Нотариат туралы не білеміз?

0
36

 Жақында, шілде айының ортасында елімізде нотариустар кәсіби мерекесін атап өтті. Редакцияға кештеу жеткен материалдар ішінде сол нотариалдық кеңсе жұмысы туралы жазылған екен. Журналистика ардагері Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ шағын мақалада нотариустар өткізген шараларға тоқталыпты.

НОТАРИУСТАР ТЕГІН КЕҢЕС БЕРДІ

Жақында облыс нотариустары өздерінің кәсіби мерекелерін – Нотариат күнін атап өтті. Атаулы датаға орай облыстық нотариаттық палатасы кеңсесінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелер жайында тегін заңгерлік кеңес алды.
Маңызды шара барысында білікті нотариустер Сәуле Байғалиева мен Айнұр Толымбекова, Шолпан Мурзекенова, Ердос Ниетов, Ләззат Бекбосынова, Абзал Армановтар келушілермен кеңінен әңгімелесіп, білгісі келген жайттарының жай-жапсарын жан-жақты түсіндірді. Мәселені шешу жолдарын нұсқап, кеңсеге көмек сұрап келген азаматтардың көңілдерінен шыға білді.
Сөз орайы келгенде, тұрғындарды толғандырып жүрген жайттардың аз еместігін де атай кетейік. Нақты айтатын болсақ, аталған шара барысында мұрагерлік іс пен автокөлікті төлемді бөліп төлеу шартымен сатып алу-сату шарты, тұрғын үйге тиесілі аулалық құрылыстарды заңдастыру, қарыз шарты негізінде жасалған атқарушылық жазба, тұрғын үйге қатысты құжаттарға құқықтық сараптама жүргізу, қайтыс болған тұлғаны шаруа қожалығы мүшелерінің құрамынан шығару, сатып алу-сату шарты жайында әңгіме қозғалды.
Нотариат кеңсесінен кеңес сұрай келген қала тұрғындары Мария Пащенко мен Ақмарал Байдаханова, Анатолий Пронцкий, Марлен Рысбаев, Ақбота Уальбаева, Вера Иванова, Арман Сланжанұлы ұйымдастырылып отырған шараға орай шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Тәжірибелі заңгер Арман Бекішбаев жетекшілік ететін облыстық нотариаттық палатасының мүшелері мұндай шараларды жиі ұйымдастырып, қайырымдылық акцияларына белсене қатысады. Олар мұндай шараларды облыс қана емес, аудандар көлемінде де өткізіп, көпшілік алғысын алып жүр. Ондай шаралардың қатарында түрлі «Ашық есік күндері» мен «Заң мен тәртіп» тақырыбына өткізілетін дөңгелек үстелдерді, республика көлемінде ұйымдастырылатын «Халық заңгері» акциясын атауға болады.

Нотариус кеңес береді

Талдықорған қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «нотариус кеңес береді» атты акциясы өткізілді. Жетісу облысы нотариаттық палатаның төрағасы Бекішбаев Арман Сеиітжапарұлы, Талдықорған қаласының нотариустары Битлеуова Аида Берикболовна және Мукашев Адиль Сламбековичтің қатысуымен белсенді ұзақ өмір сүру орталығының келушілері нотариалдық кеңес алды. Кеңес беру барысында зейнеткерлер мұрагерлік іс туралы, өсиет, сыйға тарту шарты т.б.  сұрақтарына жауап алды.
Қоғамдағы кез келген азамат нотариат кеңсесіне бармай қалған емес. Әуелі қарызға берген ақшаңды « бердім-алдым » деп заңды түрде куәландыру да осы нотариус кеңсесінде жүргізілетінін білеміз. Дегенмен, осы кеңсе қызметкерінің атқаратын істерін тереңірек біліп, зерделеп көрелікші.

Нотариаттық әрекеттерге
не жатады?

-мәмілелерді, соның ішінде сенімхаттарды, өсиеттерді, шарттарды (жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, кепілге қою, шарттардың басқа да түрлерін) куәландырады;
-мұраға құқық туралы куәліктер береді; мұраға қалдырылған мүлікті қорғау шараларын атқарады;
-жұбайлардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәліктер береді;
мүлікті иеліктен айыруға тыйым салады және тыйым салуды алып тастайды; құжаттардың көшірмелерінің шынайылығын және үзінді жазбаларын куәландырады; құжаттарда қойылған қолтаңбалардың туралығын, бір тілден екіншісіне аударылған құжаттардың аудармасының туралығын куәландырады;
— азаматтың тірі болу фактісін, азаматтың белгілі бір жерде болу фактісін куәландырады; азаматтың суреттегі бейнесіне ұқсастығын куәландырады; құжаттардың ұсынылу уақытын куәландырады;
-жеке және заңды тұлғалардың мәлімдемелерін басқа жеке және заңды тұлғаларға береді, депозитке ақша қаражатын және бағалы қағаздарды қабылдайды, атқарушылық жазуларын жүргізеді, вексельдердің протестін жүргізеді;
-төлемге чектер береді және чектердің төленбегендігін куәландырады; құжаттарды сақтауға қабылдайды, теңіз тасымалындағы наразылықты жүргізеді; дәлелдерді қамтамасыз етеді; Қазақстан Республикасының заң актілерімен қарастырылған басқа да нотариаттық әрекеттер атқарады.
Сіз өз құқығыңызды білесіз бе? Нотариаттық іс жүргізу Қазақстан Республикасының тілдер туралы заңнамасына сәйкес жүреді. Егер нотариаттық іс-әрекетті атқаруға қатысты хабарласқан тұлға іс жүргізу тілін білмесе, рәсімделген құжаттардың мәтіндері оның өтініші бойынша оған аударылуы тиіс.
Нотариус жеке және заңды тұлғаларға олардың заңды мүдделерін қорғауға және жүзеге асыруға атсалысады. Нотариус келген тұлғаларға олардың құқықтары мен міндеттері туралы егжей-тегжейлі түсіндіреді, орындалатын нотариаттық әрекеттердің салдарлары туралы ескертеді, бұл заң білмеушіліктің оларға зиян келтіре алмауы үшін керек.
Нотариус білікті әрі толық ауқымды құқықтық көмекті, құқықтарды тиісті түрде рәсімдеуді, мәмілелердің құқықтық сенімділігін, дәлелділігін және шынайы заң кепілдіктерін қамтамасыз етеді.
Нотариаттық рәсімделген құжаттар жария мойындауға және дәлелдеу күшіне иелік етеді.

Нотариустар туралы жаңа заң не дейді?

Нотариат туралы жаңа заңды қабылдаудағы негізгі мақсат нотариустың онлайн қызметін қадағалауды реттейді. Бүгінде пилоттық режимде іске қосылған цифрлық платформада ұзын саны 800 мың қызмет көрсетіліпті. Көбі сенімхат пен келісімшартты куәландыру сияқты кеңінен таралған қызмет түрлері. Нотариус қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту не үшін қажет?Бұл туралы 24 кз.тілшілері былай дейді.
— Нотариустың атқарушылық жазбасы – соттың араласуынсыз-ақ берешекті өндіруге рұқсат беретін құжат. Демек, қарызды өндірудің ең қарапайым тетігі. Алайда, оны іске асыру үшін азаматтар микроқаржылық ұйым алдында борышы барын жазбаша түрде мойындап, нотариус арқылы растауға тиіс. Міне, дәл осы талап көп жағдайда орындалмаған. Прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде көптеген заң бұзушылық анықталыпты.  Мәселен, Павлодар облысында екі нотариус 20 мың атқарушылық жазба қолданған. Мәжіліс депутаттарының «Нотариат туралы» заңды қайта қарауға прокуратураның тексерісі түрткі болған. Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасы ендігіде нотариат қызметін жіті тексеріп, заңсыздықтың алдын алуды көздейді. Оған қоса, нотариаттық қызметтің бірсыпырасы цифрлық ортаға өтуі — мемлекеттік бақылауды жеңілдете түспек.
Нұрсұлтан Байтілесов, ҚР Мәжіліс депутаты: — Жазбаша келісім деген он бағыт бар осы атқарушылық жүргізуге нотариустарға рұқсат берілетін. Сол он бағыттың бірі — жазбаша келісім. Сол жазбаша келісімнің ішінде мемлекеттік квазимемлекеттік сектордан ақша өндіру, заңсыз әрекеттері болған. Бір тексеріспен екі миллиардқа жуық теңге.Өндірілген ақшалар қазір қайтарылып жатыр.

Кімдер нотариус болады?

Білуімізше, нотариус болатын адам ең бірінші жақсы заңгер болуы шарт. Жұмыс өтілі, нотариалдық палатадан тағлымдамадан өтіп барып аттестациядан, тесттерден өтеді. Тағысын-тағы түрлі тексеулерден өту парыз. Нотариус болу тек клиенттен ақша алу емес, заңға сәйкес құжаттандыру арқылы табыс табу. Ең бастысы, осы сынақтардан өткен нотариусқа лицензия мерзімсіз уақытқа беріледі екен. Нотариустық қызмет атқару барысында қызмет ақысын асырып баға қою мүмкін емес. Өйткені, бәсекелестік басым. Алатын ақысы — белгіленген тариф бойынша. Тек заңға сәйкес құжаттандыру жүргізуі шарт.

Заң бұзатын
нотариустар да бар

Жұртшылық нотариустың қызметін жиі пайдаланатыны белгілі. Нотариатқа жүгінбейтін адам кемде-кем. Үй, көлік сату, құжат ресімдеу, мұрагерлік, келісім-пәтуә секілді азаматтық істердің барлығы да осы нотариуссыз бітпейді. Халықаралық талаптар бойынша 16 мың тұрғынға бір нотариус қызмет көрсетуі тиіс екен. Бізге жеткен тексерілмеген деректер бойынша, Талдықорған қаласында 55 нотариус бар көрінеді. Аз ба, көп пе? Бұл арифметиканы бізге қызмет көрсеткен нотариустан естідік. Дегенмен, соңғы жылдары нотариаттар кеңсесі көбейгені хабарлама-жарнамалардан да байқалады. Көп болғаны да жақсы. Бәсекелестік күшейеді. Қызмет деңгейі де заңды бағытта жүреді. Әділет департаментіне заңсыз әрекеттерге жол берген нотариустарға қатысты шағым түсірген жағдайда нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал қылмыстық iс бойынша айыпталушы ретiнде тартылған жағдайда, нотариус мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан нотариаттық iс-әрекеттер жасап заң бұзғанда немесе нотариустың мөрін басқа адамға берген жағдайда нотариустың лицензиясының күшi алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатылады екен. Заң бұзып,бостандықтарынан айырылу жағдайлары да кездесіп қалатынын жұртшылықтың білетіні анық. Сондықтан, нотариус та заң қағидаларының сақталуына міндетті де жауапты тұлға болып табылатынын ұмытпаған жөн.