БИЛІККЕ КІМ ЖАҚЫН: ХАЛЫҚ ПА, ӘЛДЕ САЛЫҚ ПА?

Күннен күнге өсіп бара жатқан бағалар кімді болса да қобалжытпай қоймайды. Ренішімізді жасырмай «неге қымбат?» деген сұрақтар жиілей бас-тады. Дүкендерді байқасаңыз, жаппай жабылып алып жатқан тұтынушы жоқ. Сауда үйлеріндегі киім-кешек сатушылар «сауда жоқ» деп жылай бастады. Азық-түлік дүкендері тамақты «рассрочкаға» қуана-қуана беретін болды. Бағасы удай болса да аласың, нан жегің келеді… тамақ ішкің келеді. Дүкен иелері де салық өсті, заттың бағасын өсірмесек күн көре алмай қаламыз – деп шағымданады тұтынушыға. Сонымен бір беймаза кезең келе жатқан сияқты. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі жүздеген түзетумен толықтырылып, бизнес өкілдерінің наразылығын туғызды және қызу талқыланды. Бұл туралы «Алатау» газеті де біраз жаздық. Көпшілік алаңдаушылық туғызып жатса да Жұманғарин мырза халықты «босқа дүрлікпеңіздер, бәрі дұрыс болады» – дегендей басып қояды. Осы орайда бір өзекті мәселе қалай шешілер екен деп әлеуметтік желіден іздестіріп едім Ұлысмедианың төмендегі мақаласын көріп, оқып шықтым. Газет форматына сәйкес қысқартып алған нұсқасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Өйткені ондағы мәселе бәрімізге ортақ.
2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін бизнес пен қарапайым қазақстандықтарды не күтіп тұр? Шағын кәсіпкерлік күйрей ме, әлде реформа жаңа мүмкіндіктерге жол аша ма? Осы және өзге де сұрақтарды Ulysmedia.kz тілшісі ел арасында кеңінен танымал екі сарапшыға – салық кеңесшілері Екатерина Ким мен Айжан Балакешоваға қойыпты.
ДАУЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ
– 2025 жыл Қазақстандағы бизнес пен азаматтар үшін ауқымды өзгерістерді күту кезеңіне айналды. Жалпы айтқанда, Жаңа жыл кереметіне сенбейтін жыл болғалы тұр, – дейді Екатерина Ким пессимистік көзқарасын жасырмай. Оның айтуынша, қазірдің өзінде жеткізушілер бағаны жаппай көтере бастаған. Бұл – алдағы өзгерістердің алғашқы салдары. Негізгі себеп – логистикалық компаниялардың жалпыға бірдей салық режиміне ауысуы. Бұл тасымал құнының қымбаттауына әкеледі. Соның нәтижесінде барлық дерлік тауар кемінде 10-15 пайызға қымбаттайды, — деп болжайды Ким.
Айжан Балакешова да баға сөзсіз өсетінін айтады, бірақ мұның себебін тек логистикамен емес, шығындар тізбегінің барлық саласымен байланыстырады, оның айтуынша ешкім шығынға батып жұмыс істегісі келмейді. Мысалы, оның компаниясы қызмет бағасын 45 пайызға көтерген, мұндай қадамға көптеген кәсіпкер барған. Ал қымбатшылық болса қазірдің өзінде 50 пайыздан асып отыр. Екі сарапшының ойы: 2026 жыл бетбұрыс кезеңі болады. Ким үшін бұл жаппай кәсіпорындардың жабылу қаупі бар «өте қиын кезең» болса, Балакешова «Заң талаптарына сай жұмыс істейсің немесе жұмыс істемейсің. Басқа жол жоқ» дейді.
ШАҒЫН БИЗНЕС ҚҰРИ МА, ӘЛДЕ
«Таза парақ» ашыла ма?
Әлеуметтік желілер мен кәсіпкерлер чаттарында «шағын бизнес тығырыққа тірелді» деген көңілсіз мем тарады. Екатерина Ким бұл қауіптің негізсіз емес екенін айтады. Қазірдің өзінде кейбір кәсіпкерлер бизнесті жабу туралы шешім қабылдап жатыр. Ал мұндай жол жұмыс орындарының қысқарып, жұмыссыздықтың артуы мен бағаның өсуі сияқты қиындықтар әкеледі.
Ал Айжан Балакешова дүрбелеңге берілудің қажеті жоқ дейді. Ол микро және шағын бизнеске арналған «таза парақ» бағдарламасын еске салды. Жабылудың қажеті жоқ, тек шығынға жұмыс істемеу керек,- дейді ол.
КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАМЕН КҮРЕС:
НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Екатерина Кимнің пікірінше, көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған реформа кері нәтиже беріп жатыр. Сауда базаларындағы көтерме сатушылардың көбі тек қолма-қол есеп айырысуға көшіп жатыр. Бұл «көлеңкелі бизнестің» қайта оралуын және бизнестің біртіндеп көлеңкеге кетуін білдіреді, – десе, Балакешова бұл пікірмен келіседі, бірақ жаңа ережелерді заңдастыруға ынталандыру керек, қазірдің өзінде «ашық болу» керек деп есептейді. «Әсіресе жеке тұлғалармен жұмыс істейтіндерге (сұлулық салондары, мейрамханалар, сауда) қатысты», – дейді ол. Оның айтуынша, айналымы 2,5 млрд. теңгеге дейінгі B2C секторына арналған жаңа «жеңілдетілген режим» (4%, өңірлерде 2-3%) осыған мүмкіндік береді.
ӨМІР СҮРУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ
Байқағанымыздый, мәселені талқылай келе сарапшылар ортақ пікірге тоқтағандай болғанмен, алайда оның өзін әр қырынан көреді. Екатерина Ким нақты шешу жолын ұсынбайды. Оның болжамынша, реформада көзделген ашықтықтың орнына әлеуметтік шиеленіс күшеюі ықтимал.
Айжан Балакешова болса мынадай нақты қадамдар ұсынады:
Жеке және бизнес шоттарды бөлу: «Бизнес ақшасын жеке шотқа қабылдау тәжірибесін тоқтату».
Жаңа режимдерді пайдалану: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын B2C бизнес үшін жаңа шарттар тиімді болуы мүмкін.
Дүрбелеңге берілмеу: «Барымен жұмыс істеуге мәжбүрміз».
Шығын өсімін бағаға қосу: мұны қазірдің өзінде пәтер бағасының қымбаттайтынын хабарлап жатқан құрылыс компаниялары жасап отыр.
– Қалай болғанда да халық амалын табады, бірдеңе ойлап шығарады. Бірақ ешкім өзіне зиян келтіріп жұмыс істемейді, – деп түйіндейді Балакешова.
P.S. Ұлттық экономика министрі әрі вице-премьер Серік Жұманғарин және оның командасы осындай асығыс салық өзгерістерін ұсынғанда нені басшылыққа алды деген ең басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бұл қатаң шаралардың тиімділігі толық есептелмеген бе? Әлде «батылдықты» көрсету арқылы жоғарыға ұнау ниеті ме? Әлде заңды бизнес пен азаматтардың күнделікті тіршілігін терең білмейтін біреу жазды ма?
Айжан Балакешованың айтуынша, көптеген жұмсартушы нормалар президенттің араласуынан кейін ғана қабылданған. Егер Президент араласпаса не болар еді деп ойланасың? Бастапқы жобалар бұдан да қатаң болып, нағыз шокқа әкелуі әбден мүмкін еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың салмақты ұстанымы мен премьер-министр Олжас Бектеновтің байыптылығы бүгінде тежеуші факторға айналып отыр. Алдағы уақытта да олардың осы теңгерімді позициясы өзгермей, салықтық асыра сілтеуге жол бермейді деген үміт бар. Өйткені кез келген реформаның мақсаты күш көрсету емес, даму үшін жағдай жасау. Осы қағида барлық болашақ шешімдердің басты өлшемі болуы тиіс.
