
117 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСПЕН ҚАМТЫЛМАҚ
Жетісу облысында биыл қала сыртындағы 10 жазғы сауықтыру орталығы балаларды қабылдайды. 25 мамырдағы жағдай бойынша барлық лагерьлер жазғы маусымға толық дайын.
Облыс бойынша 1-10 сынып аралығындағы 117 мыңға жуық оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған. Оның 106 427-сі мектеп жанындағы 299 алаңда, ал 10 350 бала қала сыртындағы лагерьлерде демалады.
1 маусымда «Көктөбе», «Алтын Чажа», «Эдельвейс», «Қарлығаш» орталықтары ашылады. 10 маусымнан бастап «Бастау», «Жыланды этно кэмп», «Айналайын» лагерлері іске қосылады. Ал Алакөл жағалауындағы «Жалын», «Шағала», «Жансая» сауықтыру орталықтары 15 маусымда жұмысын бастайды.
Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы 6500-ге жуық баланың демалысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен қатар «Балдәурен» республикалық орталығында 201 бала демалса, демеушілер қолдауымен мыңдаған оқушы жазғы сауықтыру шараларымен қамтылады.
Жазғы кезеңде 40 мыңға жуық оқушыға Алакөл, Балқаш, Қапшағай көлдеріне және облыстың көрікті жерлеріне экскурсиялық саяхаттар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»








