ҰБТ-дан шу шықты

1447

21 маусымнан бастап еліміздің барлық аймақтарында Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Білім сынағы 5 шілдеге дейін жалғаспақ. Бүкіләлемдік пандемияға байланысты биылғы жылы санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақыланып, тест тапсырушы 5 кезеңдік дезинфекциялаудан өткен соң ғана тестілеу ғимаратына кіргізілді. Мұнда олар арнайы тоннельден өткізіліп, аяқ киімдері мен қолдары тазартылып, дене қызуы өлшенді. Бұдан кейінгі кезекте талапкердің өзі тағып келген медициналық бетпердесі жаңасымен ауыстырылып, арнайы бағдарлама арқылы бет әлпеті тексерілді. Әрі қарай аудиторияға алып кіруге рұқсат етілмейтін заттардың бар-жоғы анықталған соң ғана, арақашықтық сақталған орындарға отырғызылды. Дене қызуы көтерілген түлектер сынақ алаңына кіргізілмеді. Оларға тест тапсыру үшін қайтадан арнайы уақыт берілмек.Сонымен қатар, биыл ата-аналар жылдағыдай ғимарат сыртында күтпей, онлайн бақылауға мүмкіндік алған.
Алайда бақылау қаншалықты күшейтілгенімен, тестілеудің алғашқы күнінен бастап шу шыға бастады. Бірнеше кезеңдік тексерістен өтсе де, тест тапсырамын деушілердің арасында қулығын асырғандар да табылыпты. Кейбірі аудиторияға шпаргалка мен рұқсат етілмеген көмекші құралдарды алып кіргені үшін ҰБТ-дан шығарылған. Ұлттық тестілеу орталығы ондай талапкерлердің нәтижесі жойылып, бір жыл бойы тест тапсыру құқынан айырылатындығын мәлімдеген болатын. Бірақ тестілеудің үшінші күнінде түлектер үшін жағымды жаңалық жарияланды.
Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекованың мәлімдеуінше, тамыз айының 25-іне дейін тестілеу кезіндегі барлық бейнежазбаға талдау жасалып, тексерілмек. Егер тест тапсырушының тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда оның нәтижесі жойылады, бұған сәйкес гранттың нәтижесі де жойылуы мүмкін.Бірақ, ҰБТ-ға кіргізілмеген немесе нәтижесі жойылған талапкер ҰБТ-ны 2020 жылдың қаңтарында тапсырған болса, онда сол сертификат арқылы ЖОО-ға ақылы негізде (шекті балл жиналған жағдайда) түсе алады.
Дегенмен, қулығын асырып, аудиторияға шпаргалка немесе түрлі гаджеттерді алып кірмекші болған оқушылардың нәтижесі жойылып, тестілеуге жіберілмеді. Енді оқушылардың ата-аналары балаларын қорғап азар да безер. Тест сұрақтарына өзгертулер енгізіліп, жаңа сұрақтар қосылғанымен, жылдағы ереже де, тәртіп те біреу. 11 жыл бойғы оқушы білімі қосымша құралдардың көмегінсіз дәлелденуі қажет. Алайда бұл тәртіптің өзгермейтінін талапкер де, ата-ана да түсінгісі келмейтіндей. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Бөлісу:
ТегтерНЕГЕ?

ПІКІР ЖАЗУ