Отбасы – ошақтың берекесі
Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық, береке мен бірліктің бастауы. «Отан – отбасынан басталады» деген дана халқымыз отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген. Осы орайда Ақсу ауданы Ақын Сара атындағы мәдениет үйінде әдіскер Динара Саматқызының ұйымдастыруымен Отбасы күніне арналған «Отбасы – ошақтың берекесі» атты тағылымды тәрбие сағаты форматында кеш болып өтті. Оған Жетісу облысының «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Ақсу ауданындағы филиалынан бес ана немерелерімен қатысты. Бұл игі іс-шарадан осы мәдениет үйінің директоры Нұрланбек Ильяс та қалыс қалмады.
Кештің
басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-анаға деген құрметті арттыру, бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін айқындау және ұлттық салт-дәстүрді насихаттау болды.
Шара барысында отбасының адам өміріндегі орны туралы мазмұнды әңгімелер айтылып, қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Тәрбие кешінің «Отбасы – қасиетті ұғым» бөлімінде көрермендерге сұрақ қойылып, олар отбасы дегенде ойға келетін асыл құндылықтарды атап, мейірім, сүйіспеншілік, сыйластық, татулық пен бірліктің маңызын атап өтті.
Қазақ отбасындағы үлкендердің орны да назардан тыс қалмады. «Ата – бәйтерек, әже – бұлақ» бөлімінде ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер бала тәрбиесі, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, отбасындағы берекені сақтау жөнінде ақыл-кеңестерімен бөлісті. Қазақтың дәстүрін дәріптеп, жас буынға өз өнегелерін көрсетіп жүрген Лаубаева Бақыт, Ахметқалиева Райхан, Хамза Паридаш, Тұрсынбек Мейіргүл, Усанова Жаңыл – әжелер өздерінің өмірде жинаған тәжірибелерімен бөлісті.
Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге арналған «Салтымыз – сана, дәстүріміз – дара жол» бөлімінде халқымыздың өмірімен біте қайнасқан шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, тілашар, шашу шашу, бата беру сияқты дәстүрлердің тәрбиелік мәні сөз болды. Бұл ретте де әжелер өз немерелерімен қойылымдар көрсетіп, жастарға үлгі боларлық ойларымен бөлісті. Кеш барысында үлкен кісі жастар мен отбасыларға ақ батасын беріп, ізгі тілегін білдірді.
Сонымен қатар «Отбасылық дәстүр» бөлімінде қатысушылар өз шаңырақтарындағы қалыптасқан дәстүрлерді және шаңырақтағы өздері жасаған қолөнерлерінің маңыздылығын әңгімелеп берді. Бұл арада балаларға да «отбасы туралы түсінік», «Отбасындағы береке қалай болады?», «Әжелердің берген тәрбиесі дұрыс па?» дегендей сұрақтар қойылды.
Кеш барысында көрермендер де назардан тыс қалмады, «Мақал – сөздің көркі» бөлімінде көрермендер отбасы мен тәрбиеге байланысты мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, белсенділік танытты.
Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі – «Отбасым – мақтанышым» бөлімі болды. Әр шаңырақтың шаттығының куәсіндей отбасылық фотосуреттерден құралған слайд көрсетіліп, әр шаңырақтың өзіндік тарихы мен қадір-қасиеті бар екені айтылды.
Шара соңында жүргізушілер қатысушыларға ақжолтай тілектер айтып, отбасыларына береке, бірлік, амандық және молшылық тіледі. Ән орындалып, барлық қатысушылар естелік суретке түсті.
Отбасы – ошақтың жылуы, шаңырақтың тірегі, ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі. Отбасы берік болса – қоғам да берік. Сондықтан әр шаңырақта сыйластық пен мейірім, үлкенге құрмет пен кішіге ізет орнап, отбасы құндылықтары әрдайым биік тұра берсін!
Шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз кең, босағаларыңыз берік болсын!
Лаубаева Бақыт Жанетқызы
Ақсу ауданы
