Ауруханада жатқан балалар да сыйлық алды

200

«Балаларды қорғау күні» деп белгіленген елеулі күнді барлық бала асыға күтеді. Бұл балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын күтетін басты мерекелердің бірі. Жаздың жаймашуақ алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекенің тарихы әріде. Әлем назарын бүлдіршіндердің құқығын, өмірі мен денсаулығын қорғауға аудару мақсатын көздейтін халықаралық мерекенің маңызы зор. Сондықтан да, бұл мерекені тойлаудан еш бала шет қалмауы тиіс.

Балаларды қуантқаннан артық не бар, бұл өмірде? Олардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, алаңсыз бақытты балалық шағын тамашалағаннан артық ғажап нәрсе болмас. Баланы қуанту – әлемге шуақ шашумен тең.
Өйткені, балақайлар – болашағымыздың баянды жолы, өміріміздің мәні, көңіліміздің сәні. Балаға жасалған бар жақсылық болашақ жолындағы ұлы іспен тең десек, келісерсіздер.
Биылғы мереке Балалар жылымен астасып келіп отыр. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақсу аудандық орталық ауруханасында мерекелік іс-шара өтті. Аурухана директоры бастаған ұжым мүшелері стационарда ем алып жатқан барлық баланы мерекесімен құттықтап, арнайы сый-сияпат көрсетті.
Мерекелік шарада бас дәрігердін орынбасары А. Жайнарбекова, директордың ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары А. Смағұлова балалар дәрігері А. Адиманова, бас медбике М. Арғынбаевалар ақжарма тілектерін білдірді. Өз сөздерінде олар бұл мерекенің балалар мен ата-аналар үшін ерекше мәні бар екенін атады. – Өйткені Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланды. Барлық кішкентай балғындарымызды осы шуақты мерекемен құттықтаймыз. Денсаулықтарыңыз мықты болсын, – дей келе балаларға арнайы дайындаған сыйлықтарын табыс етті.

Ақсу аудандық орталық ауруханасының баспасөз қызметі.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ