БИЫЛ КАРТОП ҚАНША ТЕҢГЕ?

0
31

Өткен жылдың осы мезгілінде біршама азық-түлік бағасы қымбаттаған еді. Дәл сол уақытта базар мен дүкен сөрелеріндегі баға шарықтап, әсіресе қарапайым халықтың күнделікті тұтынатын өнімі – картоптың құны 500 теңгеге дейін жеткені есімізде. Биыл да жұртшылықты «тағы сол жағдай қайталана ма?» деген сауал алаңдатқаны рас.

Осы сұраққа жауап іздеп, базар мен сауда орындарын аралап көрдік. Байқағанымыз – жағдай біршама тұрақталған екен. Қазіргі таңда картоп базарларда 250–280 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал дүкен сөрелерінде баға сәл жоғары – 300–330 теңге шамасында. Дегенмен бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Бағаның бұлай қалыпты деңгейде сақталуы кездейсоқ емес. Саралап қарасақ, басты себеп – өңірдегі өнім қорының жеткілікті болуы шығар деп ойладық. Қоймаларда картоп бар кезде, нарықта дүрбелең болмайды, баға да негізсіз көтерілмейді ғой.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиковтан қоймадағы картоптың қазіргі деңгейі қандай екенін сұрап көрдік. Оның айтуынша, қазіргі таңда 2,1 мың тонна картоп тұқымдыққа дайын тұр. Бұдан бөлек, шамамен 600 тонна картоп сатуға сақталған. Яғни, нарықта тапшылық жоқ.
Алдағы маусымға қатысты жоспар да айқын екен. Биыл облыста 6617 гектар жерге картоп егіледі деп жоспарланып отыр. Маманның болжамынша, нәтижесінде 170 мың тоннаға жуық өнім алынуы мүмкін.
– Жаңа маусым басталып жатқандықтан, қоймадағы өнім көлемі азайған. Өнім көлемі артқан сайын баға тұрақтылығы да сақталады. Бұл – ең алдымен қарапайым халық үшін маңызды. Себебі күнделікті ас мәзірінен орын алатын картоптың қолжетімді болуы әр отбасының тұрмысына тікелей әсер етеді.
Баға жағынан айтар болсақ, біз жеке азаматтардың өнімдерін қаншадан сатып жатқанын бақылай алмаймыз. Сондықтан ауылшаруашылық өнімдерінің арзан немесе қымбат болуын әр сатушының ойына келген бағаны айтуынан туындайды деп ойлаймыз. Енді өзге елдерден әкелінетін картоптың бағасы қандай болатынын білмейміз,- дегенді айтты басқарма маманы.
Қорыта айтқанда, биылғы жағдай өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көңілге қонымды. Баға бақылауда, өнім қоры жеткілікті, ал алдағы жоспарлар үміт күттіреді. Ең бастысы халықты алаңдатқан қымбатшылық қайталанбайды деген үмітіміз бар.

Гүлнұр БАЙМҰХАН