ТАБИҒАТҚА ЖАНАШЫРЛЫҚ – ТАЗАЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

0
180

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының жалғасы ретінде Ескелді ауданында әр бейсенбі күні «Таза бейсенбі» атты акция өтеді. Аталмыш акция аясында аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысшыларымен қатар елді мекен тұрғындары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері де ерікті түрде еңбек етеді.

«Ескелді ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, авмобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бағлан Абылқасымовтың айтуынша, өткен шараға барлығы екі жүзге жуық адам қатысқан.
Шара «Таза бейсенбі» деп аталғанымен өткен аптада біз тазалау жұмыстарын сейсенбі күні бастап, жұма күні бірақ тәмамдадық. Өйткені межеге алған Алматы – Өскемен республикалық тас жолы бойындағы Бақтыбай ауылының жолын, сонымен қатар, Талдықорған қаласына қарасты үшінші бөлімше мен Көксу ауданының екі ортасындағы жолдың бір жақ беті 5 километр, екі жағын қосқанда 10 километр жерді тазалап біту оңай шаруа емес, – дейді Бағлан Абылханұлы.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Айгерім РӘШ, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері: – Аудан бойынша  өткізілетін тазалық шарасына ерікті түрде қалмай қатысуға тырысамын. Себебі табиғатымыздың таза болуына, экологиялық ахуалдың жақсаруына аз да болса өз үлесімді қосқым келеді. «Көп түкірсе көл» демекші, келесі   осындай акцияға қатысатын  еріктілердің қатары көбейсе екен деймін.

Тазалық шарасына қажетті барлық техника тартылыпты. Атап айтсақ, 3 жүк көлігі, 1 трактор, 13 шөп шабатын моторлы шапқыш. Мекеме басшысының сөзінше, тазалық шарасы аясында жолдың екі жақ бойындағы қураған, жабайы ағаштар мен қалың өскен шөптер шауылып, қоршаулар мен жол бойында орнатылған архитектуралық нысандар сырланып, жаңаланған.
Бұған дейін аудан орталығы мен елді мекендердің шыға берістерін, олардың ішіндегі көшелерін және ауылдар арасындағы жолдарды тазалау жұмыстары жасалды. Келесі кезекте саябақтар мен Қарабұлақтың ішінде бұрынғы қант зауыты аумағындағы және халық барып демалып отыратын нысандардың өсіп қалған шөптерін шабуға барамыз. Тазалау шаралары маусымдық емес, жыл бойы тоқтамай жүргізіліп тұратын жұмыс қой, – деген Б. Абылқасымов шараға ерікті түрде қатысу-шыларға алғысын білдірді.

Айнұр ӘБДІРАХЫМ


ПІКІР ЖАЗУ