Бағдарламасын таныстырды
Астана қаласында өткен «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабының ашылу салтанатында үгіт-насихат жұмыстарының негізгі бағыт-бағдарлары айқындалып, сайлауалды штаб құрамы мен бағдарламасы таныстырылды.
Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар, партия мүшелері, жастар қанатының белсенділері қатысты. Сондай-ақ, 20 өңірлік штабтың қызметкерлері онлайн байланыс арқылы қосылды. Аталған саяси бірлестік атынан Мәжіліске 33 кандидат, ал облыстық мәслихаттарға 500-ге жуық кандидат үміткер. «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев: «Ауыл» сайлауалды насихат жұмыстарына дайын. Республикалық штабтан бөлек, 20 облыстық штаб жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, барлық аудан мен қалаларда штабтар құрылған. Сонымен бірге 1,5 мыңнан астам партия мүшелері жұмыс жасайтын болады. Біз ауыл проблемаларын білеміз және оларды шешу бойынша нақты көзқарасымыз бар»,– деді.