ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫНА 643 ӨТІНІШ ТҮСТІ

0
42

Жұмыс орнындағы қауіпсіздік – әр адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытында Жетісу облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тұрақты түрде бақылау және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

 

          Бұл туралы баспасөз мәслихатында Жетісу облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Еркін Дәулетұлы айтып өтті. Оның сөзінше, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек оқыс оқиға болғаннан кейін әрекет етумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – жазатайым жағдайға жол бермейтін жүйелі шараларды алдын ала қалыптастыру.
Ағымдағы жылы департамент тарапынан 30 арнайы тергеп-тексеру жүргізілген. Оның 20-сы жұмыскерлердің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған өндірістік жарақаттарына байланысты болған. Жалпы осы оқиғалардың салдарынан 27 жұмыскер зардап шексе, өкінішке қарай төрт адам қаза тапқан.
Қайғылы жағдайлардың қатарында Алакөл және Панфилов аудандарында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмыс барысында қаза болған оқиғалар бар. Ақсу ауданында жол саласында еңбек еткен жұмыскердің өмірі қиылса, Текелі қаласында электр тогынан адам қаза болған.
– Мұндай деректер еңбек қауіпсіздігі талаптарын формалды түрде сақтаудың өзі жеткіліксіз екенін көрсетеді. Әр жұмыс орнында қауіп-қатерді алдын ала бағалап, жұмыскердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нақты шаралар қабылдау қажет.
Өндірістегі оқыс оқиғалардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – жұмыскерлерді тұрақты түрде оқытып, қауіпсіздік ережелерін күнделікті бақылауда ұстау. Бұған қоса жұмыс берушілер ішкі бақылауды күшейтіп, еңбек жағдайының қауіпсіздігін жүйелі түрде тексеруі керек. Ақаулы немесе техникалық талаптарға сай келмейтін жабдықтарды пайдалануға жол бермеу де аса маңызды, — дейді маман.
Жыл басынан бері департаментке 643 өтініш түскен. Олардың басым бөлігі еңбек қауіпсіздігі мен еңбек құқықтарының сақталуына қатысты. Сонымен бірге жұмыс берушілерге қатысты 47 шағым қаралған. Осы бағыттағы жұмыстың бір бөлігі кәсіпорындармен тікелей түсіндіру іс-шараларын жүргізуге бағытталған. 50-ден астам кәсіпорында семинарлар өткізіліп, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру және практикалық жұмыстар ұйымдастырылған.
Еңбек қауіпсіздігі мәселесі жасөспірімдер мен студенттер үшін де өзекті. Жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орындарына жұмысқа орналасуы жиілейтіндіктен, олардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылған. Осыған байланысты еңбек инспекциясы полиция және білім басқармасымен бірлесіп, жаз басталмай тұрып-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтер ұйымдастырған.
– Кәмелетке толмағандардың еңбекке тартылуы кезінде олардың жасына, жұмыс уақытына, еңбек жағдайына және еңбек шартының жасалуына қатысты талаптар қатаң сақталуы тиіс. Қазірге дейін студенттерге еңбекақы төлемеу фактілері бойынша департаментке шағым түспеген. Дегенмен мұндай жағдай орын алған жағдайда, еңбек инспекциясы тиісті тексеру жүргізіп, азаматтардың құқықтарын қорғауға дайын, — дейді Е. Дәулетұлы.
Сонымен қатар, маман жұмыс берушілерді азаматтарды тиісті құжаттарсыз жұмысқа жібермеуге шақырды. Себебі еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау тек жұмыскердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын шектеп қоймай, жұмыс берушіге әкімшілік жауапкершілік те жүктейді. Әсіресе кәмелетке толмағандармен еңбек шартын жасаспауға қатысты жауапкершілік жоғары. Мұндай құқық бұзушылық үшін жұмыс берушілерге 50 АЕК-тен бастап айыппұл салынады. Ал кәмелетке толған жұмыскерге қатысты осындай құқық бұзушылықтың жалпы негіздегі ең төменгі айыппұлы 30 АЕК-ті құрайды.
Г. БАЙМҰХАН