Жалақы алмаған жyргізушілер жайы не болмақ?

32

Талдықорғанда қоғамдық көлік жүргізушілері 4 айдан бері жалақысыз жұмыс істеп келген. «Күнде ертең жалақыларыңызды аласыздар» деген құрғақ сөзге малданып осы уақытқа дейін шыдап келген. Алайда еш нәтиже болмаған соң 70 шақты автобус жүргізушісі бірауыздан келісіп, жолаушы тасымалдаудан бас тартып, наразылық қа шықты.

Берікбек Қасымбекұлы: «Қаңтар айынан карточкалық жүйе енгізілгеннен бері бізде жалақы жоқ. Бір тиын да бермейтіндей соншама қаражаттың бәрі қайда кетіп жатыр? Біздің де үйде күтіп отырған бала-шағамыз бар. Оларға қарайтын бет те жоқ. Еркек басыңмен үйге табысыңды апармасаң, таңғы бестен кешкі тоғызға дейін маңдай термен атқарған жұмыстан не қайыр бар? Басымызда несиеміз тағы бар, қазір қарызға белшеден батып қалдық. Әрі медициналық сақтандыру, зейнетақы қоры да жүргізілмей келеді. Індеттің өршіп тұрған уақытында ауруханаға барған жағдайда жағдайымыз не болады. Осыны неге ойламайды, басшылар?! Карточкасыз түскен ақшаны аламыз. Ол 1500-2000 теңгеден аспайды».
Нұрдәулет Түндебайұлы: «Күндік жұмысымыздың әр сағатына 258 теңге төленеді. Сонда осы соманы сегіз сағатқа қосып, 15 күнге көбейткенде 30968 теңге шығады. Ең төмен жалақы қатарына да кірмейді. Одан салық ұстаған кезде қолыңа жиырма мың теңге шығады. Бірақ, сол ақшаға да қол жеткізе алмай қалдық қой».
Ал автобус жүргізушілерінің айтқан назына қатысты басшылар не деді?!
Болат Тілеубайұлы, жолаушы тасымалдаушы компанияның бас директоры: «Талдықорған өте кішкентай қала. Карантиндік талаптарға байланысты, оқушылар оқымайды. Сондықтан оқушылардан бөлінетін субсидия жоқ. Оқушылардың арқасында осы күнге дейін жұмыс істеп келдік. Карточкалық жүйеден түскен пайда ГСМ-ге ғана жетеді. Қазіргі таңда қаржыға байланысты комиссия құрылды. Нақты бүгін ертең береміз деп айта алмаймын» .
Қанат Хамитжанұлы, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Бізге белгісіз, ішкі себептермен жалақы төленбеуде. Осы мәселе бойынша әкім де, прокуратура өкілдері, еңбек инспекциясының өкілдерімен «Жанел» және «Ақ-нар» мекеме басшыларымен жиналыс өткізіліп, тексеріс жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілді».
Осы күні он бір бағытта жүретін қоғамдық көлік қызметін атқармады. Соған байланысты, қарапайым халық такси қызметін пайдаланып, шығын шығарған. Ал, кейбір жандар қоғамдық көліктің жұмыс жасамағанын білмегендіктен екі сағат бойы уақытын автобус күтумен өткізіпті. Қалай десек те, бір жалақымен отбасын асырап отырғандардың төрт ай бойы еңбекақысын алмауы сұмдық қой. Айтыңыздаршы, сонда бұл мәселенің де түйіні тарқатылмай, жабулы қазан күйінде қала бере ме?!

Ардагүл ӘСКЕРБЕК

Бөлісу: