Үйде – ана, түзде – әкім
Өңірімізде ерлермен бірге иық тірестіріп жүрген әйелдер баршылық. Мәселен, Кербұлақ ауданындағы екі ауылдың әкімі – әйелдер. Ел басқару ісінде білім мен білігі жететіндігін дәлелдеп келетін әкімнің бірі – Дина АҚБАСОВА. Жұрт арасында жылы лебізге лайықты адам деуге болады.
Дина Ерасылқызы Қарашоқы ауылының тумасы әрі келіні. Отбасындағы сегіз баланың үшіншісі. Бүгінде бауырларының бәрі әр жақта қызмет етсе, ауылдан кетпей, туған жерінде орнығып қалған сол ғана. Мектепті бітірген жылы оқуға түсе алмай, ауылдағы балабақшада жұмыс істейді. Бір жылдан кейін Алматы қаласындағы ауылшаруашылық иститутының экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша білім алады. 1987 жылы ауылға қайтып оралып, әлеуметтік қызметкер болып еңбек жолын бастайды. «Алатын еңбекақым 3,5 мың сом еді. Оның өзінде қолға ақша емес, азық-түлік алатынбыз. Ауылда бірлі-жарым жекеге шығып жатқан шаруа қожалықтары болатын. Сол шаруашылықтардан ұн алатын едік. Осы тірлікке де қанағат етіп, жұмыстан қалмай жүріп, еңбек еттік. Одан кейін салық маманы болып ауыстым. Алғаш жұмысқа тұрғанымда ауылдағы халықтың саны 7 мың еді. Басшымыз Василий Палаев деген азамат болды. Сондай білікті басшы еді. Салық маманы болып жүргенімде бас маман етіп тағайындады. Содан кейінгі өмірім осы әкімдікпен тікелей сабақтасты.
Осы ауылдың азаматына тұрмысқа шықтым. Жолдасым Алтынбек Шыңғысбаев экономист-ұйымдастырушы болып еңбек етті. Өкінішке орай, қазір арамызда жоқ. Өмірден кеткеніне он жылдай уақыт болды. Құдай берген төрт баламыз бар. Бүгінде өсіріп баққан балалардан немере сүйіп, апа атанып отырған жайым бар.
Ал енді ауылдың әкімі болып 2015 жылдан сайландым. Осының бәрі адал еңбектің нәтижесі болар?! Өзіңіз білесіз, төрт жылдық өкілеттілік деген бар. Былтыр желтоқсан айында төрт жылым бітіп, биыл тағы сол төрт жылға әкім болып қайта сайландым… Елбасы Н. Назарбаевтың «Әкім халыққа жақын болуы керек, елдің тұрмысын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс» деген басты қағидатын ұстанып, ауылды көркейтіп, гүлдендіруге барынша күш салып келеміз.
Әкімінің негізгі міндеті – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту ғой. Ендеше, қолымыздан келгенше халыққа берген уәдемізді уақытылы орындауға тырысамыз» – деген Қарашоқы ауылдық округінің әкімі Дина Ерасылқызы әңгіме желісінде осы жасына дейін мынау ердің яки әйелдің жұмысы деп бөлмегендігін, ауылының әр тасы, әр талы қымбат екенін де айтты.
Әкіммен әңгімелесуде көп дүниені аңғардық. Ең алдымен, әкім болу әркімнің қолынан келе бермейтіндігі. Әсіресе, қазіргі заманда. Себебі, халық сауатты, Үкімет талапты. Басты меже – отыздыққа ену. Бәсекеге бой түзеп, билігіңді жүргізу үшін еңбегіңмен жиған беделің болуы керек. Оған қоса, адамдық ар тазалығы, асқақ рух аса қажет. Міне, осы құндылықтардың бәрін Дина Ерасылқызы бойына жинай біліпті.
Әңгіме желісінде ол: «Ауылды түлетуіміз керек. Бұл ретте Ұлт Көшбасшысының әркезде жарияланған бағдарламалық мақаласындағы талаптарды орындаудың маңызы ерекше» – дей келе, жұмысыңды дұрыс жасасаң көре білетін, халықтың айтқан ұсынысымен алдына барсаңыз шешіп беруге тырысатын аудан әкімі Махаббат Сәдуақасұлының да еңбегін даралап айтып өтті. Мәселен, ауылдағы Өнер мектебі тікелей аудан басшысының араласуымен қайта бой тіктеп, 27 адам жұмыспен қамтылыпты. Бүгінде мектепте 17 үйірме жұмыс істеуде, онда 130-дан аса бала өнерлерін шыңдау үстінде екен.
«Еңбек ескерусіз қалмайды» демекші, аудан басшылығы Дина Ерасылқызының жылдар бойғы еңбегін бағалап, «Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы» атағын беріпті.
«Түзде қанша жерден әкім болсам да, үйде әйелмін, анамын» деген Дина апай өзіне тән жайдарлы мінезімен, жылы жүзімен, әдемі әңгімесімен адам жанын бірден баурап алар қасиетімен ерекшеленді. Жақсы басшы елдің тірлігі мен берекесінің сәнін келтіреді. Олай болса, ауыл әкімі Дина Ақбасова осындай жан.
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ
КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫ