Жетісу облысы бойынша денсаулық саласындағы цифрландыру барысы
Ұлт денсаулығы – мемлекеттің күші! Денсаулық адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі цифрландыру мен жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытуға ерекше мән беріп, 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Ондағы көрсетілген негізгі бағыттар мен мақсаттар қандай?
Жасанды интеллектіні енгізу: Экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін ЖИ технологияларын жаппай қолдану.
Цифрлық трансформация: Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, толыққанды «цифрлық мемлекетке» айналу.
Бәсекеге қабілеттілік: Озық технологиялар арқылы елдің халықаралық аренадағы орнын және экономикалық әлеуетін арттыру.
Жауапкершілік: Бұл бағыттағы жұмыстарды сән қуып, ұрандату үшін емес, нақты нәтиже үшін жүзеге асыру қажеттігі атап өтілді.
Жетісу облысындағы денсаулық саласындағы цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы және кадр тапшылығы туралы мәлімет сұрап Жетісу облыстық денсаулық басқармасының басшысы Асқар Маратұлы Садықовқа сауал жолдаған едік.
Басқарма басшысының орынбасары А.Кенжеғұлова қол қойып жіберген жауапта төмендегідей деректермен таныс болдық:
Жетісу облысы медициналық ұйымдарында 1547 дәрігер және 5857 орта медицина қызметкерлері жұмыс атқарады дегенімізбен облыста кадр тапшылығы өзекті мәселенің бірі болып табылады. Бүгінгі күні облыс бойынша әлі де 120 дәрігер қажет. Бұл мәселені шешу уақытқа байланысты болғандықтан алдағы уақыттарда кадр тапшылығы біртіндеп шешіледі деген ойдамыз.
Денсаулық саласын цифрландыру бойынша айтар болсақ, облыс бойынша 355 денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 305-і мемлекеттік, 50-і жекеменшік ұйымдар.Денсаулық сақтау ұйымдарының барлығы, яғни 100% интернет жүйесіне қосылған.
Медициналық ұйымдарда «Жетісу», «ДамуМед», «103 Көмек» медициналық аппараттық жүйелері жұмыс істейді.
Сондай–ақ, тиісті мобильді қосымшалар іске қосылған. Қазіргі кезде «Даму» медициналық ақпараттық жүйесіне алты мемлекеттік медициналық ұйым, ал «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесіне жиырма төрт мемлекеттік медициналық ұйым қосылған.
Облыстың барлық медициналық ұйымдары медициналық бейнелерді сақтау, беру және мұрағаттауға арналған PACS жүйесімен интеграцияланған. Аталған жүйе диагностикалық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Медициналық ұйымдарда пациенттің дәрігерге нақты келгенін растау мақсатында FaceID технологиясын қолдану бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Жобаға қажетті веб-камералар сатып алынды. Бұл жоба 2025 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылды.
Облыстық медициналық ұйымдары беретін медициналық анықтамалар азаматтардың eGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеттеріне электрондық форматта түседі. Сонымен қатар облыста жеке медициналық кітапшаны электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілді.
2025 жылы 1- қаңтардан бастап облыстың медициналық ұйымдарында жеке медкітапшаларды электрондық форматта беру жүзеге асырылуда.
Ал жасанды интеллект туралы деректер мынадай:
Цифрландыру және жасанды интелектіні дамыту жылы аясында облыстың 3 медициналық ұйымында – Облыстық ауруха-нада, Панфилов және Сарқан аудандарының ауруханаларында инсультті ерте анықтауға арналған жасанды интеллект негізіндегі компьютерлік томографияны талдау бойынша SEREBRA жобасы енгізілуде.
Жобаның негізгі мақсаты – диагноз қою уақытын қысқарту және дәрігерлердің шешім қабылдауына уақтылы қолдау көрсету. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша жұмыстар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмалары және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
Автордан: сауалға берілген жауапқа сүйенсек кадр тапшылығы мәселесінен басқа облыстың денсаулық саласында цифрландыру мәселесі де, ЖИ-мен жұмыс істеу мәселесі де оң жолға қойылған тәрізді. Іске сәт!
Сембек Абдрахманов
«Алатау»
