Емдеудің заманауи әдістері

225

Талдықорған қаласындағы  облыстық ауруханада  медицина ғылымдарының докторы,  ішкі аурулар кафедрасының доценті, невропатолог-эпилептолог,  балалар неврологиясы  институтының директоры  Латина Текебаеваның қатысуымен  «Невропатолог-терапевт тәжірибесіндегі амбулаторлық психиатрия»  атты   дөңгелек үстел өтті.

Облыстық аурухананың  невропатолог дәрігері,  неврология бөлімінің меңгерушісі  Индира Серікболованың  ұйымдастыруымен өткізілген шараға аудандық және қаладағы ауруханалардың терапевтері мен невропатологтары қатысты.

Шара  барысында  Индира Тоқтарқызы  талқыланатын мәселенің маңыздылығына тоқталды.  Әсіресе,  коронавирустық пандемия кезіндегі проблеманың өзектілігін атап өтті. Бүгінгі таңда халықтың  33,7  пайызы  мазасыздықтың кез келген түрінен зардап шексе,  миокард  инфарктісінің немесе жедел коронарлы  синдромның қаупі  басқа кезеңдермен салыстырғанда 4,74 есе жоғары екенін айтты. Мұндай науқастардың көбі невропатологқа жүгінетінін, сондықтан дифференциалды диагностика қажет екенін атап өтті.  Бұл жағдайда адамдарға невропатологтар мен психиатрлар  ғана көмектесе алады.

Өз сөзінде дәрігер әріптестеріне нақты диагностикалық алгоритмді ұсынды, шұғыл ауыр патологияларды анықтау тәжірибесімен бөлісті, неврологиялық науқастарда қандай жалпы психикалық ауытқылар кездесетінін айтты. Сондай-ақ, Индира Тоқтарқызы жиналғандарды невропатолог қандай нозологияларды емдей алатынын  және адамды қай кезде психиатрға жүгінуге көндіру керектігі туралы да хабардар етіп,  науқастардың өмір сүру сапасын төмендететін депрессияны емдеу қажеттігін  де тілге тиек етті.

Ал, психикалық ауруларды емдеудің инновациялық әдістері туралы Латина Текебаева таныстырды. Ол психиатрия мен неврологияның шекарасында нейробиологияның біліміне негізделген диагностиканың,  емдеудің және оңалтудың бірегей нейропсихиатриялық әдістеріне және клиникалық тәжірибедегі жаңа жетістіктерді батыл пайдалануға баса назар аударылатын нейропсихологияның гибридті пәні жатқанын атап өтті.  Тарихи тұрғыдан алғанда, нейропсихиатрияның болашағы клиникалық нейробиологияның соңғы жетістіктері контекстінде деген  Латина Айжанқызы  балалардың нейропсихиатриясына қатысты  да біраз мысал келтірді.  Қазақстандағы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметінің мәліметінше, 3820 балаға  аутизм диагнозы  қойылған. Жалпы,  аутизммен ауыратын балалардың нақты саны статистикадан айтарлықтай асып түседі екен.

Өз кезегінде Латина Текебаева Үндістанда, Францияда, Италияда, Чехияда жүргізілген бірнеше зерттеуге тоқталып,  нәтижесінде орталық жүйке жүйесінің бұзылыстары  кезінде кейбір клиникалық жағдайларды диагностикалау және түзету үшін аппаратты қолданудың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы айтты.

Талқыланған мәселе  конференцияға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Шара соңында әр қатысушы толғандырған сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

Дәрігерлердің  бұл кездесуі әрбір өңірден жаңа мамандарды дайындау үшін маңызды әрі қажет. Себебі, олар   тәжірибе алмасады, заманауи емдеу әдістерімен танысады. Салдарынан  науқастарға медициналық көмек көрсету сапасы да артады.

Талдықорған қаласындағы облыстық

аурухананың баспасөз қызметі.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ