Жеңімпаздар марапатталды

0
1103

Түркітілдес журналистер қоры 2019  жыл – Жастар жылына орайластырып   «Жастар – елдің болашағы» тақырыбында  Қазақстандағы барлық  лицей, гимназия, жалпы білім беретін мектептердегі 2-11 сынып оқушылары арасында   республикалық  жас журналистер байқауын  өткізген болатын.

     Республикалық байқауға 140 бала қатысып, бақтарын сынаған.  «Үздік мақала», «Үздік жүргізуші», «Үздік фотосюжет» номинациялары бойынша ұйымдастырылған байқауға еліміздегі барлық облыс, аудан, аймақ, ауылдардан оқушылар қатысты. Олардың еңбектерін арнайы құрылған қазылар алқасы сарапқа салды. Аталмыш  байқауда үздік деп танылған жүлдегерлердің қатарында Алматы облысының да қос шәкірті  бар. Олар

     Көксу ауданына қарасты Қ.Жапсарбаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы  Меруерт Қойшы мен Талдықорған қаласындағы   №28 IT мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Алаш Мұхитұлы.

      «Jetisy Media» ақпараттық алаңында ұйымдастырылған  салтанатты кеште облыстық «Жетісу» телеарнасының  продюсері Гүлжан Қызайбай  байқауда орын алған оқушыларды құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.  Мұнан соң   «Үздік мақала» номинациясы бойынша бірінші орын алған  Меруерт Қойшы мен  «Үздік жүргізуші» номинациясы бойынша  бірінші орынды иеленген   Алаш Мұхитұлына Түркітілдес  журналистер қорының  арнайы  дипломын,  жүзден оза шапқан   қос шәкірттің   ұстаздары  Анар Жекебаева мен Майра Байболатоваға   қор  президенті Нәзия Жоямергенқызының атынан   жолданған  Алғыс хатын табыстады. 

     «Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы жастардың қолында. Сауатты, білімді, мейірімді де патриот жастар қалыптастыру – аға буынның міндеті. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп бекітілген еді. Осыған орай  Түркітілдес журналистер қорының   ұйымдастырумен оқушылар үшін осындай керемет байқау өткізгені үшін шексіз алғысымды білдіремін.  Және осы байқауда  біздің ауданның оқушысы, шәкіртім жүзден жүйрік шығып, бірінші  орын алғаны қуанышты жайт.  Ұстаз  үшін оқушысының осындай марапат алуының орны айрықша, салмағы  да басым. Шынымды айтсам, мерейің одан сайын үстем болып, ерекше шаттыққа бөленеді екенсің…

     «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – демекші, дарытқан білімің мен берген тәлім-тәрбиеңді, тәжірибеңді шәкірттерің өз санасына сіңіріп, осындай жетістікке жетіп жатса, ұстазға бұдан биік марапат бар ма?! Сондай-ақ,  біздің де еңбегімізді елеп, Алғыс хатпен марапаттаған  «Түркітілдес журналистер қоры»  ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызына да  шексіз алғысымды білдіремін»,  – дейді ұстаз Майра Байболатова.

      Байқудың басты мақсаты  – болашақ ұрпақты алға ұмтылдыру, дем беру. Айта кетейік, «Жас журналистер байқауы-2020» биыл қазақтың ұлы ақыны — Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының құрметіне арналмақшы.

  С.НҮСІП.

Кілтсөздер:ВОЛОНТЁР


ПІКІР ЖАЗУ