ЧЕМПИОН ТӘРБИЕЛЕГЕН ШАҢЫРАҚ

0
61

6 мамыр – қазақ спортының аңызы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің туған күні. Ел мақтанышына айналған даңқты балуанның есімі бүгінде Талдықорғандағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне беріліп, оның жеңісті жолы жас спортшыларға үлгі болып келеді. Бүгінде бұл білім ордасы талай чемпионды тәрбиелеп, республикалық және халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр.

Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Сонымен қатар, әлем чемпионы атанып, КСРО біріншіліктерінде бірнеше мәрте топ жарды. Спорттағы жарқын жетістіктерімен қатар, ол саналы ғұмырын жас буынды тәрбиелеуге арнады.
Бүгінде осындай ұлы тұлғаның есімі Талдықорған қаласындағы «Жақсылық Үшкемпіров атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне» берілген. Бұл оқу орны – болашақ чемпиондарды тәрбиелеп отырған маңызды білім және спорт ордасы.
Осы білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында директордың спорт жөніндегі орынбасары Қанатбек Ерсін Орнықбекұлымен сұхбаттасқан едік.
– Колледжге Жақсылық Үшкемпіровтің есімі қашан берілді? Оқушылар қандай жетістіктерге жетіп жүр?
– 2022 жылдың 22 тамызында облыс әкімдігінің арнайы қаулысы негізінде оқу ордамызға Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Өйткені мұндай тұлғаның атын иелену – тек атақ қана емес, оның жолын жалғастырып, жас спортшыларға сол деңгейде тәрбие беру міндетін жүктейді.
Біздің спортшылар жыл сайын республикалық және халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп келеді. Олимпиада деңгейіндегі спортшыларымыз да бар. Мысалы, Демеу Жадыраев грек-рим күресінен күміс жүлде иегері, Карина Горичева ауыр атлетикадан ел намысын қорғап жүр. Сонымен қатар, бокс, еркін күрес, садақ ату секілді спорт түрлерінен шәкірттеріміз жастар арасындағы Азия чемпионаттарына жолдама алып, өз әлеуеттерін дәлелдеуде. Бұл – жүйелі дайындық пен жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі.
– Оқу орнына қабылдау талаптары қандай?
– Бізге қабылдау бірнеше кезеңнен тұрады. Негізінен 6-сыныпты аяқтап 7-сыныпқа өткен оқушыларды қабылдаймыз. Алдымен үміткерлер дене дайындығы бойынша нормативтер тапсырады, одан кейін олардың спорттық жетістіктері мен қабілеті жан-жақты қаралады. Бәсекелестік жоғары, сондықтан тек үздіктер ғана іріктеліп алынады.
Әрине, білім мен спортты бірдей алып жүру оңай емес. Бізде барлығы нақты жоспармен ұйымдастырылған. Оқушылар күніне екі мезгіл сабақ оқып, екі мезгіл жаттығу жасайды. Мұғалімдер мен жаттықтырушылар бірлесе жұмыс істейді. Соның арқасында балалар әрі білім алып, әрі спорттық шеберліктерін шыңдай алады.
Қазіргі таңда оқу орнында 475 спортшы білім алуда. Бізде 10 олимпиадалық спорт түрі қамтылған. Атап айтқанда, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, дзюдо, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, волейбол, футбол және басқа да бағыттар бар. Әр спорт түрі бойынша тәжірибелі жаттықтырушылар жұмыс істейді.
– Материалдық база қалай қамтамасыз етілген?
– Материалдық-техникалық база талапқа сай. Мысалы, боксшыларға арналған екі ринг бар, ал күрес түрлеріне жеке-жеке арнайы кілемдер қарастырылған. Жаттығу залдары қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл спортшылардың сапалы дайындалуына мүмкіндік береді.
Оқушыларға барлық жағдай қарастырылған. «Болашақ» және «Саяхат» атты жатақханалар бар. Балалар толықтай осы жерде тұрып, білім алады. Үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, олардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық жағдайы үнемі бақылауда.
Ата-аналармен байланыс – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Әр сыныпта тәрбиеші бар, солар арқылы ата-аналармен тұрақты түрде байланыс орнатамыз. Қажет жағдайда жиналыстар өткізіліп, балалардың оқу үлгерімі мен спорттағы жетістіктері талқыланады.
– Оқу орнын дамыту бойынша жоспарларыңыз бар ма?
– Алдағы уақытта жатақха-наларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, спорттық базаны одан әрі жетілдіру көзделген. Негізгі мақсатымыз – халықаралық деңгейде топ жарып, ел намысын қорғайтын спортшыларды тәр-биелеу.
Қорыта айтқанда, Жақсылық Үшкемпіровтің есімін иеленген бұл білім ордасы – тек білім беретін мекеме ғана емес, ел болашағын тәрбиелейтін, спорт арқылы ұлт абыройын асқақтататын маңызды орталық. Мұнда тәрбиеленіп жатқан әрбір жас – ертеңгі ел намысын қорғайтын үмітіміз. Олардың әрбір жеңісі – ұстаздар мен жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегінің, жүйелі дайындықтың жемісі.
Бүгінде бұл шаңырақтан түлеп ұшқан спортшылар республикалық, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Алдағы уақытта да аталған оқу орны жаңа чемпиондарды тәрбиелеп, қазақ спортының көкжиегін кеңейте беретіні сөзсіз. Жақсылық Үшкемпіровтің жарқын есімі мен жеңісті жолы жас буынға мәңгілік рух беріп, оларды биік мақсаттарға жетелей бермек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Дария ТАСҚЫНҚЫЗЫ