ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ БАҚЫЛАУДА

0
16

Жетісу облысында еңбек қатынастары саласындағы ахуал тұрақты бақылауда. Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің 2025 жылғы жұмысы көрсеткендей, өңірде еңбек заңнамасын сақтау деңгейі біршама артқанымен, түйткілді мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бұл туралы брифинг барысында Жетісу облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы міндетін атқарушы Еркін Дәулетұлы еңбектегі заңсыздықтарға тоқталды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша департаментке азаматтардан 780 өтініш келіп түскен. Олардың басым бөлігі жұмыскерлердің конституциялық құқықтарының сақталуы, Еңбек кодексі нормаларын түсіндіру, еңбек даулары, жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына қатысты болған.
Жүргізілген талдау еңбек заңнамасын бұзудың ең жиі кездесетін түрлерін айқындады дегенді айтады маман. Атап айтқанда, жалақының уақытылы төленбеуі, еңбек шартынсыз жұмысқа тарту, еңбек жағдайларының талапқа сай болмауы және өндірістегі жазатайым оқиғалар өзекті мәселелер қатарында қалып отыр.
– Арыз-шағымдар негізінде департамент 91 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 80 заң бұзушылықты анықтады. Оның 73-і еңбек қатынастары саласына, ал 7-і еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты. Бұл көрсеткіштер еңбек тәртібін күшейту қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдейді, — деді Еркін Дәулетұлы.
Жалақы бойынша берешек мәселесі де назардан тыс қалмапты. Тексеру барысында 16 кәсіпорында 272 жұмыскерге жалпы сомасы 193,1 млн теңге көлемінде қарыз анықталып, толық өтелген. Сонымен қатар, заң бұзушылықтарға жол берген жұмыс берушілерге 49 міндетті ұйғарым беріліп, 10,1 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған екен. Қазіргі таңда бұл айыппұлдар толықтай мемлекет қазынасына өндірілген.
Келесі кезекте өндірістегі қауіпсіздік мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Есепті кезеңде облыс кәсіпорындарында 31 жазатайым оқиға тіркеліп, 34 жұмыскер түрлі деңгейде зардап шеккені туралы көрсеткіш айтылды.
Алдын алу және түсіндіру жұмыстары да жүйелі жүргізілді. Департамент өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп 5 брифинг пен тікелей эфир ұйымдастырып, кәсіпорындарда 164 семинар өткізген. Бұл шаралар еңбек заңнамасының талаптарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді деп есептейді сала мамандары.

2026 ЖЫЛ: ЖАҢА МІНДЕТТЕР МЕН
АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕЛЕР

Ал осы жылға келер болсақ, жылдың басынан бері департаментке 226 өтініш тіркеліп, 16 жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 19 заң бұзушылық фактісі анықталып, оларды жою бойынша 8 нұсқама берілді. Сонымен қатар, жалпы сомасы 260 мың теңгеге әкімшілік айыппұл салынып үлгерген.
Жетісу облысында еңбек қатынастары саласындағы бақылау шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Дегенмен, анықталған заң бұзушылықтар еңбек мәдениетін арттыру, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту қажеттілігін көрсетеді. Алдағы кезеңде департаменттің негізгі басымдығы – еңбек құқықтарын қорғау, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмысты жандандыру болмақ.

 

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ