Тартысты жағдайда өтті

Республика күні ұлттық мерекесіне орай Панфилов ауданының бірнеше елді мекенінде волейбол турнирі өткізілді. Қос турнир де тартысты жағдайда өтіп, көрермендерге зор әсер қалдырды.
Көктал ауылдық округі Көктал ауылында 25 қазан-«Республика күні» ұлттық мерекесіне орай жасөспірім ұлдар арасында волейболдан аудандық жарыс өткізілді. Аталған іс шараға 9 команда қатысып бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша Д.Қонаев атындағы орта мектебінің командасы топжарды. Екінші орын Қожбанбет би атындағы орта мектебі волейболшыларының еншісіне тиді. Ал, үшінші жүлделі орынды Ә.Бөкейхан атындағы орта мектебінің командасы түйіндеді.
Жеңіске жеткен командалар “Жетісу облысы бұқаралық спортты іс-шараларды өткізу клубы” КММ-нің Панфилов аудандық филиалының мадақтамаларымен және Панфилов ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің медальдарымен кубоктарымен марапатталды.
* * *
Шолақай ауылдық округі, Дихан-Қайрат ауылы, Дихан-Қайрат орта мектебінде ұйымдастырылған жарысқа 5 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыстың ашылу салтанатында мектеп директоры Ердос Нұрбоппаұлы сөз сөйлеп, қатысушы командаларға сәттілік тілеп, спортшыларды жеңіске жігерлендіре түсті.
🏐 Жарыс барысында жас спортшылар өздерінің шеберліктерін, командалық үйлесімділіктерін және жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Тартысты әрі қызықты ойындар нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Турнир нәтижесі бойынша Керімағаш орта мектебінің командасы үздік шықты. Екінші орын Дихан-Қайрат орта мектебі ұжымының үлесіне тиді. Үшінші жүлделі орын Жамбыл атындағы орта мектептің волейболшыларына бұйырды.
Осы өткен жарыстар спорт – бірлік пен достықтың, салауатты өмір салтының кепілі екенін тағы бір паш етті. Өз тарапымыздан жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтай отырып, барлық қатысушы командаларға алғыс айтып, жас спортшыларға биік белестер мен толағай табыстар тілейміз!
Сержан Әбілғазы







