Біржан сал мен ақын Сара айтысына 155 жыл
Айтыс — қазақ халқының көне, әрі аса құнды поэзиялық, суырыпсалмалық сөз сайысы мен жыр жарысы. Айтыстың негізгі ерекшеліктеріне келер болсақ, олар қазақ айтысында бірнеше түр-сипатқа ие. Қазақ айтысының ішіндегі ең озық айтыс деп айтуға болатын Біржан сал мен Сара Тастанбекқызының айтысы. Екеуі де аттары тарихта қалған жандар. Айтыс 1871 жылы қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде Ешкіөлмес тауының баурайында Тоғызқұмалақ ауылында өткен. Оның негізгі тақырыбы — қазақ әйелдерінің бас бостандығы. Жақында сол тарихи мекен — Қапалда Біржан сал мен Сара ақынның айтысына 155 жыл толғанына арналған жас оқушылар айтысы өтті.
Айтыстың өтуіне бастама көтеріп, белсенділік танытқан «Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мен Талдықорған қаласындағы «Жетісу облысының Мұқаметжан Тынышбайұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі» директоры — Аязбаева Рысжан Әбсеметқызы.
Жастар арасындағы бұл айтысты ұйымдастырып өткізудегі негізгі мақсат: Жетісу өңіріндегі айтыс өнеріне бейімі бар жас таланттарды анықтау. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Жетісу өңірінен шыққан Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақовтардан кейін жас ақындар қатары үзіліп қалды. Сол себепті, «Ел іші –өнер кеніші» демекші, әлі де жас таланттар табылар деген үмітпен осындай айтысты ұйымдастыру жұмыстары жалғасып жатпақ.
Қапал ауылдық мәдениет үйінің алдына ертерек жеткен Талдықорған қаласынан айтыс өнерінің майталман ардагері Айтақын Бұлғақов бастаған топ: ақын, Қазақстанның құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым, Қазақстан жазушылар одағының Жетісу облысындағы уәкілі, «Ерен еңбегі үшін» медальдың иегері жазушы Жангелді Немеребай, «Егеменді Қазақстан» газетінің Жетісу облысындағы тілшісі, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Мұқтар Күмісбек ақын Сараның зиратына барып тәу етіп келгендерін айтты. Мәдениет үйінің фойесінде М.Тынышбайұлы атындағы музейден әкелініп қойылған жәдігерлерді ел тамашалады.
Сонымен қатар әр ауданнан айтыскер ақын оқушы балалар да келіп жетті. Жиналған үлкен-кіші көрермендермен зал лық толды.
Сахнадан Айтақынды көргеннің өзі бір қуаныш
Сахна төріне көптен көрінбей кеткен Айтақын Бұлғақов шыққан сәт сәл болса да толқулы сәт болды. Ақын Жетісу өңіріндегі айтыс өнерінің соңғы кезде әр түрлі себептермен дағдарып қалғаны туралы айта келіп, бұдан әрі бұл істі жандандыру үшін облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабеков атсалысып, қолдау көрсетіп отырғандығына тоқталды. Сондай-ақ, жастар арасындағы айтыс өнерін жалғастыру үшін, «Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы»-мен, «Жетісу облыстық білім басқармасы»-мен келісім жасалғандығы туралы айтып өтті. Болашақта Жетісу өңірінде өткен Бақтыбай, Қуат, Рүстембек, Қалқа т.б. айтыскер ақындардың рухын жаңғыртып, сол кісілердің атындағы жас ақындар айтысы өтетіндігі туралы әңгіме қозғады.
Сөз соңында сахнаға айтыскер ақын балаларды аты-жөнімен атап шақырды.Сахнаға 12 оқу жасындағы ұл-қыздар шықты, яғни олар 6 жұп болып айтысады.
Айтысты жүргізуші өзі екендігін және 3 адамнан тұратын әділ қазылар алқасы: Нүсіпбай Әбдірахым – әділқазылар төрағасы, Жангелді Немеребай және Мұқтар Күмісбек — алқаның мүшелері екендігін жария етті.
Одан әрі Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Сарыбаев Амандос Ақышұлы осы айтыс өнерінің Ақсу ауданының тарихи орыны саналатын Қапал ауылынан бастау алғандығы қуантарлық жай екендігін айта келіп, ұйымдастырушыларға алғысын, ал айтыскер жастарға сәттілік тілегін жеткізді.
Айтыскерлер алты жұпқа бөлінді
Айтыскер ақындар төмендегідей ретте жұптасты:
1-жұп: Панфилов ауданы Болатхан Мейрамбек 6- сынып оқушысы;
Ескелді ауданы Рақымжан Ғалымжан 5-сынып оқушысы.
2-жұп: Көксу ауданы Қизат Нұрқасиет 9-сынып оқушысы;
Талдықорған қаласы Қанатқызы Ақбаян 5 сынып оқушысы.
3-жұп: Көксу ауданы Мулизатұлы Нұраят 10- сынып оқушысы;
Ақсу ауданы Жақсылықов Нұрасыл 10- сынып оқушысы.
4-жұп: Көксу ауданы Қуаныш Мейір 9- сынып оқушысы;
Батырханұлы Талғар 9-сынып оқушысы
5-жұп: Талдықорған қаласы Мұхамәди Нұрлы 5- сынып оқушысы;
Талдықорған қаласы Айқынқызы Айсері 5- сынып оқушысы.
6-жұп: Талдықорған қаласы Біржанұлы Марғұлан 10 -сынып оқушысы;
Қаратал ауданы Мұқаметқали Медина 5- сынып оқушысы
Өздеріңіз байқап отырғандай, оқушылардың айтысына жүректері дауалап келген жас айтыскерлердің саны қалың емес. Жетісу өңіріндегі 8 аудан мен екі қаласы бар және облыс орталығын қосқанда айтысқа келген жас ақындардың саны 6 ғана өңірден екені аталған тізімнен көрініп тұр. Соған қарағанда, бұл мәселе Айтақын айтқандай, жас ақындар мектебінің жұмысын бұдан әрі жандандыру керектігін, дамыту қажеттігін көрсетіп тұрғандай…
Айтыста алған бағалар
Бірінші жұп сахнаға шақырылып, айтысты бастап та жіберді.Көрермендер арасында ой бәрекелді деген дауыстар шығып, шапалақпен қолдау көрсетіліп жатты. Мейрамбек көпшілікпен сәлемдесіп алғаннан кейін мектеп директоры мен ұстаздарының өзіне деген тапсырмасын былай жеткізді:
«Директор шақырып ап ерле деді,
Жүлдесіз бұл айтыстан келме деді.
Жұдырығын түйіп ап физруктар
Намысты қолдан берме деді»,- деп айтып өтті.
Жаркенттік Болатхан Мейрамбек жуан дауысты бала екен де, Ескелді ауданы Ақешкі ауылынан келген Рақымжан Ғалымжан ұяң дауысты бала екен. Айтыс барысында Мейрамбек Ғалымжанға қарап:
«Ақешкіден келген ешкі дауысты қарсыласым…», — деген қағытпа шумақтары болды.
Әділ қазылар айтыскерлердің баллдарын есептей келе, жоғары балл алған жаркенттік Болатхан Мейрамбек пен талдықорғандық Мұқамәди Нұрлыны ақтық айтысқа шақырды.
Айтысты бастап кеткен Мейрамбек бірден Нұрлыны қағыта сөйледі:
Финалға шығуымның тез болғаны -ай,
Қалайша отырамын сөз қозғамай.
Бір сіңлісімен шығам ба деп ем Сара ақынның
Құдайдың Жиенқұлға кез қылғаны -ай», — деп бастады.
Нұрлы да қарап қалмады:
«Болса да бойым аласа, ойым биік,
Басыма күн өтіп тұрған жоқ жаңбыр тиіп…»,- деп жалғастырып кетті. Әдемі айтыс көрсетті. Болашақтарынан үлкен үміт оты жылтылдап көрінгендей болды. Әділқазылар айтысты қорытындылағанға дейін Ақсу аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көрермендерге өз өнерлерін көрсетті. Концерт соңында айтыскер ақындар тобы сахнаға шақырылып, солардың алдында Ақсу ауданы «Әділет» партиясының төрайымы Алма Жанатбекқызы ыстық тілегін жеткізе отырып, айтыскер оқушылардың бәріне Алғысхат тапсырды.
Айтыс қорытындысы
Одан әрі әділқазылар алқасы айтыстың қорытындысын жария етті.
Жүлделі орындар алғандар ғана емес сөз зергері,көрермен көзайымы сияқты номинациялар жас ақындар Батырханұлы Талғар, Біржанұлы Марғұлан, Қанатқызы Ақбаян, Қуаныш Мерей, Қизат Нұрқасиет бес мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болса, Ұлттық өнер номинациясы бойынша Мулизатұлы Нұраят заттай сыйлықтармен марапатталды.
Үшінші жүлделі орын иеленген Айқынқызы Айсеріге – 40 000 тг,
Екінші жүлде иегері Рақымжан Ғалымға – 60 000 тг,
Бірінші жүлделі орын иегері Мұқамәди Нұрлыға – 80 000 тг.
Бас жүлде иеленген Болатхан Мейрамбек — 120 000 тг.
Сөз соңында…
Айтыс аяқталғаннан кейін дәлізде тұрған біздерге 3-4 ауыл тұрғындары келіп: «Өте бір жақсы айтыс өтті. Осы бағытта жастарды тәрбиелей беріңіздер. Қазақ өнерінің шыңы — осы айтыс өнерін жаңғыртып қолға алып жатқан Айтақын аға, сіздерге көп рахмет!» — деп ризашылықтарын білдіріп кетті.
Біз де айтыскер ақын Айтақын Бұлғақовтың алдағы мақсаттарын білгіміз келіп,әңгімеге тарттық .
Айтақын: Бүгінгі айтыс оқушылар арасында алғашқы рет болып тұрғандықтан әрине, кем-кетік жақтары болды. Оған айтысты жүргізуші ретінде түсіністікпен, кеңшілікпен қарадым. Әділқазылар алқасы да солай қараған сияқты. Ал алдағы жоспарлар туралы айтатын болсақ, өткен жылдың екінші жартысында жасалған болатын. Бүгінгі айтыс — тырнақалды айтыс деуге болады. Ендігі айтыс жастар арасында 28.09.2026 ж. Талдықорған қаласында өтеді. Содан әрі жалғаса бермек.
Негізгі мақсатымыз — жастар арасынан талантты балаларды тауып, оларды әрі қарай тәрбиелеу.Қысқасы, айтыс өнерін өркендету — аға ұрпақ біздің басты парызымыз деп есептеймін.
Автордан: Тәлімді іске бастау алғандай жоспарлар екен, айтып отырғаныңыз. Әрбір ұйымдастырған іс-шаралар бүгінгідей өтіп тұратын болса, мақсатқа жетесіздер деп сенеміз. Жақсы пікірде айтылған жақсы жоспарлар жүзеге ассын, ұстаздан озған шәкірттеріңіз көп болсын!
Сембек Солтанұлы
«Алатау»
