«Кіртиген көз» — блефаропластика сұлулыққа ұмтылыс па, әлде тренд пе?

0
22

        ХХІ ғасырда пластикалық хирургия адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Соның ішінде көз қабағына жасалатын ота — блефаропластика әлемде де, Қазақстанда да ең көп сұранысқа ие процедуралардың бірі болып барады. Бүгінде бұл ота тек қартаю белгілерімен күресу құралы емес, сонымен қатар «европеизация» (азиялық көз пішінін өзгерту) мақсатында да жиі жасалады. Алайда, блефаропластиканың жаппай белең алуы шынымен де эстетикалық қажеттілік пе, әлде әлеуметтік желілер таңған, ұлттық болмысқа жат жасанды стандарттардың құрбаны болу ма?

Сын тұрғысынан қарағанда, блефаропластикаға жүгінетіндердің басым бөлігі психологиялық факторлар мен жарнаманың әсеріне ұшырағандар. Instagram мен TikTok сияқты платформалар мінсіз, үлкен және айқын көздерді сұлулықтың жалғыз өлшемі ретінде насихаттайды. Нәтижесінде, адамдар өздерінің табиғи ерекшеліктерін, әсіресе азиялық көз пішінін «кемшілік» деп қабылдап, заманауи сұлулық трендін таңдап жатыр. Ал сол заманауи тренд қазақтың «көзін кіртитіп» жатыр. Қазақ ұғымында «көзі кіртиген» деген сөз ешқанаш сұлулықтың белгісі болмаған. Бұл аурудың немесе көп жылаған көздің белгісі ретінде қабылданады. Халқымыздың эмпирикалық медицинасы мен танымында керісінше, бұл — адамның ұзақ ауырғанының, ашыққанының, ұйқысыздықтан қалжырағанының немесе ішкі ағзасының сыр бергенінің, яғни дәм-тұзы таусылуға жақындаған аурудың басты белгісі. Ал бүгінгі таңда мыңдаған замандастарымыз, әсіресе, қыз-келіншектеріміз, апаларымыз да бар, үлкен қаражат жұмсап, өз еркімен пышақ астына түсіп, ата-бабамыз шошына қараған осы «кіртиген көз» бейнесін қолдан жасатып жатыр.

Медициналық коммерцияланудың
қауіп-қатерлері

Сұлулықтың заманауи трендін таңда-
ғандарға дәлел ретінде блефароплас-тиканың медициналық асқынуларын айтуға болады. Себебі, блефаропластика нарығының шамадан тыс коммерциялануы салдарынан біліктілігі төмен мамандар пациенттің анатомиясын ескермей, «көзді барынша ашамыз» деп, қабақ астындағы табиғи май қабатын (периорбитальды майды) тым көп сылып тастайды. Медицинада бұл деформацияны «A-frame deformity» (батып кеткен көз) деп атайды. Отадан кейін көз ұясы тереңдеп, ішке батып, терісі сүйекке жабысып қалады. Нәтижесінде, адам жасармайды, керісінше, жүдеу, нұрсыз әрі дәл халық айтқандай «кіртиген», аурушаң қалыпқа түседі. Табиғаттың шаң-тозаң мен суықтан қорғау үшін азиялық нәсілге берген қалың қабақ қорғанысы осылайша жасанды түрде жойылады. Осы ота кесірінен адам қайтыс болған жағдай да орын алған.
Дегенмен, блефаропластиканың жағымды тұстарын да жоққа шығаруға болмайды. Кейбір жағдайларда, жоғарғы қабақтың салбырауы (птоз) адамның көру қабілетін шектеп, көздің тез шаршауына әкеледі. Мұндай жағдайда медициналық көрсеткіштер бойынша дер кезінде ота жасату — өмір сапасын жақсартудың жалғыз жолы. Мен білетін екі ер азамат сол птоздан құтылу үшін ел аман, жұрт тыныш, блефаропластика деген шықпай тұрған 90-шы жылдары осы өзіміздің облыстық ауруханада, ұмытпасам, Белошапкин деген көз дәрігеріне операция жасатып, үстіңгі қабақтарын тарттырып алғанын білемін.
Алайда, қазіргі статистика бұл отаның 80%-дан астамы тек эстетикалық, яғни тренд қуу мақсатында жасалатынын көрсетеді. Сондықтан, шынайы медициналық қажеттілік пен сұлулық индустриясының құрбаны болудың арасындағы шекараны нақты ажырата білу керек.
Блефаропластика — заманауи меди-цинаның жетістігі болғанымен, оны жаппай қолдану қоғамның психологиялық және мәдени тұрғыдан осалдығын көрсетеді. Адамдар пышақ астына түспес бұрын, сыртқы жарнамаға емес, табиғи заңдылықтарға құлақ түруі тиіс. Осы маған керек пе? – деген сұрақболуы керек сияқты.
Бет сұлулығы әртүрлі болады ғой. Қазақта ботакөздер, бадам көз (миндаль), балық көз деген ұғымдар бар. «Ботакөз бен бадам көздің табиғи әсемдігін блефаропластикамен жойып, «балық көз» бен «кіртиген жанарды» сұлулық тренді деп қабылдау — рухани және эстетикалық дағдарыстың белгісі ме?» деп ойлаймын.
Қаптаған жарнамалар әсерінен нағыз сұлулықтың символын білдіретін көздер блефаропластика арқылы қазақ шошына қараған осы «кіртиген көзге» айналып жатыр. Сонымен қатар, сәтсіз немесе шамадан тыс жасалған оталардан кейін қазақ танымындағы тағы бір суық ұғым — «балық көз» феномені пайда болды. Қабақ терісі тым қатты тартылып, көздің ағы шамадан тыс ашылып қалғанда, көз жанары өзінің жылуы мен жарқылынан айырылып, балықтың көзіндей бақырайған, суық әрі жансыз күйге түседі. Ботакөздің мөлдірлігі мен бадам көздің сырлылығын жойғандар нәтижесінде «балық көз» бен «кіртиген жанардың» иесіне айналып шыға келді.

Түйін:
Қорыта айтқанда, пышақ астына түспес бұрын, сыртқы жарнамаға емес табиғи заңдылықтарға құлақ түру керек. Жараса ма, жараспай ма? — деген сұрақ болғаны дұрыс. Сұлулық — біркелкі «инкубаторлық» бейнеде емес, әр ұлттың, әр адамның қайталанбас ерекшелігінде. Өз болмысымызды жоғалтпай, табиғи жанардың нұрын сақтап қалу — қазақ қыздарына керек-ақ! Сіз бұған не дейсіз?

Баян Таңатарова

«Алатау»