Жетісу турист қонақты күтуге дайын ба?

0
21

Дайын. Егер туристік нысанға турист өз көлігімен жете алса. Өйткені облысымызда туристік бағыттар көп те, ал оған жету ұйымдастырылмаған. Шетелде туристік бюроларда туристік бағыттарға жолдамалар сатылып, туристік бюролар дегеніңіз көшеде әр бұрышта отырады қызметін сатып. Ал бізде ол жоқ. Көлігі жоқтар машина жалдап әлек. Жалдау құны өте қымбат. Туристік автобус деген бізде болмайды .

  Соған қарамастан, туристік нысандарға бай Жетісу өлкесінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпы аумағы 84 гектарды құрайтын 3 жаңа экопарк ресми түрде ашылғанын бұдан бұрын қуана хабарлаған болатынбыз. Қалпағымызды аспанға атып қуандық.
«Қызыл тас-Тасбақа» экопаркінің ашылуына барып, елді сүйіншілеген едік. Былтыр «Қойтас» экопаркінде қонақ болып, табиғаттың сұлу суретінен керемет әсер алып қайттық. Кейін Текелі қаласында табиғат аясынан тағы парк ашылғанын естідік. Оның аты Серкесай екен.
Оқушылардың күзгі демалысы қарсаңында 2026 жылдың 27-ші қазанында Талдықорған әкімдігіне «балаларды отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында мектеп немесе қалалық білім бөлімі Қызылтас-Тасбақа экопаркіне туристік сапар ұйымдастыратын болса ол жаққа жету үшін әкімдіктен қандай көмек болады?» деген сауал жолданған еді. Осы мазмұндағы хаттар Текелі қаласы мен Сарқан ауданының әкімдіктеріне де жіберілді.
Іргемізде отырған Талдықорған қалалық әкімдігі әлі күнге дейін қойған сұрағымызға үнсіз отырса да, Текелі қаласы мен Сарқан ауданы әкімдіктері газет редакциясына дер кезінде жауаптарын жолдапты. Оқушылардың күзгі демалысы өтіп кетсе де күздің сұлу күндері жалғасуда. Табиғат аясында ашылған экопарктер әлі де болса балалардың сүйікті демалыс орындарына айналады деген ниеттеміз.

Текелінің Серкесай экопаркі

Текелі қаласы әкімдігіне қарасты «Текелі қаласы әкімінің аппараты» Сіздің 2026 жылғы 27 қазандағы № ЖТ-2026-04768186/1 «Серкесай» экопаркіне оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру мәселесіне қатысты сұрақтарыңызға төмендегіні хабарлайды. Талдықорған және Текелі қалаларын байланыстыратын автомобиль жолы облыстық маңызы бар жолдар санатына жататындықтан, аталған бағыт бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселелері тиісті уәкілетті органдардың құзыреті шегінде қаралады. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Текелі қаласының әкімдігі өз өкілеттіктерін заңнамада белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады. Осыған байланысты оқушыларды Талдықорған қаласынан Текелі қаласына дейін тегін тасымалдауды ұйымдастыру және қаржыландыру Текелі қаласы әкімдігінің құзыретіне жатпайды. Сонымен қатар, оқушылардың Текелі қаласына келуі өз тараптарыңыздан ұйымдастырылған жағдайда, қала әкімдігі олардың «Серкесай» экопаркіне баруына ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге дайын екендігін хабарлайды. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, Сіз Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес шағымдануға құқылысыз. Текелі қаласы әкімінің орынбасары С.Құрманбаев, орындаушы Ж.Кульбаева ,тел: 8 705 254 17 42 деп көрсетіліпті жауапта.
Редакциядан: Бұл жауаптан түсінгеніміз, Талдықорғаннан келетін экотуристерді Серкесайға жеткізу Текелі қалалық әкімдігінің құзіретіне жатпайды. Текеліге туристер өздері жеткен жағдайда ғана әкімдік қолдау ұйымдастыра алады екен. Келістік жауаппен. Ал сонда Текеліде экотуристер, оқушылар жоқ па Серкесайға баратын? Серкесай қаланың орталығында емес шығар, оған да жету керек емес пе?

Сарқан ауданындағы «Қойтас» экопаркі

Сарқан ауданындағы «Қойтас» экопаркіне бару, көлік қатынасы және мектеп оқушыларының демалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жолдаған қызметтік сұрақтарыңызға жауап – дейді Ж. Рабигулов, Сарқан ауданы әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімі басшысы. Төменде жауаптар.
1. Табиғатты тамашалаушыларға жасалған жағдайлар
Сарқан ауданының туристік әлеуеті жоғары. Сарқан қаласындағы негізгі туристік нысандардың бірі – «Қойтас» экопаркі. «Қойтас» экопаркі демалушылар мен туристер үшін ашық және өз қонақтарын күтеді. Өңірімізде туризмді дамыту және тұрғындардың демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында экопарк аймағында барлық қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, демалушылар үшін арнайы серуендеу жолдары, демалыс орындары мен ақпараттық тақталар орнатылған.
2. Арнайы көлік мәселесі
Сарқан ауданындағы «Қойтас» экопаркіне аудандық әкімдік тарапынан арнайы тұрақты қоғамдық көліктер немесе арнайы тасымалдау көліктері қарастырылмаған. Келушілер өздерінің жеке көліктерімен немесе жеке тасымалдаушы агенттіктердің қызметіне жүгіну арқылы бара алады. Сарқан қаласына Қазақстанның барлық өңірлерінен Алматы-Өскемен республикалық маңызы бар автожол арқылы жетуге болады, автобустар, шағын автобустар және таксилер қатынайды.
3. Оқушылардың саяхатын ұйымдастыру
Мектеп оқушыларының демалысы кезінде «Қойтас» экопаркіне саяхат пен экскурсиялар ұйымдастырғысы келетін мектеп әкімшілігі Талдықорған қалалық білім бөліміне немесе Облыстық білім басқармасына хабарласуы қажет. Оқушыларды тасымалдау шаралары білім беру ұйымдарының бекітілген қауіпсіздік талаптарына сәйкес және тиісті мекемелермен келісіле отырып ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасы Әкімші-
лік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес, сіз осы сұрау салу бойынша қабылданған шешімге риза болмаған жағдайда сотқа дейінгі тәртіппен Сарқан ауданының бизнесті қолдау және туризм бөліміне (Сарқан ауданы, Абай көшесі, 75) шағымдануға құқығыңыз бар.
Қорытынды: Бұл жауапты пысықтамай-ақ қояйық. Қысқасы, бізде туристік нысандар бар, бірақ оған жету қиын екенін түсіндік…

Баян Таңатарова
«Алатау»