КӨКТЕМ КӨҢІЛ

0
37

Он екі саны

Саусақты бүгіп санасам,
Жылдардың аты — он екі.
Айларға туған қарасам,
Оның да саны — он екі.
Саусақты бүгіп санасам,

Жылдардың аты — он екі.
Ұрпағы өсіп, тараған,
Бабалардың да саны — он екі.

Тартылса табақ астарда,
Жіліктің саны — он екі.
Тәрбиенің берер жастарға,
Бағыты да — он екі.

Артта қап жылдың бір күні,
Ауысар тәулік ертеңге.
Сағаттың жылжып қос тілі —
Он екіге келгенде.

Халіңді біреу сұраса,
Жаман деме, тәуір де.
Гагарин ұшты ғарышқа
Он екінші сәуірде.

Немерем келді өмірге
Он екінші сәуірде.
Ұрпағың өсіп жалғасса,
Шүкіршілік жаса тәңірге.

Болсын әр кез көңіл жай,
Жарқырап тұрсын күн мен ай.
Он екі деген — бір мүшел,
Амандық берсін бір құдай!

Он екі саны — киелі,
Барлық жұрт оны біледі.
«Айдан аман, жылдан есен бол!»,
— деген
Батагөй қарттың тілегі.

Жасырған жырға сырларым

Отырмай құр, бос текке,
Соғады көңілім әр шетке.
Жарға ұрған толқындай,
Тыншыйды тоқтап бір сәтке.

Зырылдап кейде қаламым,
Қағазға түсіріп аламын.
Сөз маржанын теремін,
Тіліндей тәтті баланың.

Жырларым тарап әр шетке,
Семей, Тараз, Жәркентке.
Барады ұшып қалықтап,
Астана және Шымкентке.

Тыңдалар асыл жырларым,
Жасырған жырға сырларым.
Ерінбей оқып, сараптап,
Жанымды ұқшы, сырғалым!

Көлік

Жүріп тұрса көлігің,
Көтеріңкі көңілің.
Болып тұрар қашан да,
Әр сапарға сенімің.

Көңіл шіркін мезгеген-
Жеткізбейтін көк дөнен.
Алыс, жақын жерлерге,
Бұрын барсаң өзгеден.

Жүрмей қалса көлігің,
Жалынышты өмірің.
Пұшпағындай терінің,
Құнсыз мынау темірің.

Көп нәрседен ұтылып,
Аласұрып құтырып.
Қол көтеріп әркімге,
Әттең-ай деп жұтынып.
Жүріп тұрсын көлігің,
Жүйрік болсын көңілің.
Тоқтаса да көлігің,
Тоқтамасын өмірің.

Жастық пен қарттық

Көктемнің гүлі,
Құстардың үні —
Бөлейді бір шаттыққа.
Қызықты күні,
Бойда жоқ міні,
Не жетеді жастыққа!

Білімің толып,
Жүрсең де озып,
Жар салуға асықпа.
Салтанат сәнді,
Жесең де дәмді,
Жетпейді — ау, шіркін, жастыққа!

Думанды күнің,
Жайнаған гүлің —
Келмейді енді аптықпа.
Бұзылып рең,
Бүгіліп тізең,
Шараң бар ма қарттыққа?!

Келмеске кеткен жастық — ай,
Ескертпей жеткен қарттық — ай!

Сембек АБДРАХМАНОВ