ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ АНЫҚТАЛАДЫ

Жетісу өңірінде отбасы құндылықтарын дәріптейтін ең беделді жобалардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінім қабылдау науқаны басталды. Биыл да еңбекқорлығымен, бірлігімен, қоғамдық белсенділігімен көпке үлгі болған отбасылар бақ сынамақ.
Осыған орай, Журналистер үйінде брифинг өтіп, байқауды ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын барысында Жетісу облысының «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арыстанғали Қадырұлы мен облыстық Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бейбітқызы конкурсқа қатысты маңызды ақпараттармен бөлісті.
Спикерлердің айтуынша, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеу, ата-аналық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдағы отбасы мәртебесін арттыру.
Өткен жылы Жетісу облысында байқаудың облыстық кезеңіне 415 өтінім қабылданған. Оның ішінде 163 отбасы өзін-өзі ұсынса, 252 өтінім жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың ұсынысы негізінде түскен. Іріктеу нәтижесінде облыстық кезеңге өткен 30 отбасының арасынан үздіктер анықталып, қаржылай сыйлықтармен марапатталған. Ал Ескелді ауданынан қатысқан Бектеновтар отбасы республикалық кезеңде өңір намысын қорғап, ұлттық конкурстың лауреаты атанған еді.
Биыл облыстық кезеңді ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 9,5 миллион теңге қарастырылған. Конкурсқа қатысу үшін өтінімдер 15 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылдануда. Қазіргі таңда 73 отбасы құжат тапсырған.
Байқауға еңбекте, спортта, шығармашылықта, ғылымда жоғары жетістіктерге жеткен, сондай-ақ волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық және тәлімгерлік қызметпен айналысатын отбасылар қатыса алады. Өтінімдерді отбасының өзі немесе жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалар ұсына алады.
Дегенмен, бұған дейін республикалық деңгейдегі «Мерейлі отбасы» конкурсының лауреаты атанған отбасыларға, сондай-ақ қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салынған ұйымдардың мүшелері бар немесе сотталған мүшелері бар отбасыларға конкурсқа қатысуға рұқсат етілмейді.
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар аудандық және қалалық ішкі саясат бөлімдеріне қағаз немесе электрондық форматта 15 маусымға дейін тапсырылуы тиіс. Құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда олар кері қайтарылып, түзетуге мүмкіндік беріледі.
Маусым айының соңына дейін аудандық және қалалық комиссиялар үміткер отбасыларды іріктеп, облыстық кезеңге жолдама береді. Ал шілде айының алғашқы жартысында облыстық комиссия үздік отбасыларды анықтайды. Нәтижесінде үш отбасы қаржылай сыйлықтарға ие болып, жеті отбасы ынталандыру сыйлығымен марапатталады.
Облыстық кезеңнің жеңімпазы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атанып, қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне қатысады.
Ұйымдастырушылар қоғамға үлгі болатын, бірлігі жарасқан, еңбекқор әрі белсенді отбасыларды байқауға қатысуға шақырады. Себебі берекелі отбасы – берік қоғамның негізі.








