты қайсы? Осы сауалға нақты жауап іздеп, Жетісу облыстық Кірістер департаментінің мамандарына жүгінген едік.
Мамандар ең әуелі басты қағиданы алға тартты. Салық – табыстан төленеді. Яғни, егер азамат еш жерде жұмыс істемесе, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, әрі өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде де есепте тұрмаса, онда оған табыс салығын төлеу міндеті жүктелмейді. «Егер азамат: еш жерде жұмыс істемесе; жеке кәсіпкер (ИП) ретінде тіркелмесе; өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде де тіркелмесе – онда салық төлеу міндеті туындамайды, себебі салық тек табыс болған жағдайда ғана төленеді», – дейді олар. Алайда бұл толықтай «ештеңе төлемейді» деген сөз емес. Егер азаматтың атына тіркелген мүлкі, жері немесе көлігі болса, онда сол үшін белгіленген салықтарды өтеу міндеті сақталады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат-тарға қатысты тәртіп біршама нақты әрі икемді. Егер адам ресми тіркелген болса, оның төлемі тек нақты тапқан табысына байланысты есептеледі. Мамандардың айтуынша: «Егер салық төлеуші өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген болса: Салық төлеушінің жеке мүддесіне алған табыс мөлшерінен әлеуметтік аударымдар ғана төленеді; табыс болмаған айда ешқандай төлем жасау қажет емес.
Яғни: табыс жоқ – төлем жоқ. Табыс бар – 4% әлеуметтік аударымдар төленеді.
Бұл 4% құрамына: 1% – зейнетақы жарнасы, 1% – жұмыс берушінің зейнетақы жарнасы, 1% – әлеуметтік аударым, 1% – медициналық сақтандыру кіреді». Бұл бір қарағанда аз көрінгенімен, бірнеше бағытты қамтитын кешенді төлем. Қарапайым тілмен айтсақ табыс жоқ болса – міндет жоқ, табыс бар жағдайда – тиісті мөлшерді өтеу керек.
Ал уақытылы төлем жасамау мәселесі – бөлек әңгіме. Мұнда мемлекет кешіріммен қарамайды. «Егер табыс бола тұра төлем жасалмаса, әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі», – деп ескертеді департамент өкілдері. Бұл өсімпұл Ұлттық банктің базалық ставкасына тәуелді және шамамен оның 1,25 еселенген мөлшерімен күн сайын қосылып отырады. Яғни, кешеуілдеген әр күн – салық төлеушіні қосымша шығынға әкеледі.
«Жалпы алғанда, қазіргі салық саясаты азаматтарды қысымға алу емес, керісінше оларды ашық әрі заңды жұмыс істеуге бағыттау мақсатын көздейді. Ережесі түсінікті: табысың бар ма – үлесіңді төле, табысың жоқ па – ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ мүлік болса, оның өз міндеті бар», — деген байламға келеді мамандар.
Түйін біреу, оқырмандар ертеңін ойлар болса, ел арасындағы алыпқашпа әңгімеге емес, нақты ақпаратқа сүйенгені дұрыс. Себебі салықтағы тәртіпті дер кезінде түсініп, орындау маңызды. Әйтпесе қосымша шығынға ұшырауыңыз да мүмкін.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
