Облыс басшысы шаһар тұрғындарымен кездесті

0
233

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесу сәтін ел тағатсыздана күткен тәрізді. Неге десеңіз, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына жиналған жұрттың қарасы көп болды. Ал, бұл облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлының аймақ басшылығы қызметін атқарғалы бері өңір халқымен отызыншы, ал талдықала тұрғындарымен үшінші мәрте кездесуі екен.

Облыс әкімінің елмен кездесуінде өңір әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар мен алдағы атқарылар жоспарлар тілге тиек етілді. Бұған дейінгі қала тұрғындарымен кездесуде айтылып келген 25 мәселенің 12-сі қазіргі таңда толық шешімін тауып, қалғаны бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Осы жолы да елдің көтерген негізгі мәселесі баспана жайында болды. Бұл туралы аймақ басшысы: «Баспана, пәтер кезегінде тұрғандардың санына қарап айтар болсақ, бір ғана адамның мәселесі емес, өңір үшін түйткіл. Ал мұны тарқатуға қауқарлы тірлігіміз бар. Биыл 1083 пәтер пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бірнеше тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Келер жылғы меже – екі мыңнан аса пәтерді қолданысқа енгізу. Бізде Отан ортақ, ел ортақ, жер ортақ, сол сықылды сот та, прокурор да, әкімдік те ортақ. Заң үстемдік ететін мемлекетте өмір сүреміз. Заңнан аттап, пәтер кезегін жылжытуға құқығымыз жоқ. Тек құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп, қордаланған баспана кезегін екі есе қысқарту – біздің құзыретте», – деді Б. Өксікбайұлы.
Облыс басшысы бұл мәселенің жібін тарқатуды қала әкімі Ернат Бәзілге жүктеді.
Мұнан соң облыс әкімі Бейбіт Исабаев атқарылған жұмыстар мен алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарымен бөлісті. Өңірдің бас шаһары Талдықорғанның әлеуметтік-экономикалық өрісін кеңейтіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруда толайым тірлік бар. Өткен 11 айда облыс орталығында 117,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 4 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өндірісі 130 млрд. теңгеге жетеді деп межеленуде.
Қаланың өндірістік әлеуетін ілгерілетуде де ауыз толтырып айтар тірлік бар. Биыл екі кәсіпорын іске қосылды: «Халық астық Экспо» ЖШС-нің ауыл шаруашылық өнім кептіру элеваторы және «Алтынғажинов» ЖК-нің жүн көрпе өндіру цехы. Сонымен қатар «Алмас Керамикс» серіктестігі өндірісін кеңейту шараларын жүзеге асырды. Әлі де құрылысы жүріп жатқан «ASMA Industrial» компаниясының аккумулятор зауыты облыс орталығының әлеуетін көтеруге жұмыс істейтін күн алыс емес.
Жалпы өңірдегі басты мәселенің бірі – Талдықорған қаласындағы индустриялық аймақтың ірі өндіріс орындарымен толмауы, инвесторлық жобалардың қолға алынбауы. Аты дардай аймақта бар-жоғы алты кәсіпорын бар. Келер жылы жұмысы тұралаған «Жетісу Май» және «Жетісу Мажико агрокешені» кәсіпорындарының тамырына қан жүгіреді деп күтілуде. Аймақ басшысы жергілікті әкімдік пен тиісті басқарма басшыларына атаулы аймаққа инвесторлар мен инвестициялық жобаларды тартуға жұмыс істеу керегін тапсырды.
Сонымен қатар облыс әкімі білім және медициналық сапалы қызметпен қамту, қаладағы саябақтарды жаңғырту жайында атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоспарлармен де бөлісті.
«Жиында көтеріліп жатқан сауалдардың дені баспана кезегі төңірегінде. Байқаймын, қала әкімдігінің қызметкерлері тұрғындарды қабылдауда жөнсіз жұмыс жүргізетіндей. Мұндай шағым бір емес, бірнеше рет түсіп отыр. Егер әкімдік қызметкерлері халыққа жайлы қызмет көрсетсе бұл жиында көпшілік баспана мәселесін көтеріп даурығысып жүрмес еді. Ернат Дүйсенбекұлына қала әкімдігінің жұмысын саралауды әрі жүйелеуді тапсырамын», – деді облыс әкімі.
Тұрғындар тарапынан қаланы абаттандыру жұмыстары жөнінде де, сонымен қатар жаңадан бой көтерген шағынауданда учаскелік полицейлерге арналған пункттің жоқтығы, осы аудандарда бейнебақылаудың аздығы және алаяқтық қылмысының қоғамда өршуі мен қылмыстың сирек ашылуы да сөз болды. Бұл тұрғыда аймақ басшысы жергілікті құқық қорғаушыларға халықтың шағымына сай жұмысты үдетуді тапсырды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ